Жаңалықтар

Қазақстан футзалы: кешегі, бүгіні, болашағы

Еліміздегі футзал кімге керек?
Қазақстан футзалы: кешегі, бүгіні, болашағы
07.10.2017 10:29 8401

Қазақстан футзалы әлемде біраз беделге ие. Алматылық «Қайрат» клубын әсіресе кәрі құрлықта жақсы таниды. Ал ұлттық құрама өткен жылы Еуропа чемпионатында қола медаль алып, айды аспанға бір-ақ шығарған. Бірақ, әлем чемпионатында жолымыз аса бола қоймады. Словенияда өткен кезекті Еуропа чемпионатының 2018 жылғы жолдамасы сарапқа түскен іріктеу кезеңінде өз тобымызда бірінші сатыға жайғасып, басқаларын қапы қалдырдық. Бұл ұлттық құраманың жетістігіне қарап, елімізде футзал спорты жақсы деңгейде дамып жатыр екен деп қалмаңыз. Себебі, үстіміздегі жылдың мамыр айында 17 жасқа дейінгі өрендер арасында Еуропа Даму кубогы сарапқа салынған. Біздің елдің намысын қорғаған жас футзалшыларымыз барлығы үш ойында ұпай алмақ түгілі, өз қақпаларына 26 гол жіберіп ұятты болды, ал өздері екі рет қана қарсылас саңылауын тапты.

Футзал мен футбол салыстыруға келмейді...

Елімізде осы спорт түрлерін салыстырып қарайтындар жеткілікті. Футболымыздан гөрі, футзалда жетістіктер көп дейді. Бұл екі спорт сырттай қарағанда бірдей болғанмен, нәтижелері бойынша бір-біріне мүлде қиыспайды. Мәселен футболдан Еуропа чемпионатында қола алмақ түгілі, іріктеуден өте алмаймыз. Сондай-ақ, үлкен және кіші футболды ұйымдастыру аспектілері мен бәсекелестік, тіпті жанкүйерлердің қызығушылықтары да бір-біріне ұқсамайды. Біздің елімізде футзалдың дамуы үшін ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деп айтуға толық негіз бар. Әрине, Қайрат Оразбековтың құйған қаржысы «Қайраттың» Еуропаны шулатуға, құраманың қола медаль алуына жетіп жатыр. Бірақ, бұл «қазақстандық фтузалдың» болашағына нақты бағдар бола алмай жатқаны айдан анық... Себебі, «Қазақстанның» назарына бұл спорт түрі ілінбей тұр.

«Қайрат» МФК

Қазіргі қазақстандық кіші-футболды ұстап тұрған жалғыз жоба, ол – осы алматылық клуб. Сондай-ақ, оның басшысы Қайрат Оразбековты еліміздегі «футзал адамы» деп айтсақ болады. Ақша бар жерде, нәтиже де болатыны сөзсіз. «Қайраттың» сәтті өнер көрсетуі сырттан келген мықты легионерлердің арқасы. Оған дау жоқ. Негізі 1995 жылы қаланған клубта қазір кімдер тер төгеді?

Соңғы өткен «төрттік финалын» алып қарайықшы, бұл командада кімдер ойнады? 9 бразилиялық, жалғыз ирандық және венгр ұлтының бір ойыншысы бар, сондай-ақ, бұл клубта тәрбиеленбеген үш қазақ: Дінмұхамед Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенамановтар бар. Құрылғалы бері ел лигасын 20 рет жеңген клубтың бірде бір тәрбиеленушісі жоқ болғаны ма? Аңғарсаңыз, «Қайрат» еліміздің нағыз PR-жобасы ғана болып отыр.

Қазақстан құрамасы

Ұлттық құрама алғашқы ойынын алыс 1996 жылы Иранға қарсы өткізіп, 14-2 есебімен ойсырай жеңілген. Айта кетерлігі, Иран елі осы спорт түрінен әлі күнге дейін Азияның үздігі. Ол кезде АФК-ның мүшесі едік, 2002 жылы Еуропа құрлығында бақ сынайтын болып, УЕФА-ның мүшелігіне өттік. Жалпы, өз тарихымызда Азия чемпионатының күмісі мен қоласын жеңдік, Еуропа чемпионатының қола медалі бұйырды. 2002 және 2016 жылдары әлем біріншілігіне барып қайттық. Біраз жыл бұрын құрамаға «Қайрат» сапында жүріп, тамаша ойындарымен жанкүйер көзайымына айналған, Игита, Лео, Дуглас сынды ала доп шеберлерін қазақстандық етіп алдық. Соңғы жеткен жетістіктеріміз осы үш ойыншымен тығыз байланысты.

Бразилиялықтарсыз құраманың қауқары қаншалық екенін бірлі-екілі ойындардан көріп қалдық. Ал бүгінгі басқа футзашыларамыз Анатолий Смотрицкий мен Әміржан Мұқановтың шәкірттері екенін айта кетейік. "Жаңа қазақстандықтардың" құраманы қарулы еткендеріне таласымыз жоқ, десек те бұрыңғы «тұлпарлықтардың» да құрама нәтижесіне өлшеусіз үлес қосып жүргенін мойындаймыз. Тағы да 2-3 ала доптың нағыз шеберлері қатарға қосылса, Қазақстан келесі әлем чемпионатында жүлде үшін таласа алар еді.

Қазақстан біріншілігі

Ұлттық турнирді «бар» дегеннен гөрі, «жоқ» деген дұрысырақ. Себебі, біріншілікте доп тебетін барлығы 5 клубтың біреуі ғана ауыз толтырып айтар тарихы бар. Ал қалғандары әлі толық бір жолға қойылмаған жобалар, олардың болашағы тұманды. Біраз уақыт бұрын футзал командаларын футбол клубтарының иығына отырғызып қояды деген сыбыстар шыққан. Бірақ, айтылған сөз айтылған жерде қалып қойды. Қазірде еліміздегі футбол клубтарының өздерінің жағдайы мәз емес, ал оған барып тағы да футзал командасын қосып қойса... өзіңіз ойлай беріңіз...
 

Қазақстанда футзал кімге керек?

Біздің футзал туралы сөз қозғағанда көз алдымызға «Тұлпар» клубының қалай құлдырағаны келеді. Клуб қаржылай тығырыққа тіреліп, көпшіліктен жабылып қалмау үшін 100 миллион теңге сұрағанда, оған қол үшін берер ешкім табылмады. «Тұлпардың» тәрбиеленушілері бүгінгі Қазақстан құрамасының негізгі ойыншылары болып отыр. Әміржан Мұқанов өз командасы құрдымға кеткенде, оның жұмысына қызығушылық тек Қырғызстанда пайда болды. Осылай еліміздегі ең квалификациялы жаттықтырушысы көрші елге аттануға мәжбүр еді. Талантты ақдопшыларды тәрбиелеген маманнан әлі де талай ел намысын абыроймен қорғайтын футзалшылар шығар ма еді? Қазақстанда футзал кімге керек? Мүмкін шенеуніктерге қажет шығар, бірақ олар да жеңіссіз команданы алғысы келмейтіні ақиқат. Ал жеңіске жету үшін шебер ойыншылар мен «қазына» керек.

Қызығушылық жоқ

Шынында «Тұлпар» клубы бар кезде Қазақстан біріншілігінде тартысты ойындар көп болатын. Себебі, «Қайраттың» қарқынына төтеп беретін клуб бар-тын. Өз кезегінде «Актюберенгтен» де ілгеріде аталған командалармен иық тірестіре алатын шамада еді. Уақыт өте, ұлттық біріншілікке осы секілді қауқарлы командалар қосылып, өрге шабудың орнына, кері кетті. Ал қазір Қазақстанда кәсіби жалғыз «Қайрат» клубы қалып отыр. Оның өзі де жанкүйерлерге еуротурнирлердің аясында ғана қызықты. «Қайраттың» ішкі біріншілігіне жанкүйерлерлер толып жиналғаны есіңізде ме? Ары кетсе 300-500 адам. Негізі кәсіби клбутар болмаса да, еліміздің түкпір-түкпірінде әуесқой командалар жетіп артылады. Бірақ, оларды тамашалаушылар жоқтың қасы. Футзалға баратын жанкүйерлер аз деп өкпе айтуға болмас, тіпті футбол командаларының ойындарына орта есеппен 2000-3000 ғана жанкүйерлер жиналады.

Тығырықтан шығар жол бар ма?

Бұл қиын кезеңнен шығу үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды. Жоғарыда айтқанымыздай әр футбол клубы, бір-бірден футзал командасын құрса деген тілек бар. Әрине, ешкімді күштеуге болмайды. Футзал командасын құру көп қаржы талап етпейді. Немесе «Қайрат» командасы Ресейдің біріншілігіне қосылса игі. Себебі, онда «Қайраттың» деңгейінде өнер көрсететін клубтар жеткілікті. Деңгейлес командалар болмаған біріншілікте алматылық клубтың Еуропада өрге шабуы неғайбыл. Іс осылай жалғаса берсе, болашақта құрама сапынан тек жаңа бразилиялықтарды ғана көруіміз мүмкін. Ал дұрыс мектебі жоқ қазақ балалары арасынан әлемдік деңгейде футзалшылар шығады дегенге сену қиын. 

Жақын күндері алматылық «Қайрат» 2017/2018 жылғы  маусымның негізгі кезеңіндегі ойындарын бастайды. Бірінші топта ойнайтын біздің клубтың ойындары Минск қаласындағы СКА спорт сарайында өтеді. Біздің команданың қарсыластары ресейлік «Динамо», италиялық «Пескара» және беларустық «Столица» болмақ. Еліміздің футзалдан жалғыз үміті «Қайраттың» тілеуін тілеп отырамыз енді...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға