Жаңалықтар

Қазақстанның орыс тілді заманауи әдебиеті

ХХІ ғасырдың ақындары мен жазушыларын білесіз бе?
Қазақстанның орыс тілді заманауи әдебиеті
25.08.2018 14:07 8138

Қазақстанның орыс тілді ақындары мен жазушылары жаңашылдыққа ұмтылып, ХХІ ғасырдың негізгі індеттері – жалғыздық, әйелдердің жеке бас проблемалары, сенімсіздік, ақпарат әлемінде өзін-өзі жоғалту секілді адамдардың бастан кешіп отырған жайсыздықтарын жүректерінен өткізіп, шығармаларына арқау етіп жүр.

Карина Сәрсенова – ақын, прозаик, сценарист

Карина Сәрсенова – көптеген халықаралық әдебиет сыйлықтарының жеңімпазы, Ресей жазушылар одағының мүшесі, «Еуразиялық шығармашылық одағының» президенті. Ол 19 кітаптың авторы. Қазақстан, Ресей мен Қытайға танымал ақынның продюсерлік орталығы да бар. Сәрсенованың «Песня сердца», «Навстречу», «Веселенная любви», «Взгляд сквозь небо», «Вдохновение жизнью» жыр жинақтары, «Жизнь для тебя» мистика-эзотерикалық шығармасы, «Хранители пути» романы, «Дыхание пустоты», «Всевластие пути» кітаптары жарық көрген. Сол сияқты «Алма и Арман: магия любви», «Обратная сторона сердца» және «Подпись» мюзиклдердің сценарийін жазған. Карина жаңа әдебиет жанры неоэзотерикалық фантастиканы қалыптастырды.

Аян Құдайқұлова – прозаик

Аянның алғашқы кітабы 2011 жылы жарық көрді. Ол 2013 жылы туындысы ең көп сатылған авторлардың біріне айналды. Құдайқұлованың жанры – өткір әлеуметтік және психологиялық проза. Оның шығармашылығында көп әйел алушылық, отбасы – ошақ қасындағы түйіні тарқатылмай жатқан мәселелер, ажырасу сынды көптеген бүгінгі күннің басты тақырыптары көтеріледі. Ол осы қоғамдағы әйелдің орнын іздейді. Қозғаған тақырыптарының салмақтылығына қарамай, автор оқырмандарды тез-ақ баурап әкететін жеңіл тілмен жазады. Оның көпке белгілі романдарының қатарына «Сумочка от Коко», «Колечко с сердоликом», «Эйфелева башня», «Садовник для одиноких дам» жатқызуға болады.

Ильмаз Нұрғалиев – фантаст

Ильмаз фантастика жанрында қалам тербеп жүрген жас жазушылардың бірегейі. Оны қалың оқырманға танымал еткен туындысы – «Дастан и Арман» сериясы. Мұндағы басты кейіпкер Дастан Арманай есімді қызды ұнатады. Оларды бала кезінде бір-біріне атастырып қойған. Десе де, қыздың әкесі жігітті сынау үшін қиын 7 тапсырма береді. Міне, кітаптың әр сериясы осы тапсырмаларға байланысты шығарылған. Дастан сол тапсырмалардың барлығын орындаса ғана сүйіктісіне қол жеткізе алады. Ильмаз Нұрғалиев миф пен аңыздардың желісінде тарихи тұлғалармен қатар, ертегідегі батырларды қатар алып жүреді. Қазақ әдебиетінде кездесетін аты көпке таныс кейпікерлердің барлығы бір кітаптан табылған. Айта кетерлігі елімізде осындай жанрды бұрын-соңды ешқандай автор қолға алмаған екен. Ильмаздың туындылары миф пен аңызды сүйіп оқитын өскелең ұрпақтың сүйікті кітаптарына айналып отыр (бір өкініштісі, кітаптың орфографиялық қателеріне ешкімнің мән бермегені).

Гүлбахрам Кургулина – прозаик

Гүлбахрам 2012 жылы заманауи әдебиетте есімі танылған автор. Оның сериялы романдары отбасындағы қиындықтар, қарым-қатынастың психологиясы, қос әйел алудағы мәселелерге арналған. «Байбише. Старшая жена», «Токал. Младшая жена», «Бессовестные снохи», «И свекровь бывает золотой» туындыларды қалың оқырманға ұсынған автордың басты кейіпкері – әйел. Әсіресе, қазақ әйелдерінің қиын өмірі, екінші әйел – «тоқалдың» мәселесі көтеріледі. Заманауи қазақ келіншектерінің махаббаты, бақытқа жету жолдағы көптеген қиындықтар мен отбасыдағы өзін-өзі танытуы секілді жайттар да шет қалмаған. Гүлбахрам Кургулина психологизм мен драмалық шиеленісті өз деңгейінде жаза алады.

Павел Банников – ақын, эссеист

Павел консерваторлық «Жазушылар одағының» оппозиционері, «Открытой литературной школе Алматы» атты поэзия семинарының жетекшісі, «Ышшо одын» антипериодтық басылымның негізін салушы.

Ол ақындардың бұрынғы дәстүрмен жазғанына қарсы. Қазіргі өлең шығарушылар өзіне дейін бір ғасыр бойы ешкім жыр жазбағандай толғанатындығына наразы. Банников қазақстандық орыс тілді жырларға битниктер поэтикасын (Гинзбергі пен Буковски), орыс андегранудын енгізуді мақсат тұтады. Жаңашылдықты көздеген автордың жырларынан алға ұмтылуды, сенімділікке талпынуды көруге болады. Ол бүгінгі заманауи қазақстандық жазушылардың жарып шығуына кеңестік цензура синдромы әсер етіп жатқанына еш күмән келтірмейді.

Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға