Жаңалықтар

Қазақстан Кубогы кімге бұйырады?

«Шахтер» – «Атырау» мен «Қайрат» – «Ертіс» бақ сынасты
Қазақстан Кубогы кімге бұйырады?
16.06.2018 13:11 2874

Футболдан еліміздегі статусы бойынша екінші деңгейлі турнирдің жартылай финалдық кездесулері «Шахтер» – «Атырау», «Қайрат» – «Ертіс» командалары арасында өтті. Қарағанды стандионында қандай нәтиже тіркелді? Ал халық командасы Павлодардан келген футболшыларды қалай ұтты? Матчта болған қызықты сәттер туралы кеңінен айта кетсек...

Голсыз өткен матч

«Шахтер» – «Атырау»  0:0

Қос бапкерде ойынның статусына қарап, негізгі құрамды алаңға жіберді. Алғашқы минуттардан бастап, қонақтар қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. Корнерден келген допты Әблітаров баспен ұрып, қақпадан биік жіберді. Одан соң, Живкович Зеньковичке жақсы пас шығарған, шабуылшы Нұрыбековке асырды. Ал Айбардың тепкен добы өз дегеніндей шыға қоймады. Ендігі кезек алаң иелеріне ойысты. Мигуновтың қарқынды ойыны Логиновский қақпасына қауіп төндіре бастады. Бірақ, кипер артылған жұмысты ойдағыдай атқарып жатты. Нәтижелі шабуыл ұйымдастыруға бұрыштама да көмекке келе алмады. Допқа көбірек иелік етуді ойлаған Владимир Журавель шәкірттерінің ойын Жұматов бұзды. Қарымта шабуылға шыққан оны қорғаушы Пикалкин дер кезінде тоқтатпағанда, алғашқы гол көріп қалуымыз мүмкін еді. Шацкий қорғаған қақпаға төнген қауіп мұнымен сейіле қоймады. Марат Хайруллиннің тебуге мүмкіндігі болған, бірақ жартылай қорғаушы өз ойынан айнып, екінші қайтара соққы жасамақ болды. Оның жолын Ткачук жауып үлгерді.

Бірінші таймның аяқталуына бірер минут қалғанда «Шахтер» есеп ашуға жақын болды. Мигуновтың өткір пасын Суботич керегіне жарата алмады. Одан соң, Шахметов Наджарянға керемет доп берді, Геворг болса, оң қапталдан қақпа алдындағы Мангуткинді ойынға араластырды. Соңғысының соққысы қорғаушыдан кейін серпілді. Ильнур алғашқы ойын бөлігінде өте белсенді өнер көрсетті. Ол Кояшевичтен келген спорттық снарядпен қақпаның маңдайшасын көздеді. Лонгболлға барған Мигунов кері келе жатқан допты жерге қондырмай, соққы жасауға ниеттенген. Бірақ, ол допқа дәл аяғын қоя алмаған сыңайлы. Айып сызығының сыртынан Мангуткин соққы жасап көрген. Тағы да, хавбекке дәлдік жетіспеді. Бірінші таймдағы ойын осылай тең аяқталды.

Екінші таймда «Атырау» командасының бас бапкері Адриан Сосновский ойынды жандандыру үшін, сол қапталға серпін алып келеді деп Қалмұратовты алаңға жіберді. Осының арқасында қонақтарда керемет мүмкіндік пайда болған, бірақ Шацкий тамаша сейв жасап, жанкүйерлердің жүрегін орнына түсірді. Осыдан кейін «Шахтер» гол соғуға тағы бір жол іздеп жорыққа шықты. Корнерден де олардың бағы жанбады. Атыраулықтардың қорғанысы сыр беретін түрі жоқ. Қонақтар ендігі қос форвардпен ойнауға көшті. Алаңға тыңнан Бабатунде қосылды.  Матчтың соңына қарай, мұнайшылар есепте алға шығуға мүмкіндіктері болды. Неге екені белгісіз, алаң иелері қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, шабуылдауды мүлде ұмыт қалдырды. Игорь Шацкий бір-екі қауіптің бетін қайтарып, өз қақпасының кілтін ешкімге ұстата қоймады. Оның үстіне атыраулықтардың шабуылына да өткірлік жетіспегендей. Сонымен, бұл ойында таблоға өзгеріс енбеді. Қос команда да қарымта ойынға күштерін сақтап қалғандай. Атырауда өтетін ойында гол көретініміз анық. 90 минутта бір-бірін ала алмаса, көмекке қосымша жарты сағаттық келеді. Егер ол да жетпей жатса, әрине ойын соңындағы пенальтиге куә боламыз. Өткен жылғы жетістігін «Атырау» қайталай ала ма екен?

Капитанның ғаламат голы "Қайратты" жеңіске жеткізді

«Қайрат» (Алматы) – «Ертіс» (Павлодар) 2:0

Голдарды салған: Қуат, 7, Исламхан, 27

«Қайрат» командасы бұл жолы да легионерлерді ойынға қоспады. Алаңда тек қазақстандық футболшылар өнер көрсетті. «Ордабасыға» қарсы ойнаған құрамға тек Исламхан, Қуат және Жуков қосылды. Ал «Ертіс» болса, капитаны Фонсеканың көмегіне жүгіне алмады.

Алаң иелері ойынды тамаша бастады. Оған 7 минутта Қуаттың салған голы дәлел. Шабуыл былай өрбіген еді: өз қапталынан Бақтияров Швыревпен доп алмасып, қақпаға соққы бағыттаған. Қалмықовтан серпілген доп алаң сыртына шығып кетті. Бұрыштама! Сол бұрыштан Исламхан қақпа алдына доп жеткізген. Спорттық снаряд Қуаттың аяғын тауып, ол өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Расында, Кислицын де доптың бағытын өзгертуге көмекке келген.

Гол жіберіп алған «Ертіс» ойыншылары еш алаңдамай, алға ұмтылуын жалғастыра берді. Сондай сәттің бірінде Калинин өз қапталынан тамаша соққы жұмсады. Покатилов орнында! Алматылық команда бұл шабуылға корнермен жауап қатты. Тағы да Исламхан оң жақ бұрыштан ортаға пас жеткізген, Әліптің баспен ұрған добы маңдайшадан биіктеу ұшты. Бұдан кейін, павлодарлықтардың есепті теңестіретін тамаша мүмкіндігі болды. Салами Шабалинді өткір шабуылға жіберген, бірақ Павелден дұрыс соққы шықпады, ал Калининнің тепкен добын Покатилов шеберлікпен жолына бөгет бола білді. Стастан қайтқан допты да қайта бағыттауға ешкімнің дәрмені болмады. Сәл кейінірек Калинин алдыңғы эпизодта өзін паспен жарылқаған Саламиге доп жеткізді. Өз кезегінде нигериялық Покатиловтан айналып өтуге аз қалған, алматылық кипер допты бұрыштамаға шығара алды. Бір голдың соңында жүргeн павлодарлықтардың еңсесін Бауыржан Исламхан қайта түсірді. Ойынның 28-минутында Бақтияров дриблинг жасап, алға ұмтылмақ болған. Оны қарсыластары шалып жықты. Төреші белгілеген нүктеден Исламбек Қуат орта шепте тұрған Исламханға пас берді. Ал капитан жойқын соққысымен допты тоғыздыққа түсірді. 28 метр қашықтықтан соғылған гол матчтың ең көрнекті тұсы болғанына күмәніміз жоқ. Жол-жөнекей доптың Саламиді жанап өткен бар, не керек бұл соққы Калмыков үшін алынбастай болды. Матчты тамашалап отырған 6 мың жанкүйердің төбесі көкке бір елі жетпей қалды. «Қайрат» капитаны әлгі жетістігін тағы қайталауға сұранған, бірақ бұл жолғы соққысы тосқауылдан кері қайтты. Баторик Калмыковтың осал тұсын іздеп, бірнеше рет оқталды, бірақ, одан кейінгілері сәтсіз шығып жатты. Павлодардан келген теңбіл допшылардың, нақтырақ Калининнің жолы болмаған күн секілді ме, қалай?Воменко қарсыластарын шаң қаптырып, допты сол қапталдан Ильяға жеткізген. Ол қақпаның дәл алдында тұрып, қақпадан биікке тепті. Қа-лай-ша???

«Қайрат» өз айып алаңында қателікке бой алдырып, тісқаққан қорғаушы Кислицын сары жейделі жігіттерге доп беріп қойды. Десе де, 100 %-дық мүмкіндікті жас шабуылшы Швырев өз пайдасына асыра алмады. Оның орнында жаңадан халық командасына қосылған украиндық форвард Эсеола болғанда, таблодағы көрсеткішке өзгергіс енері анық еді. «Ертістің» ойынды құтқарар мүмкіндігі болды. Испандық легионер Гомес допты қарсыластан тартып алып, Саламиге жеткізген. Ол қорғаушы Әбікеннен айналып өтіп, қақпаға соққы жұмсады. Бірақ, шабуылға дәлдік жетіспей, бағанадан қиыс ұшты. Бірінші таймда 2:0 есебі тіркеліп, алаң иелері үзіліске тамаша көңіл-күймен кетті.

«Ертіске» қонақта соғылған гол керек болғандықтан, екінші таймда үздіксіз алға ұмтылумен болды. Сондай сәттің бірінде Саламидің жолын Әбікен жауып үлгермегенде, Покатиловпен бірге-бір шықпақ болды. Бірақ, шабуылмен әуестеніп кеткен қонақтар үшінші голды жіберіп алуға аз қалды. Капитаннан пас алған Швырев Калмыковпен бетпе-бет келген. Павлодарлық кипер бұл жолы қателікке бой алдырмай, жас шабуылшының гол авторы атануына мүмкіндік бермеді. Швырев өз мүмкіндігін ойын соңына дейін күтіп жүрді. Сәті келсе, ертістіктерді жазалап алмақ. Тағы бірде капитаннан доп алып, қорғаушы Шмидті жолда қалдырып, тамаша соққы жасады. Қонақ кипер саусақтарының ұшымен болса да, допты корнерге жіберіп үлгерді. Әйтпесе, командасына келесі ойында тым қиын болар еді.

Екінші таймда павлодарлық команданың жаттықтырушылар штабы жарқын ойынымен көзге түспеген Шабалиннің орнына жас Арман Смаиловты алаңға жіберді. Павел бұл ойында алыстан бір рет қана Покатилов қақпасын көздеймін деп, тым қиыс тепкенімен есте қалды. Сонымен,  «Ертіс» бір голға деген үміттерін үзбей бір-екі рет айып добын орындаған. Кисляктың соққылары ойлағандай сәтті шыға қоймады. Төреші қосқан минутта «Қайраттың» тағы бір жас джокері Арур Шушеначев матчтың нүктесін қоюға дайын болған. Тағы да сәтсіздік. Үшінші гол соғылғанда Павлодардағы кездесудің еш мәні қалмас еді. 22-маусым күні «Ертіс» өз трибунасында, жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен алматылық команданы айналып өтуге барын салмақ. Ал бүгінгі 2:0 есебі тарихқа енді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға