Жаңалықтар

Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасы басталды

Бірегей жоба
Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасы басталды
07.06.2017 18:35 7928

«100 жаңа есім» жобасына өтініштер қабылдау басталды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі, «100 жаңа есім» жұмыс тобының тең төрағасы Дәурен Абаев хабарлады.    

«100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырды.

Жобаның басты мақсаты – Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту.

«100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру бірнеше кезеңдерден тұрады.

Бірінші – өтініштер қабылданады. Ол краудсорсинг негізінде жүзеге асады. Жобаға кез-келген үміткер қатыса алады.

Егер де сара жолы мен жетістіктері сізге үлгі болған, сізді шабыттандырған тұлғалар болса, немесе өзіңіз де сондай жандардың қатарынан болсаңыз қоғамға танытуға үлкен мүмкіндігіңіз бар.

Басты критерий – Тәуелсіз Қазақстанның көркеюіне қосқан үлесті көрсету.

Ол үшін 100esim.el.kz сайтына кіріп, өтініштің формасын толтыру керек.

Жоба сайтына келіп түскен барлық жарияланымдар оқырмандарға қол жетімді болады және әрбір қолданушы кейіпкерлер туралы материалдардан алған әсерін әлеуметтік желілерге жазып, көпшілікпен бөлісе алады.

Әрі қарай – жұмыс тобы мен сарапшы комияссия келіп түскен жұмыстарды қоғамдық пікірге сүйене отырып, іріктейді. «100 жаңа есім» жобасына лайық кейіпкерлер таңдалады.

Анықтама: Жобаны ұйымдастырушы «Қазконтент» АҚ.  100esim.el.kz. сайты El.kz интернет-жобасының базасында әзірленді.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға