Kazinform-ға 105 жыл: ғасырлық тарихты сөйлеткен фотожәдігерлер көпшілікке ұсынылды
Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің 105 жылдық мерейтойы аясында фотокөрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Шара барысында агенттіктің тарихы мен түрлі кезеңдегі мұрағаттық суреттері жұртшылық назарына ұсынылды.


El.kz Арман МҰХАТОВ
Агенттіктің продюсері Қаламқас Әбуованың айтуынша, бұл шараның маңызы ерекше:

105 жыл ішінде алғаш рет осындай көлемді тарихи фотокөрме өтіп отыр. Бұл – мемлекеттің бізге деген көзқарасы ғана емес, өзіміздің болашағымызды ойлауымыз. Көрермендер архивтен алынған сирек суреттер арқылы ата-әжелерін, олардың сол кездегі өмірін, еңбек жолын көруі мүмкін. Бұл – ел тарихымен бірге өрілген Қазақпараттың да шежіресі, – деді ол.
Көрмеге агенттіктің қорындағы 23 780 фотосуреттің ішінен іріктелген 180 туынды ғана ұсынылды. Солардың арасында 1938 жылға тиесілі ерекше кадрлар да бар.

El.kz Арман МҰХАТОВ
Менің таңғалдырған суретім – соғысқа дейінгі дайындықты бейнелейтін 1938 жылғы тарихи фото. Бұл тек бір көрініс ғана, ал қалғандары тұтас дәуірдің тынысын жеткізеді, – дейді Қаламқас Әбуова.
Оның айтуынша, көрмеге қойылған материалдардың басым бөлігі мемлекеттік архивтен алынған. Себебі кеңес дәуірінде КазТАГ агенттігі үкімет құрамында болып, жыл сайын арнайы суреттерді архивке тапсырып отырған. Бұл еңбекте фототілшілердің рөлі зор.


El.kz Арман МҰХАТОВ
Көрмеге қойылған суреттердің ішінде Қарағандыдағы Кармет зауытының құрылысшылары, Алматы әуежайын салған жұмысшылар, Атырау балықшылары, Жетісу еңбеккерлері бейнеленген. Барлығы – ел тарихының бір бөлшегі, – дейді Әбуова.
Айтуынша, алдағы уақытта осы мұрағаттық фотосуреттер фотоальбом ретінде жарық көруі мүмкін. Сонымен қатар, оларды интернетке шығарып, көпшілікке қолжетімді ету жоспарда бар.


El.kz Арман МҰХАТОВ
Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің басқарушы директордың орынбасары, қазақ редакциясының бас редакторы Нағашыбек Алдан көрменің басты ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл суреттер жалпы халық назарына алғаш рет ұсынылып отыр.


El.kz Арман МҰХАТОВ
Соңғы екі жыл ішінде Ресей мен Қазақстан мұрағаттарында үлкен ізденіс жұмысы жүргізілді. Соның нәтижесінде он мыңнан астам фото мен құжат жиналды. Бұл жай суреттер емес, бұл – Қазақстанның соңғы жүз жылдағы өткені мен тарихының көрінісі. Мұнда соғыс пен соғыстан кейінгі кезеңдер де, индустриализация жылдары да, тәуелсіздік дәуірі де бар. Алматы мен Астананың құрылыс жылдары, елге еңбегі сіңген тұлғалардың бұрын-соңды жарияланбаған суреттері ұсынылды, – деді ол.
Нағашыбек Алдан көрменің негізгі маңызын да атап өтті:
Бұл – жай фотокөрме емес. Бұл – агенттік фототілшілерінің ғасыр бойы жасаған еңбегінің ерекше көрінісі. Бұл бүгінгі күн үшін емес, келесі ұрпаққа аманат ретінде ұсынылып отыр, – деді.
Экспозицияда ауылдан шыққан қарапайым еңбек адамдарынан сайланған депутаттардың суреттері, Түрксіб құрылысына қатысты сирек кадрлар бар. Алматы вокзалының алғашқы бейнелері де жұртшылық назарына ұсынылды.


El.kz Арман МҰХАТОВ
Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова агенттіктің 105 жылдығына арналған шарада Kazinform ұжымына ізгі тілегін жеткізді.

El.kz Арман МҰХАТОВ
Қазақпарат – журналистикаға қадам басқан жастардан бастап, осы салада еңбек еткен ардагерлерге дейін барлығына ыстық ұжым. Бүгінгі мерекелі сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Көрменің ашылуына үлес қосқан әріптестерге, достарға алғысымды білдіремін, - деді сенатор.
Депутат алғашқы фотоаппараттың пайда болғанына екі ғасыр ғана болса, Қазақпараттың жүз жылдан астам тарихы бар фотоқазынасы барын, бұл кез келген ақпарат құралында кездесе бермейтін ерекшелік екенін атап өтті.

El.kz Арман МҰХАТОВ
Сондықтан сіздердің ұжымдарыңызға ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрқашан еліміздегі беделді, белді ақпарат құралы болып қала беріңіздер, – деді сенат депутаты Айнұр Арғынбекова.
Көрмедегі ерекше жаңалықтың бірі – QR-код жүйесі. Әр суретке бекітілген код арқылы келушілер оның толық тарихымен таныса алды және көрермендерге сұрақтар қойылып, сыйлықтар үлестірілді.

