Жаңалықтар

Қазақстан – өркениеттер бесігі

Мәдениет – әрбір елдің өмір бойы жинап-терген тұрмысқа қажетті білімі.
Қазақстан – өркениеттер бесігі
11.04.2017 11:00 29589

Тәуелсіздік жылдары «Қазақ өркениеті» ілімі мәселесінде ой қозғап, пікір білдіріп жүрген ғалымдардың бірқатар еңбектері жарияланды. Алайда бұл терминнің, ғылыми ортада мойындалып, айналымға  түскеніне 15 жылдан асты. Осыған орай біз оның зерттелуі мен өзекті мәселелері туралы «Қазақ өркенниетінің негізі» деп аталатын кітаптың авторы, «Қайнар» университетінің ректоры, Қазақстан ұлтық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Еренғайып Омаров мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Еренғайып  Сәліпұлы, оқырман қауым сізді тарихшы деп таниды. Бұл салаға, оның ішінде «Қазақ өркениеті» тақырыбына қалай келдіңіз?

–  Қазақ өркениеті ілімі мәселесін мен алғаш рет 1999 жылы қолға алған едім, бірақ оны зерттеу нысанына алуым «Өз ойымнан жараттым» деген ұғым бермейді. Алғашында қазақ өркениеті мәселесімен айналысып жүрген ғалымдар бар ма екен деп, оларды көп іздедім, алайда табылмады. Жасыратыны жоқ, өркениет теориясы қазіргі кезде үлкен бір әлемдік ғылыми идеяға айналып барады. Біз егер оны байқамайтын болсақ, қазіргі кездегі әлемдік ғылымның негізгі беталысы мен даму болашағы мәселесінен көз жазып қалуымыз мүмкін. Екіншіден, қазақ өркениеті мәселесін зерттеу заман талабынан туындап отыр. Оны біз, қазақтар зерттемесек басқа елдің ғалымдары айналысады, олардың бұл мәселені қай тұрғыда зерттейтінін кім білсін. Жасыратына жоқ, егемендік алғанша қазақтың тарихын басқа елдің ғалымдары жазып келді емес пе?

Кезінде еуропалық ғалымдар қаптаған қазақ қалаларындағы қайнаған тіршілікті өркениет ошағы ретінде қарастырмады. «Қазақ философиясы» және «қазақ өрекениеті» ұғымдары мүлдем болған жоқ. Өркениет сөзінің қазақ тіліне қай кезде кіргені белгісіз. Сөздіктерге кіруін 1992 жылы Алматыда шыққан қысқаша екі тілді «Қазақша-орысша және орысша-қазақша» (авт. Исаев С.М., т.б.) деген кітаптан кездестеріміз. Қазақ ғалымдары 2000 жылға дейін өркениет ұғымын сирек қолданатын, пайдаланғанның өзінде қазақ тарихына байланысты қарастырмайтын. Оны қолдануды алғашқыда «көшпенділер өркениеті», «дала өркениеті», «қазақ өркениеті» деген терминдер аясында ғана кездестіре бастадық, артынан тарихшылар мен философтар қазақ өркениеті темасында дамыта бастады. Олар А. Нысанбаев, У.Шалекенов, М.Хасанов, Ресей ғалымы Г.Югай  т.б.

–  Өркениет туралы мәселе қозғалған кезде, ауызға ең алдымен мәдениет сөзі ілігеді. Бұл екі терминнің өзара байланысын тарқатып беріңізші?

– Мәдениет – әрбір елдің өмір бойы жинап-терген тұрмысқа қажетті білімі. Мәдениеті жоқ халық жоқ. Мемлекет құра алмаған сығандардың да мәдениеті бар. Дегенмен мәдениеттің саясы өркениеттен гөрі ықшамдау келеді. Өркениетке мемлекеттілік пен жер, қала, архитектура, елдің бұрыннан келе жатқан дәстүрі  мен жеткен мұрағаттарының барлығы жатады. Қазақта қалалық өркениет жақсы дамыған. Өркениет кейде бірнеше ұқсас халықты біріктіруі мүмкін. Оған қазақтың алты алашын мысалға келтіруге болады.  

Мәдени мұра аясындағы жұмыстар көрсетіп отырғандай, қазақ халқының ұлттық қазынасы: ғылым, әдебиет, дәстүр, фольклор, философия, поэзия, архитектура, музыка, жалпы мәдениет саласындағы зерттеулер жүздеген томдарға сыймай жатқан қазақ өркениетінің жемісі деп түсінуіміз керек.

–  Өркениетті мәдениеттің жоғарғы сатысы деп айтуға бола ма?

–  Болады. Өркениет  мемлекеттікпен байланысты. Өркениеті мықты халықты өркениеті жоқ немесе әлсіз халық басып алса біртіндеп оған өзі сіңіп кетеді. Кейде мемлекеттің жойылуына байланысты өркениет жоғалып кетуі де мүмкін.  Бірақ мәдениет сақталып қалады.

Қазақ өркениеті жеке дара дамыды десек, әбестік болар. Қазақ өркениеті өзімен үзеңгілес Орталық Азия  және Еуразиялық өркениеттермен қатар дамыған. Оның үстіне тарихымыз бен мәдениетіміз ежелгі арий, сақ, скиф, ғұн және түрік өркениеттерімен де сусындаған.

Ұлттық идея халықты ұлт ретінде біріктіріп, оны жарқын болашаққа жетелеуі тиіс. Ұлттық идея өркениеттік негізде құрылуы керек. Қазақ өркениеті бар, бұл аксиома сияқты, дәлелді қажет етпейді. Біздің міндет – оны зерттеу, анықтамасын беріп, аумағын, құрамдас бөлігін көрсету, ең негізгісі, жас ұрпаққа жеткізу. Осы арада Американың белгілі ғалымы әрі мемлекет қайраткері Генри Кисинджердің «Қазақстан – өркениеттер бесігі» деген сөзін еске түсіре кетсек, артық болмас.

–  Өркениеттің дамуындағы ұлттың және ұлттық идеяның рөлі қандай?

–  Ұлт өркениет субъектісі, қозғаушы күші. Ұлт жоқ жерде өркениет те жоқ. Ұлттық сана тек қана өркениетті елде қалыптасады. Ұлттың шынайы рухы соғыс пен өнерде айқын көрінеді және ұлттық мінез-құлық ең соңынан өледі. Атақты  ғалым С.Перес «Рух тарихынан басқа тарих жоқ» деген.

Өркениет тарихында рухты халықтардың аты қалды, заты қалды. Рухты халықтың алды жарық, Рухты халық – жасампаз алып, тарихи рухтың еңсесі биік, есесі мол екенін ертедегі гректер, римдіктер, византийліктер, ежелгі ғұндар, түріктер, Шыңғыс дәуіріндегі моңғолдар дәлелдеді.

Өркениеттілікті сақтайтын рух пен дәстүр. Өркениетті ұлттар өзінің өміршеңдігін сақтап қалатын, халқының рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін ұлттық идеясын қалыптастырған. Сондықтан, дәстүрлерді жаңғырту алда тұрған мәселенің бірегейі болуы керек.

Қазақ мифологиясының және философиясының қайнар көздері ежелгі дүниеде, бұрынғы протоқазақтардың және қазақтардың мифологиялық алғашқы философиясында (б.э.д. І-ІІ мыңжылдықтар) жатыр. Қазақ халқы көптеген елдердің өзара әсерлесуі мен бірігуінің арқасында пайда болып, олардың әр түрлі мәдени қырларын мұралап, кезіндегі жетекші өркениеттің – сақ өркениетінің мұрагері болып табылады. Олар толық қанды қазақ өркениетін қалыптастырды.

«Қазақ өркениеті» ұғымын нақты тарихи, рухани-мәдени және ғылыми тұрғыдан негіздеу бүкіл қазақстандық әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жүйесін өзгертуге, көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі ұлттық тарихымызға мәдени-өркенииттік тәсілмен жаңаша қарауға, ескірген Қазақстан тарихына деген бұрынғы батыстық немесе ресейлік көзқарастан мүмкіндігінше бас тартуға итермелейді.

Рух –  туған жер,  туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлт менталитеті ұғымдарымен, түйіндеп айтқанда, Отанмен тағдырлас. Ұлың рухты болса – сүйікті, қызың қылықты болса – бақытты. Рухты жан – Азамат – Адам, рухсызы – тұғырсызы – надан не есалаң.

– Қазақтардың әлемдік өркениет қазынасына қосқан үлесі қандай?

– Әскери-демократиялық өркениеттің негізін қалаушылар болды. Шекара тастары – бағаналарды-дыңдарды ойлап тапты. Салт атқа отыруды, атқа қолданатын саймандар мен құрал-жабдықтар жасады. Атты әскерді құрды. Таңба, ту, елтаңбаны қалыптастырды. Қорғанға жерлеуді, далалық пирамидаларды; күрделі құрамды садақты; қала құрылысын; киіз үйді; күйдірген кірпішті ойлап тапты. Құлиеленушілік қоғамның жойылуына ықпал етті. Тон, кілем, кеудеше, шұлық тоқуды, өкше, үзеңгі жасап, етік тігуді ойлап тапты. Қамал қабырғасын құлататын техниканы жасады. Мұнаралы қорғандар тұрғызды, алғашқы жолдарды салды. Қонақжайлық мәдениетті енгізіп, ортақ қазаннан табақтан тамақтанды. Дәрігерлік пен мал дәрігерлігін дамытты. Кендір мен мақта-мата негіздері бойынша қағаз жасауды ойлап шығарды.. Моншаны, шалбар мен өкшелі етікті ойлап тапты. Мен тек есіме түскендерін ғана айтып отырмын, асықпай ойланып жазатын болсақ бұл тізім бұдан ары қарай да ұзара берері күмәнсіз. Аттила мен Томирис сияқты ұлы тұлғаларымызды ұмытпағанымыз да абзал.

– Лайым солай болсын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға