Жаңалықтар

Қазақстан кубогы «Қайратта» қалды

Кубок үшін болған тартысты ойында алматылықтар басым түсті
Қазақстан кубогы «Қайратта» қалды
27.11.2018 15:16 4855

«Атырау» – «Кайрат» (Алматы) – 0:1 (0:1)

Гол салған: Соколенко, 16.

Орындалмаған пеанльти: Исламхан, 4 (қақпашы).

«Атырау»: Логиновский, Әбдрахманов (Жалмұқан, 63), Обшивац, Әблітаров, Кубик, Қалмұратов (Сапаров, 45), Нейн, Хайруллин, Сергиенко, Адениджи, Сикимич (Родионов, 84).

«Қайрат»: Покатилов, Соколенко, Ахметов, Әліп, Кейлер, Жуков, Әбікен, Парагульгов (Кривенцев, 88), Сүйімбаев (Люхай, 73), Исламхан, Сәрсенов (Швырев, 90+3).

Мұнайшылардың бас бапкері Виктор Кумыков "Қайратты" қос қапталдан қыспаққа алуды жөн деп тапқандай. Кубик пен Қалмұратов сол жақта тер төксе, Әбдрахманов пен Сергиенко тиісінше оң қапталдан атыраулықтардың шабуылын өрбіту міндетін алды. Орталық қорғаныста Обшивац пен Әблітаров жүрді. Ал Нейн таза тірекші қызметін атқарса, Хайруллин ондық рөліне бекітілді. Адениджи мен Сикимич шабуылдауды өз қолдарына алды. Ал қақпаны Логиновский күзетті. Владимир бұл матчқа бекер шықпағанын ойынның 4-минутында дәлелдеп үлгерді. Ол Исламхан орындаған пенальтиді қақпасына дарытқан жоқ. Ақтөбелік қазы Бақыт Қызылбаев Бауыржан мен Қалмұратов арасында өрбіген ойын эпизодында Қуаныштың қолы допқа тиіп кетті дегенді алға тартты. Осылайша, 11-метрлік айып добы белгіленіп, мұнайшылардың қақпашысы бір ерлігімен көзге түсті. «Қайрат» алғашқы минуттары алаңның әр бөлшегі үшін таласып, өте тартымды ойын өрнегін көрсете бастады. Андрей Карпович бұл кездесуге команданың мықты деген легионерлерін шығармағанын айта кеткен жөн (Қуат туралы шыққан әңгіме де рас секілді, себебі Исламбек бұл матчқа қатысушылардың ішінде мүлде болған жоқ). Алматылықтардың ойын схемасы 4-4-1-1-ді құрады. Исламхан еркін суретші рөлінде өнер көрсетсе, Сәрсенов өткір шабуылға жақындау жүрді. Ал Сүйімбаев сол қапталдағы қорғанысты Кейлерге қалдырып, жоғарырақ өнер көрсетті. Кейде өзінің үйреншікті орнына ауысса, Кейлер орталыққа ойыса кетеді. Сол секілді оң қапталдағы Парагульгов оқтын-оқтын Соколенкоға орнын босатып отырды. Ал Жуковқа шабуылдауды бастағанда допты алға жеткізу функциясы жүктелген секілді. Әбікен, Ахметов екеуі де ілгерідегі командаластары секілді алма-кезек орындарын ауыстырып, Айбол кейде атыраулықтардың шабуылының алдын орап жүрді. Осы тактиканы ойлап табудың өзі үлкен жұмыс болғанмен, оның жемісін тек алаңда көруге болар еді. Сүйімбаевтың жұмысын арттырған Карповичтің ойын өрнегі расымен қызықты болар?

«Қайрат» бірінші таймда басымдықты өз қолдарында ұстады. Мұнайшыларды қысымға алып, қадамдарын аштырмады. Соның арқасында атыраулықтардың қақпасының алдында қауіпті ойындар көп болды. Сол қапталдан өрбіген «Қайраттың» шабуылын Парагульгов түйіндеуге тырысқан, Логиновский оң бұрыштағы спорттық снарядты қағып түсірді. Одан соң, Кейлердің тағы бір соққысы қапашының аяғынан кері қайтты. Дәл осы секілді келесі шабуыл өз нәтижесін берді. Сол жақтан Сүйімбаевтың қақпа алдына берген пасын Соколенко керегіне жаратып, киперден айласын асырып кетті. Мұнайшылардың қорғаушылары ашық қалған алаңды жабамыз деп, жеке футболшыларды қақпайлауды ұмыт қалдырса керек. Алғашқы он бес минуттықта осылайша есеп алматылықтардың пайдасында болды. Таразы басының «Қайратқа» өтуі, ойын барысын бағамдасақ, әділ деуге негіз бар. Көп өтпей-ақ, халық командасы есептегі басымдықты одан әрі арттыруға аз қалды. Сол қапталдан Кейлердің қақпа алдына шығарған кроссы, Парагульговтың пасы, Сүйімбаевтың соққысы... Ғафуржанның  тепкен добы қақпа маңдайшасынан биігірек кетті. Алғашқы жарты сағаттықта мұнайшылар тек жалғыз қауіпті шабуыл ұйымдастыра алды. Оң бұрыштан жасалған корнерден кейін Покатилов қателікке бой алдырған. Стастың бұл кем-кетігін Обшивац жүзеге асыра алмады. Тағы бір бұрыштама, Хайруллин допты айналдырып, жақын бқрышқа тастады, бәрінен биік болған Сикимич баспен соққы жасағанмен, қақпаға дәл бағыттаудың жолын таппағандай. Сәл кейіндеу Сергиенко сол жақтан қауіпті кросс жасағанмен, Покатилов бұл жолы шеберлігін көрсете білді. «Атырау» бапкері Виктор Кумыков шәкірттерінің сылбыр ойынын оңалту мақсатында Сергиенко мен Қалмұратовтың орындарын ауыстырды. Мақсаты, сол қапталдан жарқын ойынымен көзге түсе алмай жатқан Кубикке дем беру. Словак вингерінің ахуалын білген жаттықтырушы неге оны алғашқы минуттан ойынға араластырғаны түсініксіз. Нәтижесінде «Қайраттың» осы қапталдан жасалатын шабуылы азая бастады. Десе де, мұнайшылардың оң қапталы жиі-жиі алматылықтардың жылдам ойыншыларын жіберіп алып жатты. Кумыков алғашқы тайм аяқталмай жатып, Сапаровты ойынға жіберді. Ендігі, мұнайшылардың ойын схемасы 4-2-3-1-ге өтті. Сергиенко қайтадан сол қапталдағы шабуылдаушы хавбек рөліне оралса, Адениджи сәл төменірек оң қапталға ойысты. Қарсыластың ойын өрнегінің мың түрленіп жатқаны «Қайратты» соншалықты алаңдата қойған жоқ. Екінші ойын бөлігін де олар тамаша қарқынмен бастады. Исламхан қарымта шабуылға шығып, Жуковқа допты жеткізген. Георгий қақпашының оң бұрыщшын дұрыс көздей алмады.  Одан кейін Сапаров дриблингке салып, қорғаныстан шығуды ойлаған, алайда Алтынбектің дегені болмай доптан айырылып қалды. Ондай сыйлықты да алматылық ойыншылар іске асыра алмай, қиыс теуіп жіберді. Осы қауіптен кейін атыраулықтар шабуылға шыққанмен, Хайруллиннің тепкен добы қақпа торының сыртынан табылды. Покатилов те Мараттың аяқ алысын кірпік қақпай бақылап тұрған-тын. Ендігі, Жуковке ереже бұзылып, төреші айып соққысын белгіледі. Ол нүктеден Әбікен соққы жасаған, Логиновский аса қиындықпен допты қайтарып тастады. Владимирдің қолғабынан қайтқан допқа бірінші жеткен Соколенконы Обшивац жабуға тырысты. Әркімнен серпілген спорттық снарядты Сәрсенов дегеніне бағындырды. Саматтың соққысын Сапаров өзіне қабылдады. Алтынбектің бұл ерлігі болмағанда, таблода 0:2 есебі тіркелер еді. Тағы бір қауіпті сәтте Сергиенко қорғаушыларға көмекке келді. Ол Сколонконың алдын бөгеп, соңғы сәтте Александрдың аяғынан допты теуіп үлгерді.

Көп ұзамай атыраулықтар есепті теңестіруге жақын қалды. Оң қапталдан өрбіген шабуылда Әліп Сикимичті жауып үлгермеген еді. Предрагтың баспен ұрған добын Стас саусақтарының ұшымен қайтарып, командасын голдан аман алып қалды. Тағы бірде Покатилов футболшыларға тиіп серпілген допты да қағып жіберген, көмекке келген Ахметов қауіпті сейілтті. Мұнайшылар есепті теңестіру үшін алға ұмытыла берді. Сондай сәттің бірінде Жуков қақпа алдында Марат Хайруллинге ереже бұзғандай көрінген. Алайда, басс қазының өз шешімі бар екен. Ешқандай пенальти белгіленбей қалды. «Атыраудың» төрешімен таласытын уақыты болмай, одан әрі шабуылдарын жалғастыра берді. Адениджидің соққысын Покатилов алып шықты. Қазы Бақыт Қызылбаев «Қайраттың» қақпа алдында болған тағы бір тәртіп бұзуды көзге ілмей тастады. Осындай таласқа толы эпизодта алматылықтардың қорғанысы қателікке бой алдырып, Адениджидің баспен соққы жасауына мүмкіндік беріп қойды.Нигер шабуылшысы тамаша мүмкіндікті мүлт жіберді. Соңғы он бес минуттық аса тартысты өтетіне ешкім күмән келтірген жоқ. Алдымен, Жуков ойындағы барлық мәселені шешіп тастауы мүмкін еді. Оң қапталдан өрібген шабуылда бос қалған қақпаны Георгий көздей алмаса, ойынға тыңнан қосылған Люхай үлгермеді. Сол сәтте-ақ, «Атырау» жауап қатты: қақпаға 14 метрдей қашықтықтан Хайруллин допты қабылдады да, Соколенконы айналып өтіп, тура соққы жасаған. Стас қайтарып тастады. Киперден қайтқан допқа таласта Әліп Нейннің алдын орап кетті. Мұнайшылардың ойынды өз қолына алуына кедергі келтірмек болған «Қайрат» тағы бір шабуыл ұйымдастырған. Қарсыластар олардың ойын оқып қойып, жолдарын бөгеді. Атыраулық ойыншыларда да мүмкіндіктер кеми түсті. Тек Хайруллин мен Сергиенко доп алмасып, Адениджиге қиыстырып пас жеткізген. Ол Бабатунденің аяғына берді, соңғысы тек қақпаның сыртқы торын көздеді. Ойынның соңына қарай, «Атырау» стандарт орындауға мүмкіндік алды. Ахметов допқа ойнаймын деп, Радионовты құлатты. Бұл тәртіп бұзу Жуков пен Хайруллиннің арасында болған эпизодтай көзге ұрылмаса да, 11-метрлік беруге лайықты сәт еді. Бірақ, қазы тағы да елеусіз қалдырды.  Қосымша минуттары Адениджи өз қапталынан стандарт әперді. Оны орындаған Хайруллиннің добы командасының шабуылына көмекке келген Логиновскийдің басымен жасаған соққысымен аяқталды. Покатилов керемет сэйв жасап, барлық «Қайрат» жанкүйерлерінің жүрегін орнына түсірді. Оған қоса, Радионовтың қайтара жасаған соққысын қақпаға дарытпады.  Соңғы минут тіпті тартысты өтті. Корнерден келген допқа таласта Сапаров қақпа алдында құлап үлгерді. Атыраулық ойыншылар пенальти сұрап төрешіге жүгіргенімен, Қызылбаев нүктені көрсетпей, финалдық ысқырығын шалды. Ақтөбелік қазыға ұмтылған Хайруллин, Кубик, Обшивац пен Сапаров бүгінгі жұмысына аса ауыр сын айтса керек, Қызылбаев қалтасынан қызыл қағаз шығарып, Маратты жазалады. Ендігі, Хайруллин келесі жылғы кубоктық алғашқы ойынды жіберетін болады. Бірақ, оның аса маңызы қалмағаны рас...

Екінші жыл қатарынан «Атырау» мен «Қайрат» финалдық сында кездесіп, ойын тағдырын жалғыз гол шешіп отыр. Өткен жылғы ойында алматылық клуб мұнайшыларды әділ жеңген еді. Ал бұл жолғы матч көптің көкейінде күдік ұялатқаны рас.  Әрине, «Қайрат» тек қазақстандық ойыншылармен ойнап, өз академиясының түлектерімен атыраулық теңбілдопшыларға төтеп бергені көңіл қуантарлық жайт. Алғашқы тайм алматылық команданың басымдығымен өткенін де мойындау керек. Жуков пен Соколенко өз мүмкіндіктерін пайдаланса, Қызылбаев «Атырау» үшін бір пенальти ойланбай белгілер де еді. Халық командасының жалғыз гол ғана салуы бас қазы үшін де бас ауыртарлық мәселе болған сыңайлы. Мұнайшылар әл келгенше тырысып бақты, неше мүмкіндіктерді құр жіберіп, өкініш өзектерін өртер. Ендігі бәрі артта қалған мәселе. «Қайрат» чемпиондық үшін күресте есе жіберерін анық біліп, премьер-лиганың соңғы бес турында легионерлерін ойыннан босатып, қазақстандық футболшыларға көшкені де керемет жаңалық. Бұл кездсеуде Стас Покатилов бірлі-екілі көзге көрінбес қателіктерге бой алдырғаны болмаса, аса қауіпті шабуылдарда шеберлігін ортаға салды. Биылғы кубоктық ойында қазақстандық жастардың жан-тәнімен беріліп ойнауы көптің көңілінен шықты. Сонымен, «Қайрат» өз тарихында тоғызыншы рет кубоктық финалда жеңіске жетіп отыр. Олардың бұл жетістігін жақын уақыттары ешкім қайталай алмауы мүмкін.

Ойын аяқталған соң, баспасөз отырысында «Атырау» футбол клубының бас бапкері Виктор Кумыков төрешілер жұмысына ешқандай баға бермеді:

– Ойын жайлы айта кетсем, жалпы бюірінші таймды өте нашар өткіздік. Шәкірттерім тартынып ойнап, гол жіберіп алудан сақтанған секілді. Бәрібір де сол нәрсе орын алып, қарсыластар есептегі басымдыққа ие болды. Екінші таймда алғашқысымен салыстырғанда жинақы ойнап, бірнеше мүмкіндіктерге ие болған едік. Өкінішке қарай, өз сәтімізді пайдалана алмадық. Ал төрешілердің жұмысына ешқандай пікір айта алмаймын. Оны тілшілер жақсы талқылайды деп есептеймін. Төртінші билік өкілдері өз бағасын бере жатар.

«Қайрат» футбол клубының бас бапкер міндетін атқарушы Андрей Карпович өз мақсаттарына жеткенін айтты:

– Біз үшін өте маңызды жеңіс. Себебі, барлығыңыз білетіндей біз  тек қазақстандық ойыншылармен өнер көрсеттік. Өте қуаныштымыз, өзіміздің футболшылармен де жақсы жетістікке жетуге болатына көз жеткіздік деп ойлаймын.

Соңғы минуттағы кез келген соққы қауіпті болады. Атыраулықтар міне-міне есепті теңестіріп кетердей күй кештім. Еуропалық ойындарда соңғы минуттары қақпашының гол салып кететін кездері өте жиі кездеседі. Стас барлығымызды құтқарып қалды, одан кейінгі соққыны да жіберген жоқ. Бұл футбол болғандықтан түрлі жайттар орын алып жатады. Бұл спорт сонысымен қызық. Нағыз кубоктық кездесу өтті. Екінші жыл қатырынан осы клубпен кездесіп, жеңіске жетіп жатырмыз. «Атырау» – мықты команда. Виктор Кумыковтың келуімен, тіпті күшейе түскен. Оған ешкімнің таласы жоқ. Әзірге өзімнің болашағым туралы ештеңе айта алмаймын. Соңғы екі ай өте ауыр болды. Артқа көз салып, жұмысымды таразылайтын уақыт келді.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға