Жаңалықтар

Казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы 1 трлн теңгені құрайды

Казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы 1 трлн теңгені құрайды
Фото: facebook.com/nartai.sarsengaliyev 02.06.2023 16:28 4001

Бүгінде лудомания қоғам дертіне айналып бара жатқаны рас. Бұл адамдардың тұрмыс деңгейін былай қойғанда, қаншама шаңырақтың ойрандалуына да әкеп соғуда. Елімізде ажырасқан 10 жұптың жетеуі осы лудоманияның салдарынан екі жаққа кетеді екен, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы келтірген дерек бойынша, бұл індет оқушыларға да жеткен. Бұл туралы Семейде өткен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Қазақстанда 700 мың оқушы онлайн букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарында кемінде бір рет бәс тіккен. Жарнамасы сұмдық бұлардың, биыл онлайн құмар ойынды жарнамалаған 1783 интернет ресурс бұғатталған. Бұдан бөдек бір қазақстандықтың букмекерлік кеңселер мен казинолар алдындағы қарызы орта есеппен 10 миллион теңге, - деді депутат.

Сонымен қатар еліміздегі букмекерлік кеңселер мен казинолардың бір күндік қаржылық айналымы 3,5 миллиард теңгеге жеткен. Бүгінде казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы 1 трлн теңгені құрайды.

Мәжілісмен мынадай қорқынышты статистиканы мысалға келтірді:

  • Қазақстандағы казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы:
  • 2020 жылы - 89 миллиард теңге.
  • 2022 жылы - 500 миллиард теңге.
  • 2023 жылы - 1 триллион теңгеден асады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықты психологиялық дерт деп санайды. Мамандар мұны емдеу оңай еместігін алға тартады. Ойынқұмарлықтың кезеңдері болады екен. Яғни дәл маскүнемдік пен нашақорлық секілді.

Бастапқы. Бір қарағанға, аса күрделі емес көрінеді. Адам ойындарға тәуелді болады, ол адамда жаңа қызығушылықтар пайда болады: спорттық жарыстарға бәс тігеді, интернет-казинодағы слоттар және т.б. әуестеніп жүреді.  

Екінші. Адамның ойындарға тәуелді кезеңі. Мысалы, казиноға ұзақ бармағанда адам тітіркенгіш, ашуланшақ болады. Ойынқұмарлықты осы кезеңде емдеуді бастау ұсынылады.

Үшінші. Қорытынды кезең, адамның бар назары ойында. Ондайда ойындағы нәтиже де аса маңызды емес. Отбасы, сүйікті іс, достар, жұмыс та қалады. Бастысы процесс.

Нартай Аралбайұлы келтірген дерек бойынша, әрбір адамды лудоманиядан емдеу үшін кемінде 5 ай қажет. Ал емнің әр айына 600 мың теңге жұмсау керек. Бірақ бұл да нәтиже бермеуі мүмкін. Себебі емнен кейін де бәс тігуге қайта кірісіп кететітіндер аз емес.

Жақында Мәжілісте депутат Руслан Берденов 2022 жылы суицид жасаған 3 676 адамның әрбір бесіншісі құмар ойындарға тәуелді екенін айтқан болатын.

Соңғы деректер бойынша, елімізде қазір жеті казино мен 30 букмекерлік компанияның ғана лицензиясы бар. Өзге онлайн интернет казинолар мен түрлі ақшалай ұтыс беретін онлайн ойындар ресми тіркелмеген. Сөйте тұра олардың саны артпаса, кемитін емес.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров букмекерлік кеңселерді толықтай жабу керек деп санайды. 

Егер біз бұл бизнесті тоқтатсақ, одан кедейленіп қалмаймыз, керісінше, ұтамыз. Бұл ар мен намыс мәселесі, - деді ол. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға