Жаңалықтар

Қазақстандық пайдалы подкасттар

Ақпарат алудың жаңа жолы
Қазақстандық пайдалы подкасттар
09.01.2019 18:51 9267

Подкаст (аудио-шоу) - соңғы жылдары жылдам дамып келе жатқан формат. Оның басқа медиа құралдардан артықшылығы бірсарынды жұмысқа (үй жинау, спортпен айналысу, көлік жүргізу және т.б.) әр беріп, танымды кеңейтеді. Егер подкаст әлемімен әлі таныс болмасаңыз, келесі подкасттарды тыңдап көруге кеңес береміз.

Тамаша жыл

Тамаша жыл - әзірге қазақ тілінде мотивациялық бағытта хабар тарататын жалғыз подкаст. Ендігі 80-нен астам сериясы жарық көрген подкастта жеке даму мен сенімділікті арттыруға бағытталған түрлі ақпарат табасыз.

“Бұл подкаст бүгін кешегі күннен жақсырақ болуға ұмтылу, позтивті ойлау, жаңа жаңалықтар мен идеяларға құмар болу жайлы”, - дейді подкастер Талшын Тоқыжанова, - “Менің мақсатым - тыңдарманға әр таңды қуана қарсы алып, күні бойы жақсы энергиямен жүруіне ықпал ететін тамаша аудиошоу ұсыну”.

FindyourB (“Найди в себе Батыра”)

FindyourB бойындағы потенциалды толық ашқысы келетін, бірақ айналадағы адамдардың реакциясынан ұялатын я қорқатын, десе де өз идеясын жүзеге асыруға шабыттандырып, қолдау болатын платформа іздеген жандарға арналған. Подкасттың әр сериясында өмірде өз жолын тауып, жетістікке жеткен қазақстандықтар өздерінің табыс тарихы жайлы сұқбат береді.

“Меніңше, бүгінгі батыр тек орасан күш пен мықты мінез иесі саналатын ұлттық қаһарман емес. ХХІ ғасырдың батыры - өз қағидаларына адал, өмірлік миссиясын анық білетін адам. Батыр өзінің мықты және әлсіз жақтарын жақсы біледі және айналасындағы адамдардың көңілін қалдырамын деп қорықпайды. Ең бастысы бүгінгі күннің батыры қыз, жігіт деп бөлінбейді”, - дейді подкаст авторы Қайыржан Әлбазаров.

Everydaybyday (“Ежедневные смыслы”)

Everydaybyday - TEDx-тің Қазақстандағы кураторы Лариса Пактың авторлық подкасты. Мұнда ол әр түрлі саланың білікті мамандарымен сұқбат құрып, идея бөліседі. Сондай-ақ қоғамдағы проблемаларды талқылап, олардың шешімін іздейді.

“Подкастты көлікте жалғыз келе жатқанда, серуенге шыққанда немесе ыдыс жуып тұрғанда тыңдағанды ұнатамын. Автор менімен ғана сырласып тұрғандай әсер аламын”, - дейді Лариса Пак, - “Everydaybyday де күн сайынғы сырласулардан туған философия”.

Один процент (1 %)

Один процент (1 %) подкастының авторлары Данияр Әбенов пен Жанар Рахметова әр салада табысқа жеткен жандармен сұқбат құрып, аудио форматта тыңдармандарға ұсынады. Сөз болатын тақырыптар алуан түрлі - денсаулық пен спорттан бастап, бизнес пен жеке дамуға дейін.

“Бәріміз табысты адамдармен әңгімелесіп, одан тәжірибе жинаудың маңызын түсінеміз. Өкінішке қарай, жұмыс пен үйдің ортасында жүгіріп жүріп, жаңа танысуларға уақыт болмай жатады. Себебі артылған уақыт жолға, үй жинауға немесе ас дайындауға кетеді. Сол істермен айналысып жүріп, пайдалы ақпарат алу керемет емес пе?!”, - дейді подкаст авторлары.

Суреттер подкасттардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға