Жаңалықтар

Қазақ тілді жаңа медианың тақырыбы мен кейіпкері

Қазақстандық сайттар контентіне шолу
Қазақ тілді жаңа медианың тақырыбы мен кейіпкері
28.11.2018 10:22 9139

Интернеттің қазақ тіліндегі сегменті қазіргі уақытта белсенді түрде өсіп келеді. Есептеулеріміз бойынша, 2009 жылы интернетте қоғамдық-саяси бағыттағы 6 сайт қана болған. Бұлар – abai.kz, egemen.kz, jasqazaq.kz, qazaquni.kz, turkystan.kz, zamandas.kz. (Бұлардың ішінде тек 2 сайт таза интернет-жоба болған, қалған төртеуі – баспа түріндегі басылымдардың электронды нұсқасы).

Соңғы жылдардағы маңызды үрдіс – тек қана электронды нұсқада шығатын басылымдар көбейді. Қазіргі zero.kz қазақстандық рейтинг және интернет статистикасы сайтында 443 БАҚ тіркелген. Бұл рейтинг ж.йесінен бас тартқан және әлі тіркелмеген сайттар да бар. Бірақ нақты санын айту қиын. Дегенмен осы сайттар негізінде талдау жасап көрейік.

Сайттардың маңызды сипаты – олардың жаңартылу жиілігі. Жүргізген есептерімізге сәйкес, қарастырылып отырған сайттардың 40%-і күнделікті жаңартылады, ал демалыс күндері демалады (дегенмен бірнешеуі демалыс күндері де жаңартылған). Сайттардың 44%-ы аптасына 2-3 рет жаңартылады, ал 16%-ы аптасына бір рет қана жаңартылады. Күнделікті жаңартылатын сайттардың басым бөлігі бұрыннан бері шығатын басылымдар.

Барлық 25 сайттың беттерінде аптасына орташа есеппен 600-ге тарта материал жарияланады. Алайда, бірқатар сайттың ішіндегі жарияланымдар санындағы алшақтық үлкен – аптасына 2-ден бастап 80-ге дейін материал.

Сайттардың 28%-ы аптасына 10-нан кем материал салады.

Сайттардың анализі көрсеткендей, басылымдардың 44%-ы (11) редакциясының орналасқан жерін көрсетпейді. Ал 32%-інің редакциялары Алматы қаласында. Астанада сайттардың 16%-ы шоғырланған.

Жалпы байқалғаны – сайттар өздерінің деректерін жариялауда тым селқос. Мысалы, сайттардың тең жартысы редакторының кім екендігін де көрсетпеген.

Анализ кезінде критерийлердің бірі болған – сайтта тіркелмей-ақ коммент қалдыру мүмкіндігі. Анық болғанындай, іріктелген сайттарымыздың барлығында мұндай мүмкіндік бар. Бір ғана aikyn.kz-ті қоспағанда – мұнда тек аты жөні көрсетілген оқырмандар ғана пікір білдіре алады. Алайда қазір оқырмандардың дені материалдарды талдауды сайтта емес, әлеуметтік желіде жүргізеді. Сондықтан бір материалға қатысты пікірді мониторингті әлеуметтік желіде жүргізуге тура келеді.

Қоғамдық-саяси бағыттағы қазақ сайттарының жалпы көрінісі жағымды әсер қалдырады.

Қазіргі таңда қазақтілді интернет-журналистика өз дамуының жаңа сатысына көтеріліп отыр. Бұл туралы осы сегмент өкілдерінің өз өздерін ұйымдастыруға, кемелденуге алпыныстарынан ой түюге болады.

2013 жылдан бастап жыл сайын Астанада қазақ сайттары редакторларының басқосуы өтеді. Сол кезде қазақ сайттарының дамуына кедергі келтіріп отырған проблемалардың қатарында айтылғаны:

· Қазақ интернет-журналистикасының әлсіз дамуы

· Сапалы, оригинал контенттің жетіспеушілігі

· Сайттардың көркемдік және техникалық құрамдасының әлсіздігі

· Сайт қызметінің табыс табуға лайықталмағаны, жарнама берушілердің қызығушылығының төмендігі

· Басқа елдердегі қазақ аудиториясын тарту үшін латын қарпіне көшу қажеттілігі

· Пікірталас жүргізудегі мәдениеттің төмендігі.

Сондай-ақ редакторлардың өздері де онша айта бергісі келмейтін проблема – қазақ сайттарының төмен рейтингілері.

Алайда, Қазақстанда интернет басылымдадың газет және телевизияға қарағанда маңызды артықшылығы бар. Егер телевизиялық және газет контентін жасау орталықтандырылған және бірнеше адамға тәуелді болса, интернет БАҚ ол жағынан тәуелсіз, әрі оперативті. Интернет басылымдар өзге редакциялардан ерекшелігі салынған контентін өзгерте алады. Тіпті дәстүрлі БАҚ көтермейтін тақырыптарды айту оған есі емес. Мысалы қоғамда, әлеуметтік желідегі трендтерді, «мемдерді» айту, шолу телевизия мен баспасөз басылымдары үшін ерсі болса, интернет ресурстарға жарасымды. Бұл сонымен қоса контенттің стилистикалық, жанрлық ерекшелігіне де әсер етеді. Мақалалардың жеткізілу стилі ойнақы, еркін және жеңіл. Алайда орыс тілді сайттардың аудиториясы қазақ тілді ресрустарға қарағанда әлдеқайда кеңірек. Сонымен қоса кейбір жаңа медиа құралдары, бағдарламалары, сервистер қазақ тілді шрифтіні қолдамайды. Бұл да контент форматына кері әсерін тигізеді. Ал аудитория азайған соң жарнама берушілер, маркетологтар қазақ тілді сайттардан гөрі орыс тілді сайттармен жұмыс жасағанды жөн көреді. Нәтижесінде сайт редакциясына қаржылық қолдау білдірілмейді. Қазақ тілді сайттардың жазылғандары тек тар аудиторияға арналады. Орыс тілді сайттардың қазақ тілді басылымдарға, интернет сайттарға шолу жасауы сирек. Дегенмен 2018 жылдың ортасына дейін ratel.kz ресурсы қазақ тілді сайттардағы маңызды мақалаларды аударып шолу ретінде жариялап тұрған еді. Ал орыс тілді БАҚ мазмұны қазақ тілді журналистердің назарынан тыс қалмайды. Тіпті кез келген оқиға, шараларда таратылатын баспасөз релизі әдетте орыс тілдерінде беріледі. Қазақ журналистері қазақша шыққан релизді күтіп оперативтілігі жағынан қалыс қалады немесе аудару арқылы мақала маңызы мен шұрайын жоғалтады. Себебі аударма ісі журналистикадан спецификасы ерекше. Мысалы facebook әлеуметтік желісінде Қазақ журналистері тобы бар. Бұл топта Болатбек Мұхтаров ақпараттық сайттардың журналистерін сауатсыз, қате мәтіндері үшін сынап отырады. Алайда ақпараттық сайт редакторлары брифинг, баспасөз конференцияларында орыс тілді журналистерге ыңғайлы жағдай жасалғанын, баспасөз релизі, аңдатпа орыс тілінде алдымен жіберілетінін, қазақ тілді спикерлер табудың қиындығын алға тартады. Түптеп келгенде қазақ журналистері журналистикамен емес, аудармамен айналысады деген пікір айтады. Қазақ тілді журналистердің реніштері кейде эмоциялық тұрғыда асыра кетіп, «шовинистік» сипатқа кетіні бар. Ал орыс тілді сайттар әдетте осындай тақырыптарды назардан қалт жібермейді.

Қазақ тілді журналдардың бірінде шоу-бизнес өкілдерінің бірі «мен орыстар мен еврейлерді жек көремін» деген тақырыппен берілді. Бұл әлеуметтік желілерде көп талқыланып, реакция тудырды. Бұл жерде журналистің де қателігі бар. Ішкі наразылығы оның адекватты ой қорытып, салқынқандылық танытуына кедергі жасады. Дәл сол фразаны сұхбат тақырыбына берудің еш реті жоқ еді. Осыдан соң стереотипті пікірлер қазақ тілді контент, журналистердің сапасына күмін тудырып жатады. Ал қазақ тілді аудитория, журналистер  бұл тақырыпқа назар аудара қоймас еді. Осылайша қоғамдық цензураның төмендігі мен қазақ аудиториясының бейімделуі мемлекеттік тілдегі интернет басылымдардың ерекшелігін айқындады. Бір жағынан бұл жағдайлар қазақ тілді ортаның шығармашылық ойы мен интеллектуалдық пікірін көрсетеді. Екінші жағынан шағын ақпарат вакуумында талқылайтын тақырып табылып, қазақ тілінің жағдайы мәселесіне қайта оралуға мүмкіндік береді. Қазақ тілді интернет басылымдарында ең көп талқыланатын және трафик жинайтын тақырыптар – тіл мәселесі, дін және ұлттық мораль. Ақпараттық себеп жоқ кезде ресурстарға аудитория жинайтын контент береді. Интернет БАҚ арқылы бұрын дәстүрлі БАҚты оқуға мүмкіндігі жоқ оқырман онымен танысуға, өз пікірін ортаға салуға, талқылауға қатысуға қол жеткізді. Осылайша қазақ тлді аудитория арасында танымалдыққа ие бола бастады. Екінші жағынан жалпы саяси қоғамдық тақырыптағы медиа қалған әлемнен тұйықталған жабық жүйені елестетеді. Бұл жүйеге әсер ететін сыртқы регуляторлар өте аз және бұл жүйенің дамуы өз ішкі импульстер әсерінен жүруде. Нәтижесінде қазақ тілді интернет БАҚ көрсететін реалий жалпы ақпараттық контексттен алшақтап кетті. Сондықтан да сарапшы, медиа тұлғалар арасында қазақ тілді және орыс тілді медиа екі әлемде жүргендей деген пікірлер жиі айтылады. Масс-медиа теорияларының басты постулаттарның бірі БАҚ белгілі бір ақпарат жиынтығын бере отырып, адамдардың санасында белгілі бір көріністі қалыптастырады.

Яғни СМИ көзқарасы арқылы қалың оқырман үшін объективті болып саналатын реалий қалыптасады. Бұл адам өзі пікір қорыта алмайтын, сарапшылар пікіріне сүйенетін салаларға қатысты. Әсіресе ақпараттық қауіпсіздік, ұлттық идеология сияқты мәселелерде бұл фактордың маңызы ерекше. Осылайша алғанда қазақ тілді интернет БҚ қазіргі уақытта қоғамдық-саяси реалийді, қоғамдық пікірді қалыптастыруда. Соңғы уақытта жаңа медиа, әлеуметтік желілердің пайда болуы, үлкен ақпарат ағыны адамды сындарлы ойлау, жеке пікір қалыптастыру мүмкіндігінен айыруда. Адам көзқарасы оның дүниетанымы арқылы емес, медиа, әлеуметтік желідегі бөгде адамдар пікірі негізінде қалыптасуда. Сондықтан қазіргі сайттардың беретін контентіне қадағалау, мазмұнына ерекше мн беру өте қажет. Бұл тек жаңа медиаға бейімделу, қазақ медиа нарығының дамуы үшін ғана емес, ұлттық идеологияның дамуы тұрғысынан құнды.   

Қазақ сайт редакторлары жиынынн көрініс

 

Қазақ тілді интернет-БАҚ кейіпкері 

Қазақ тілді медиаортаның контентін зерттегенде, осы ақпарат айдынындағы басты кейіпкерлер мен контентке негіз болатын объектілер туралы тоқталған жөн. Қазақ тілді сайттарға жасалған контент анализ нәтижесінде мақалаларға арқау болған кейіпкерлерді анықтады. Төменде ұсынылған кестеден байқалғандай көптеген материалдардың кейіпкерлерін анықтау мүмкін болмады, себебі онда бірнеше кейіпкер аталады және олардың нақты деректері жоқ. Аталған себептерге байланысты зерттеу барысында бұл деректер лынып тасталды. Қалған материалдарда негізгі тұлғалар өнер, спорт, мәдениет және әдебиет өкілдері болды  – 11%. Екінші орында қарапайым адамдар 7% болды, соңғы уақытта қарапайым адамдар өмірінен эпизодтар оқырманды көбірек қызықтыратыны анықталды. Жекелеген қоғамдық саяси қайраткерлер 6% және тарихи тұлғалар 5% да тізімге енді. Қызықтысы материалдар ішінде сирегірек кездескені президент (4%), үкімет мүшелері (3%), жергілікті атқарушы билік өкілдері (3%), бизнес өілдері (2%) күш құрылымдарының өкілдері (2%).

Спорт, мәдениет өкілдерінің қайраткерлеріне қатысты материалдар үнемі әлеуеттік-мәдени тақырыптарды қамти бермейді. Егер орыс тілді медиа орта заң жобаларына, қоғамдық-саяси өмірге қатысты тақырыптарды талқылап жатса, қазақ тілді медиа шоу-бизнес, өнер жұлдызарының күнделікті өміріне қатысты мәселелерді көбірек талқылайды. Сонымен қоса мұндай мақалалардың аудиториясы да ауқымдырақ. Қазақ тілді аудитория осындай тұлғаларды жиі талқылау рқылы олардан медиа тұлға жасайды. Сылайша медиа тұлға әрі қарай өзіне тиімді трендтерді қалыптастырып, жаңа тақырыптардың қамтылуына мүмкіндік бермейді. Қазақ тілді контент бір вектор бойымен дамитыны да сондықтан болса керек. 

Жалпы қазақ тілді интернет БАҚ беттерінде бұрынғы кеңестік өткен шақ тек нашар жағынан сипатталатын жаңа тарихи шындық қалыптастырылып жатқаны айқын. Бұрынғының қайғылы оқиғаларға саналы не бейсаналы түрде назар аударылады, ал жағымды сәттер ескерусіз қалады не оларға мән берілмейді. Ішінара мұны әдейі еске алу саясатын жүргізіп, яғни халықтың кеңестік кезең туралы түсінігін өзгертуге тырысатын ұлтшылдардың рөлімен де түсіндіруге болады. Тарихи оқиғаларға қайта баға беру, кеңестік кезеңге жағымды рөлін жоққа шығару, ұлт-азаттық қозғалыстар жетекшілерінің асқақтату Тәуелсіздік жағдайында туындаған кез келген ұлтшылдық қозғалыс эволюциясының ажырамас бөлігі екенін басқа бұрынғы кеңестік елдердің тәжірибесі көрсетті. Қазір әлеуметтік желілердегі талқылауларға және БАҚ материалдарына қарасақ, Қазақстанда тұрғын халықтың тарихи танымы үшін белсенді күрес жүріп жатыр. Негізгі сипаттамалары жоғарыда берілген тарихтың жаңаша баяндалуы 20-ғасырда Қазақстанда орын алған процестер мен оқиғалардың дәстүрлі түсінігіне қайшы келеді. Жақын арада қай түсіндірме басым күшке ие болатынын әзірге айту қиын, дегенмен өткенді бағалау тақырыбының өзектілігі арта түсетіні белгілі. Контент-анализ нәтижелеріне сүйенсек, тарих үшін күресте қазақ интеллектуалды ойы болашаққа қатысты талдау жасамайтындай әсер қалдырды. Мысалы, жиналған материалдар арасында елдің болашағы мен оның негізгі сипаттарына шолу жасап көрген жарияланымдардың саны саусақпен санарлықтай. Ал елдің қоғамдық және саяси өміріндегі ықтимал өзгерістерге болжамдар жасалған мақалалар мүлдем жоқтың қасы (Google сайтында «Қазақ арманы» деген сұрау енгізгенде, мардымды нәтиже шықпайтынын айта кету керек). Болашақ тақырыбы «болашақта бәрі жақсы болуы үшін, мен айтып өткен мәселелерді шешу керек» немесе «болашағымыз мынадай факторларға байланысты» деген сыңайлы жарияланымдарда кездеседі. Талдау базасы болмағандықтан, келесідей процедура жасалды: Word  бағдарламасына көшірілген жарияланымдар базасында іздеу функциясының көмегімен «елдің болашағы», «ұлт болашағы», «болашағымыз» сөздері бар мәтіндер алынды. Нәтижесінде талдау үшін біраз күш-жігерді қажет ететін айтарлықтай ауқымды материал жиналды. Алынған деректерді оқып шығып, жалпы жүйелегеннен кейін байқалған негізгі жәйттерді ұсынамыз. Біріншіден, болашақ жайында көбінесе қоғамдық, саяси және рухани салалардың белгілі тұлғалалары ой тастайды, олардың тәжірибесі мен мәртебесі тым болмаса алдағы бірнеше жылға көз  салуға мүмкіндік береді. Екіншіден, болашақ туралы ойлар мемлекеттің даму перспективасы жөніндегі алаңдаушылықтар мен қауіптерден туындауда. Себебі болашақ өзгерістерді күрделі етіп қабылдау белең алған. Үшіншіден, болашақ туралы тақырыптарда «жастар – біздің болашағымыз», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сияқты бір сарындылық бар. Төменде қолда бар деректердің негізінде қазақ тілді интернет БАҚ-тардағы жарияланымдар авторларының ойынша идеал болашақ қандай болып көрінетінін қарастырып көреміз. Бұл үшін «біздің елімізде.... болғанын қалаймын», «еліміздің жарқын болашағы үшін...керек», т.б. сөйлемдеріндегі тұжырымдамадар алынды.  Қазақ тілді интернет БАҚ-тардағы мәтіндерде идеал болашақ мынадай келбетке ие:

Ұлттық идея  - Нағыз Қазақ ұлттық мемлекетін құру;

Саяси құрылым - Президенттік басқару формасы. Н.Назарбаевтың өз бағытының жалғастырылуымен қамтамасыз етуі;

Сыртқы саясат - Жылы сыртқы саясат,  тату көршілестік, бірақ Ресеймен интеграцияға жол бермеу;

Ішкі саясат - Әлеуметтік теңдікті қалпына келтіру; Мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықты құрту; Оралмандарды белсенді түрде қайтару арқылы қазақтардың санын арттыру; Қазақтардың ассимиляциясына жол бермеу, басқа ұлттарды ассимиляциялауға тырысу;

Экономика  - Мұнай-газ секторынан түскен табысты әділ үлестіру;

Рухани сала - Орыс тілі мен мәдениетін қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы (әсіресе рухани және ақпараттық) басым күшінен айыру; Жастарды ұлттық дәстүрде тәрбиелеу.

Дегенмен соңғы жылдары жаңа форматтағы интернет ресурстардың көптеп пайда болуы, сайттардың стратегиясын өзгертіп, конвергентті редакциялардың қалыптасуы болашақта қазақ тілді сайттардың тақырыптың және мазмұндық жағынан баюы мүмкін деген үміт береді.

Биыл да интернеттің қазақ тілді сегментінде контент жасаушылардың ІІІ-форумы Астана қаласында өтпекші. Форум желтоқсан айының 6 күні өтеді. Бұл форум – көптеген медиатұлғалармен, оның ішінде контент жасаушы, оны сатып алушы, оқырмандармен  бір мезетте өзара әрекеттесу, піір алмасудың ерекше форматы.

"Қазақ сайттары редакторларының форумы қазақтілді веб-сайттардың дамуына қатысты сұрақтар, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен қазақстандық компаниялардың алдында тұрған медиасаланың заманауи жаңалығы талданатын тиімді дискуссия алаңы" дейді форум ұйымдастырушылары. Аталмыш шараға  qf.kaztrk.kz сайтында тіркелуге болады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға