Жолдастық кездесу болса да «Астана Aренаға» 22 мыңнан аса жанкүйер жиналды. Матч алдындағы баспасөз жиынында Станимир Стоилов «менің бас бапкер болғанымды қалаған жанкүйерлер көп еді. Енді, міне осы қызметтемін, оған жауап ретінде сіздердің стадионға келіп, командаға қолдау білдіргендеріңізді қалаймын» деген болатын. Болгар бапкердің сөзі жерде қалмағандай.
Сонымен, Қазақстанның негізгі құрамында сегіз «Астана» клубының ойыншылары шықты. Бұл, таңқалардық көрсеткіш емес! Себебі, бапкер олардың шама-шарқын әбден біледі және ойын стилін де жасаған өзі. Төреші ысқырығы естіле сала, қонақтар қақпасына лап қойған жігіттеріміз бар болғаны 15 секундта алғашқы корнер орындауға мүмкіндік алған. Бірақ, нәтижелі соққыға жете қоймады. Гурбан Гурбанов шәкірттері де қарымта шабуылға ұмтылғанымен, Эричтің иелігін бағындыратындай соққыға жетпеді. Ал бірнеше минуттан кейін сол қапталдан алға ұмтылған Шомконың шығарған пасы (әлде қақпаға бағыттаған соққысы) голға айналуға шақ қалған еді. Бірақ, қорғаушының добы Агаев қақпасынан биіктеу ұшты. Бұдан кейін жергілікті футболшылар қатарынан екі рет бұрыштама көтеріп, қонақтардың қорғанысын сынап көрді. Ал 12-минутта оң қапталдан стандарт орындауға мүмкіндік алған Исламханның әуелете көтерген добы Мұртазаевты тауып, Роман бүгінгі ойындағы алғашқы голдың авторы атанды. Арада минут өтер-өтпес уақытта Исламханнан бастау алған шабуылға Шомко араласып, Мұртазаевқа пас берді. Ал ол өз кезегінде қақпа алдында ашық тұрған Мұжықовты байқап қалып, қонақ қорғаушылардың ортасынан тамаша доп жеткізді. Серікжан Агаевтың ашық қалған сол қапталына соққы жасап, есепті еселеп кетті. Алғашқы 15 минутта бұндай қарқынды күтпеген қонақтар абдырап қалғаны анық.
Қос голдан соң, қонақтар бірнеше қауіпті шабуылдарға шығып, біздің қорғаныстың шама-шарқын сынап көрді. Мадатов пен Абдуллаев ұйымдастырған қауіпті ойынның жолына Бейсебеков тосқауыл қоя білді. Одан кейін, тағы да сол Абдуллаевтың алға ұмтылуына Шомко жол бермеді. Алғашқы таймда қонақ команда Эричтің қақпасына бірде бір рет тура соққы жасаған жоқ. Гурбанов бапкердің ойлағанының жүзеге асуына біздің жігіттер мүмкіндік бермесе керек.
Матчтың екінші бөлігінде әзербайжандық қос аяқдопшы Аббасов пен Диниев тыңнан алаңға қосылды. Ал Стоилов бұл кездесуде жарқын ойынымен көзге түспеген Тұңғышбаевтың орнына Жуковты жіберсе, өз командаласына қарағанда бірінші таймды сәтті өткізген Шомконың орнына Сүйімбаев алаңға шықты. Жолдастық кездесуде алты бірдей тыңнан ойыншы қосуға мүмкіндігі бар қос бапкер алаңға тағы да бірнеше футболшыларды жіберді. Логвиненко көзіміз үйренген қақпашыға жақын қызметте емес, жартылай қорғаушы болып кірсе, ал жаңа шабуылдарға дем беру үшін 20 жасар «Астана» ойыншысы Зайнутдинов екінші голдың авторы Мұжықовты алмастырды. Аты аталған теңбілдопшылар бірінші таймдағы басымдықты қолдарында ұстады. Бірнеше рет корнер орындап, Агаевтың қақпасының торын үшінші рет тулату үшін барларын салды. Тағы бірде Гараевпен допқа таласта жеңіске жеткен Бахтиер соққы жасағанымен, ойлағаны жүзеге аспады. Исламханның бұрыштамадан тепкен добы қақпа алдындағы таласта тағы да сол Зайнутдиновты тапқан. Басынан асыра соққы жасауды ойлаған жартылай қорғаушының спорттық снаряды маңдайшадан биік ұшты. Төккен тер зая кетпей, ойын аяқталуына аз қалғанда Бахтиер 23 метр қашықтықтан сол аяғымен керемет соққы жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. Камрян Агаев үшін бұл алынбас соққы еді.
Төреші қосқан 4 минутта қауіпті шабуылдар орын алған жоқ. Қорғаныста да, шабуылда да сауатты ойнаған жігіттер тек стадионға жиылған 22 мың жанкүйердің ғана емес, теледидардан бақылаған миллиондаған қазақстандықтардың қошеметіне бөленді. Ресми матч болмаса да, бұл Станимир Стоиловтың бапкерлікке келгелі жеңген екінші кездесуі. Ұлттар лигасында қазақстандық футболшылардан жақсы нәтиже күтуге болатындай. Ойыннан нағыз маманның қолы көрініп-ақ тұр!
Қазақстан – Әзербайжан 3:0 (2:0)
Гол салғандар: Мұртазаев, 10, Мұжықов, 14, Зайнутдинов, 90.
Қазақстан: Эрич, Бейсебеков, Постников, Малый, Шомко (Сүйімбаев, 52), Қуат (Логвиненко, 69), Тұңғышбаев (Жуков, 52), Исламхан (Вороговский, 89), Мұжықов (Зайнутдинов, 64), Мұртазаев, Щеткин (Тұрысбек, 82).
Әзербайжан: К.Агаев, И.Гурбанов (Аббасов, 46), Медведев, Абышов (Маммадов, 73), Халилзаде, Гараев, Д.Гусейнов (Аласкеров, 63), Абдуллаев, Назаров (Диниев, 46), Мадатов, Р.Гурбанов (Шейдаев, 72).
Фото: kazfootball.kz