Жаңалықтар

Қазақтан шыққан тұңғыш балерина

Нұрсұлу Тапалова
Қазақтан шыққан тұңғыш балерина
11.01.2017 11:12 10829

Қазақтан шыққан тұңғыш балерина – Нұрсұлу Тапалова Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүние келген. Ол небәрі 24-ақ жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі деген атаққа ие болған дарында биші.

Ахмет Жұбанов Ойыл ауданына гастрольдік сапармен барғанда 11 жасар кішкентай Нұрсұлудың дарынына тәнті болып, оған кәсіби білім алуға жол сілтеді. Нұрсұлу Топалова өз естелігінде: «Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінен іріктеліп, он үш жасымда Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанындағы би мектебіне түскен едім. Сонда Күләш Байсейітованың қамқорлығында жүріп, Шара апайдың да көмегін көп көрдім. А.Александров, Г.Уланова, Е.Лифанова, Ю.Ковалев сияқты өнер иелерінің де биші болып қалыптасуыма әсері тиді», – деп жазады.

Ол қазақ сахнасының жарық жұлдызына айналып, бар өмірін биге арнады. Оның басты байлығы – Алланың берген өнері еді. Болат Аюхановтың «Менiң балетiм» деген кiтабында: «Нұрсұлу – бисiз өмiрiн елестете алмайтын нәзiк жан. Ол Галина Улановамен «Бақшасарай бұрқағында» Заремнiң рөлiн ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледi. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биiн көрiп отырып биге елiтiп кетпеу, ғажайып сұлу биiне қарай отырып, оның тартымды әсерiне ерекше бой алдырмау мүмкiн емес. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлi классикалық би өнерiнiң толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшiмен жеңе бiлдi. Ол қиындығы мол ерекше тәсiлдердi бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзiк сезiмдерiн көрерменге айырықша жеткiзе бiлдi. Бұл бишi нағыз ұлтының бағына жаралған», – деп жазды.

Расында қазақтың маңдайына біткен дара қызға қызғана, қызыға қараған жандар көп болды. Жасынан өнерге деген өлердей махаббаты оны биік шыңдарға жетелегенімен, оның жанына зіл қара тас салған замандастары да кездесті. Сөйтіп, балерина 1953 жылы театрмен қоштасып, Жамбыл атындағы филармонияға жұмысқа кіріп, ол жерде де өзінің би өнерінде тұғыры биік жан екенін дәлелдей білді.

Нұрсұлу апамыз туралы «Тұңғыш балеринамызды бағалай алдық па?» деген мақаласында Айдар Жоранов: «Тағдырдың жолы бұралаң ғой, 1953 жылы 30-ға жаңа толған бишi театрдан кетiп тынады. Нұрсұлудың талантына тағзым ететiн Болат Аюханов бишiнiң үлкен сахнадан тым ерте кеткенiн алай мәрте айтты да, жазды да. Алайда естiр құлақ, көрер көз болмады. Театрдағы қызметiнен қол үзген соң ән-би миниатюрасы жанрын жаңғыртып, эстрадаға ауысқан бишi Жамбыл атындағы филармонияда да еңбек еттi. Филармонияда сол кездегi Кеңес одағы мен демократиялық республикалардың ән-би ансамбiлiнiң жеке бишiсi ретiнде жұмыс атқарды. Сондықтан да таланты асқан бишiнiң репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан сынды ұлттардың билерi көп болды. Өзiне бекiтiлген рөлдi кәсiби деңгейде, жоғары дәрежеде сахнаға алып шыққан қазақтың мың бұралған талшыбықтай бишiсiн Кеңестер одағы ғана емес, әлем таныды. Мәскеуде өткен қазақ әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгiнде Нұрсұлу бишiнiң   көрерменнiң ыстық ықыласына бөленгенiн одақтас республикалардың баспасөзi жарыса жазып, кеңiнен дәрiптедi. Әсiресе, әзiрбайжанның ұлттық биi “Джуджәдәрiмдi” үйiрiп әкеткенде қазақ қызының асқан шеберлiгi талайдың таңданысын туғызды» – деп жазады.

Нұрсұлу Тапалова апамыз қазақ боксының атасы атанған Шоқыр Бөлтекұлымен отасып, өнегелi ғұмыр кешкенi белгiлi. Қазақ даласына бокс спортын әкелген Шоқыр туралы журналист Мейрамбек Төлепберген жазған «Шоқыр» деген кiтапта да бишi апамыздың әсем келбетi мен дара өнерi туралы айтылады.

Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бар, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – деген екен. Сонда Шоқыр атамызда кезінде барлық қағаздарға ов-ты алып тастап, ұлы деп жаздырған екен. Осыдан-ақ Шоқыр атамыздың қандай болғанын білуге болады.

Талантты биші Нұрсұлу Тапалова би өнерiнде өзiнiң өшпес iзiн қалдырған өнерпаз кино әлемiнде «Жамбыл», «Кино-концерт», «Белая роза» секiлдi картиналарға түсiп, артистiк қабiлетiн де көрсеттi.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға