Жаңалықтар

Қазақстан сән әлеміндегі 15 есім

Отандық фэшн-индустрия
Қазақстан сән әлеміндегі 15 есім
01.02.2018 21:50 23232

Қазақстанның фэшн индустриясы әлемдік деңгейден артта қалған деп жатады. Бірақ, сән әлеміне өз есімдерін жазып, тек елімізде емес, шетелдерде де танымал болып жүрген отандық дизайнерлеріміз баршылық. Олар кімдер екен?

Аида Кауменова (Aida KaumeNOVA бренді)

Aida KaumeNOVA брендінің іргесі 2006 жылы қаланды. Аида Кауменова әйелдер киімінің қазақстандық дизайнының бастауы болды. Қазірде ол тек елімізде ғана емес, ТМД мемлекеттерінде де қарқынды жұмыс істеп келеді. Брендтің өзіне тән романтикалық, нәзіктік, шығыс бояуы секілді бірнеше ерекшеліктері бар. Aida KaumeNOVA сән үйі өздерінің киімдерін pret-a-porter de lux секілді, яғни  люкс сегментіндегідей орналастырады.

Алексей Чжен (ALEX CHZHEN бренді)

Kazakhstan Fashion Week Қазақстандағы апталық сәнінің арт-директоры Алексей Чжен өз топтамасын 2003 жылы көпшілікке ұсына бастады. Бірақ, ALEX CHZHEN бренді тек 2014 жылы ғана құрылып, алғаш рет 10-мерейтойлы KFW сән апталығына қатысты.  Алексейдің бренді минимализм пішінімен, қанық сызығымен, ал кей кездері деконструктивизм элементтерімен дараланады. Дизайнердің ұстанымы: «қазақстандықтарды тек қазақстандық өніммен киіндіру».

Тамара Ламанукаева (Tamara Lamanukaeva бренді)

Жас дизайнерлердің Open Way ұлттық байқауына қатысқан Тамара өз брендін 2010 жылы өмірге әкелді. KFW үзбей қатысушысы, сондай-ақ Грозныйда өткен сән апталығына өзінің мұсылмандық топтамасын алып барды. Tbilisi Fashion Week және Azerbaijan Fashion Week-ке қатысушы Ламанукаева өз киімдеріне нәзіктік, сезімталдық пен әйелдер эротизмін береді. Оның киім үлгілерінен бостандыққа құмарлықты байқауға болады. Ол шілтер, былғары, органза, шифон мен мақта материалдарын қолданады. Tamara Lamanukaeva коллекциясы 25 пен 50 жастағы әйелдерге, орташа сегментке арналған.

Айгүл Қасымова (aigul’kassymova бренді)

1996 жылы кішігірім ательесін ашқан Айгүлдің бренді кейін келе қарқын алып дами бастады. Оның топтамасын KFW пен Mercedes Benz Fashion Week Almaty сән апталықтарынан жиі байқауға болады. Сол секілді дизайнер Париж, Милан, Ресей мен Түркіменстанда өткен әлеуметтік іс-шараларда өз брендін көпшілікке таныстырып жүр. Айгүл Қасымованың киімдері романтикалық, нәзік, сезімтал интеллектуалдарға арналған. Тек Қазақстанда емес, шет елдерде де сатылымға шығады.

Аида Маханбетова (AIMA бренді)

2014 жылы өткен Open Way жас дизайнерлердің байқауында финалға дейін жеткен  AIMA бренді KFW-тің тұрақты қатысушысы. Дизайнер Milan Fashion Week AW2016-2017 маусымы үшін италиялық MARIO DICE брендімін келісім-шартқа отырған. AIMA брендінің бетке ұстар киімі ретінде желеткелер есептеледі. Оның өнімдерін тек қазақстандықтар ғана, емес фэшн-пабликтегілер де жоғары бағалады. Аида Маханбетованың өнімдері, күрделі тігісімен, креативті фасонымен, ерекше декоративті қойылымдарымен дараланады.

Лария Жақамбаева (LaRiya бренді)

Дизайнер өз өмірін банк саласынан сән әлеміне келу арқылы басқа арнаға бұрды. Ол L'Istituto Marangoni (Милан) атты беделді мекемені тәмамдап шықты. LaRiya сән үйінің бірінші топтамасы осыдан он жыл бұрын көрсетілді. KFW мен Ресейдегі сән көрсетілімдеріне жиі қатысып, Лария Жақамбаева өз киім үлгілерін көпшілікке таныстырып келеді. Оның киімдерінен аса нәзіктік пен романтикалық үлгілермен қатар, готикалық және абстрактылы элементтерді байқауға болады.

Айнұр Тұрысбек (Ainur Turisbek бренді)

Айнұр Тұрысбектің сән үйі Қазақстан нарығында бес жыл бұрын пайда болды.  Бүгінде дизайнердің өнімдері тек елімізде ғана, емес Париж шоу-румдарында да сатылады. Айнұр 2016 жылы ELLE STYLE AWARDS-тің «Дизайнер жетістігі» номинациясы бойынша жеңіске жеткен. Брендтің негізгі концептісі – тура түскен геометриялық сызықтардан құралған философиялық қара түс. Айнұрдың сән үлгісі интеллектуалды және ерекше жандар үшін, сондай-ақ адамның ішкі әлемінің айнасы іспеттес. Оның киімдеріндегі былғары, тон, ішік пен байланған трикотаждар готикалық көңіл-күй мен граждың үйлесімді миксін көрсетеді. Ainur Turisbek әйелдер мен ерлер киімін шығарып қана қоймай, luxury-сегменті үшін аксессуарларды да өндіреді.

Ая Бапани (Aya Bapani бренді)

Ая киіз шеберлері Бапановтар отбасынан шыққан. Ол өз брендінің іргесін 2011 жылы қалады. Аяның өнімдерінен ұлттық ерекшеліктермен қатар, замануи стильді, тенгрий мәдениетінен сақ патшалығына дейінгі сұлулықты көруге болады. Негізгі материалдар ретінде киіз, жібек, органза мен жібек жіптермен өрілген мата саналады.  Киізге арналған жүн мен матаны арнайы Австралиядан алдырады. Ою-өрнектерді дизайнердің өзі ойлап тауып, суретін салады. Aya Bapani бренді luxury сегментіне лайықталған.

Камила Құрбани (Kamila Kurbani бренді)

Суретші Хашима Құрбанованың отбасынан шыққан жас дизайнер өз брендінің негізін 2010 жылы қалады. Ол әр жыл сайын KFW-ға, Ресейдегі, Париж бен Миландағы сән апталықтарына жиі қатысып тұрады. Kamila Kurbani бренді стильдердің араласуымен, яғни унисекске бағытталуымен ерекше. Ерлер мен әйелдер киімдерінің гендерлік теп-теңдігін басты назарда ұстайды. Оның өнімдерінің бағасы шамамен 10 мыңнан 150 мыңға дейін жетеді, яғни орта сегментке арналған.

Салтанат Баймұхамедова (Salta™ бренді)

«Trend&Tendance» агенттігімен бірлесе, Парижде өткізген бірінші топтамасынан кейін, Салтанат 2008 жылы өз дүңгіршегін ашты.  Salta™ бренді әйелдерге арналған капсулды топтамамен  KFW қатысушысы болып саналады. Осы маркада шығатын киімдер мен аксессуарлар casual стиліндегі микс пен креатив, бостандықпен үйлесетін еуропалық минимализмге бағытталған. Салтанаттың өнімдері орта сегменттік көпшілікке қол жетімді болып келеді.

Аяжан Жақсыбай  (AIKA ALEMI бренді)

Көпке танымал Лондондағы Scoop International көрмесіне ТМД елдері арасынан бірінші болып қатысқан, сондай-ақ, Paris Fashion Week-ке жолдама алған қазақстандық дизайнер. AIKA ALEMI өнімдері жеке тапсырыспен сондай-ақ, бірнеше даналық тапсырыстармен арнайы шығарылады. Ол жоғары сапалы киіз, жібек, мақта, әдемі шілтер мен матаны пайдаланды. AIKA ALEMI – тек аз ғана адамдарға белгілі, әр елдің бірнеше тұлғалары білетін бренд болып саналады.

Сергей Шабунин (SS, Ё9 бренді

Дизайнер 2005 жылы бақуатты әйелдер үшін SS маркасы мен жеке ателье-зертханасын ашқан болатын. Ал 2014 жылы жас аудиторияға арналған Ё9 деп аталатын екінші маркасын іске қосты. SS маркасы көпқабаттылығымен, келіспейтін түстер мен маталардың үйлестірілуімен ерекшеленді және ол талғампаз жандарға арналған. Ал Ё9 маркасы батыл бүлікшілдер мен өзінің жеке ойы бар, табанды, әлемге өз көзқарасы бар жастар үшін. Сергей Шабуниннің кез келген киімі сән трендінде жүретін жандарға лайықталған. Дизайнер KFW-тен бөлек, Париж, Милан және ТМД елдеріндегі сән апталығында өз топтамасын шығарып келеді.

Динара Абдуллина (SAMIDEL’ бренд)

SAMIDEL’ бренді 2012 жылы құрылды. Бұл марканың өзіне тән ерекшелігі – ұлттық нақыштарды бүгінгі күннің маңызды үлгілері мен нәзік гүлдерді декорациялы бұйымдармен үйлестіре алуында. Дизайнер әр жыл сайын KFW-ке қатысып тұрады, сол сияқты Динара Абдуллина Ресей, Әзербайжан, АҚШ пен Малайзияда өткен түрлі іс-шараларға қатысып үлгерген. Бұл дизайнердің киімдерін бақуатты әйелдер ғана емес, орта тап өкілдері де сатып ала алады.

Алена Полянская (PoAlen бренд)

2012 жылы дизайнердің аты-жөнінің алғашқы әріптерінен құралған бренд жарыққа келді. 2014 жылдан бастап дизайнер KFW-ке қатысып келеді, сол секілді Сеулде өткен халықаралық байқауда жүлделі екінші орынды жеңіп алған. PoAlen стиліндегі қыздар өздеріне сенімді көрінеді. Бренд орта мен люкс сегментіне лайықталған.

Әсел Нүсіпқожанова (Assel бренді)

Institute Marangoni-ның бітірушісі жас дизайнер алғашқы Mestiere топтамасының арқасында өзінің Assel брендін өмірге әкелді. Әсел Ұлыбритания төрінде әр жыл сайын өтетін London Fashion Week аясында ұйымдастырылатын International Fashion Showcase көрмесіне қатысқан. 2016 жылғы  ELLE STYLE AWARDS-те «Жаңа есім/сән» атауы бойынша жеңіске жетті. Дизайнердің топтамасынан Орта Азияның мәдениеті мен кілемдердегі өрнектерді анық байқауға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға