Жаңалықтар

Қазақ медиасы саннан сапаға өтті ме?

Қазақ тілінде түрлі аудиторияға лайықталған контент сапасын арттыру мәселелері тақырыбындағы дөңгелек үстелден түйген ой
Қазақ медиасы саннан сапаға өтті ме?
29.10.2018 09:41 7534

Жақында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Қазақ тілінде түрлі аудиторияға лайықталған контент сапасын арттыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Әдетте мұндай шаралар мәселелерді шешіп тастамаса да, көкейде жүрген сұрақтар қойылып, келелі пікірлер айтылады. Солардың бірі қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының ұсынып жүрген медиа өнімдерінің сапасы турасында болды. Қазақ медиасының өзекті мәселелері талқыланған бұл жиынға тіл мамандары, журналистер, ақпарат саласындағы техник мамандар қатысты.



Ақпарат және коммуникация министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 1156 газет және 1269 журнал, 285 электронды бұқаралық ақпарат құралы (оның ішінде 269 телерадиокомпания) тіркелген. Ал "Kaznic" Қазақ торап ақпарат орталығының 2018 жылғы қазан айындағы деректері бойынша kz және қаз домендерінің жалпы саны 142 430 жеткен. Бұл ресурстардың ұсынатын өнімдерінің сапасы қандай, аудиториясы кім деген сауал кез келген оқырманды ойландырады. Дөңгелек үстелге қатысқан журналистер, блогерлер, ІТ-мамандар осы тақырып төңірегінде ой бөлісті. BAQ.kz ақпараттар сайтының бас редакторы Ерлан Оспан қазақ тіліндегі контенттің сауаттылығына тоқталып, емле, терминдер мәселесін көтерді.

- БАҚ саласын «дәстүрлі» деп, «жаңа медиа» деп бөліп жүргенімізге 10 жылдан астам уақыт болған шығар. Соның арасында интернеттің өзі дәстүрлі болып үлгерді. Енді сол интернеттегі қазақтілді контенттің сапасы қандай? Жалпы, «сапа» ұғымы көптеген құрамдас бөліктерден тұратын түсінік қой. Ендеше біз бүгінгі дөңгелек үстел тақырыбының аясында қазақтілді контенттің емле сапасына тоқталсақ. Сонымен, контент жасаушылар тактикалық алаңда қандай проблемаларға ұшырасып жүр? Айтпақшы, проблема деп тұрмын, осы сөзді қазақша «мәселе» дейміз бе, қалай өзі? - деген сауалдар тастады.

Контент сапасы мәселесіне тоқталғанда ең алдымен ойға келетіні - сауатсыз мәтіндер. Қазіргі таңда тіпті қазақ тілінің емлесін жақсы білетін оқырманның өзі кей сөздің дұрыс жазылуына келгенде ойланып қалады. Себебі соңғы уақытта сауатсыз мәтіндердің көптігінен саналы адамның өзі күмәнданып қалатыны рас. "Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?" деген кейіп сөздіктерге де қатысты болып отыр. Қазіргі сөздіктер бір тоқтамға келуге емес, басқа сөздіктер іздеуге мәжбүрлейді.

Ерлан Оспанның айтуынша, қазіргі қазақтілді редакцияларда сөздіктер жоқ немесе мардымсыз. Көбіне энтузиастардан немесе жоба үшін жиналған топтан тұратын редакцияларда контенттегі ең болмаса орфографиялық сауатты жүйелеу туралы мәселе қойылмайды да.

Baq.kz сайтының бас редакторы келесі мәселелерге тоқталып, өз тұжырымдарын бөлісті:

-  Кезінде топтап, үсті-үстіне аударылған терминдерді оқырманның да, тыңдарман мен көрерменнің де көңілінен шықты деп айта алмаймыз. Терминдердің кейбіреулері анайы қалжыңға айналып та үлгерді. Сөздіктердегі екіұдайлық, қазақша баламаның түпнұсқадағыдай - әрекет пен заттың физикалық мазмұнын аша алмауы күнделікті көрініс.

- Әлеуметтік желілер де сөз саптауды академиялық үлгіден алшақтатып жатыр. Біреу “мен бүгіннен бастап “раҚмет” деп жазамын, бітті!” дейді. Тағы біреу “раХмет” нұсқасы үшін өліспей беріспейтінін айтады. Олардың басқа саладағы беделі таза академиялық мәселені белінен басып шеше салуға әбден жарайды.

- Көп жағдайда емлені аналогия әдісімен шешу әрекеттері де болады. Келесі мысалда сөздің қосар әлде бөлек жазылатынын ойланып қалған қатардағы қолданушының орыс тілінің емлесін қазақ тіліне де телу әрекеті көрсетілген.

- Дәл сол уақытта сөз айналымында жүйе қалыптастырушы жастарда тіпті сауатты жазудың, сөйлеудің қажеттілігіне күмән бар. Ол үшін жастар көп шарлайтын желілерді шолып шығу жеткілікті. Тіпті қызық үшін “сауатты жаз” деп ескертпе жасап көре қойыңыз.

- Қазір горизонтал білімнің заманы. Бір данышпан туып, сол барлығын сүйреп алып шығатын модель енді іске аспайды. Ендігі мәселе - барлық мүдделі адамдардың білімін сұрыптап, топтастыру. Оған мысал ретінде дыбыспен басқару жүйелерін айтуға болады. Олар бір ғана адамның дауысына бағынбайды ғой. Ендеше барлығымыздың білетінімізді бір жерге жинақтап, сұрыптайтын жүйе керек.

Дөңгелек үстел барысында саннан сапаға өтетін кез келді ме деген мәселе біраз талқыланды. "Керекинфо" блог платформасының админі, блогер Аршат Ораз қазіргі контенттің берілу форматтары жұтаң десе, блогер Алмас Тоқабаев қазақ тіліндегі контент саны сапаны ойлайтын дәрежеде емес деген пікір айтты. Бұл тұрғыда журналист Айсұлтан Жақыпов өз тәжірибесіндегі дүниелермен бөлісті.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын көлігімде ақаулық туындап, Nexia көлігінің газды бір қалыпты ұстап тұратын датчикті ауыстыру қажет болды. Түрлі ресурстардан, youtube желісіндегі видеоларды қарап датчикті өзім алмастырдым. Содан соң бензин багын өзім жамадым. Осы тәжірибеммен бөліспекші болып видео лайфхак жасап, желіде бөлістім. Контенті, мазмұны жағынан әжептәуір дүние. Алайда, айтарлықтай қаралым жинамады. Қазақ тіліндегі контенттің қажеті жоқ дейін десем, балаларға арналған видео контент керісінше қаралым көп жинайды. Тіпті айтарлықтай қаражатсыз, құралдарсыз түсірілген қарапайым видеоның өзі көрермен жинай бастайды. Сонымен қазақ көрерменіне видеоформаттағы контент қажет пе жоқ па деген сауалға жауап таппадым, - деді Айсұлтан Жақыпов.

 Танымал журналист, Қазақ-Түркі Академиясының баспасөз қызметкері Амангелді Құрметұлы бұл мәселенің қазақ тілді контентке деген сенімге тіреледі деген пікір айтты. "Осыдан бірнеше жыл бұрын wordpress, kerekinfo блогплатформасында талай мықты контент жиналған еді. Сол кезде қазақ тілді блогерлердің алғашқы буыны қалыптаса бастаған. Сол кезде салалық блогтар, мазмұнды танымдық блогтар пайда болды. Сапасы да мықты еді. Сол кезде оқырмандардың қызығушылығы да, сенімі де бар еді. Кейін  wordpress түсініксіз себептермен бұғатталып, блогерлер жан-жаққа бытырап кетті. Қайсыбірі блогосферамен қош айтысты. Қалғандарында энтузиазм қалмады. Кейін әрине интернет ресурстар көптеп қалыптаса бастады. Бірақ бұрынғы энтузиазм, құлшыныс, сапа болмады. Бұл оқырманның сенімін төмендетті. Сондықтан да маңызды ақпарат қажет болса оқырман қазақ тілінде емес, орыс тіліндегі ақпаратқа басымдық береді" деген тұжырым жасады.

Блогер, kerekinfo блогтұғырының админі Аршат Ораз "қазіргі буын мәтіндік ақпараттың өзін қабылдамайды. Оларға іздеу жүйесіне бірнеше сөз теріп отырғанша, ауызға сауалын айта салған жеңілірек, сондықтан технологиялық прогресте көштің соңында қалып қоймау үшін жаңа технологияларға бейімделу керек. Жаңа форматтар ұсынуымыз керек. Мүмкін қазір оқылмауы да мүмкін, алайда қызығын кейінгі буын көреді", - деген ұсыныс айтты.

Бұл пікірдің де жаны бар. Қазақ тіліндегі ақпаратқа деген сенімге қатысты мәселенің туындауы бүгін ғана емес. Кезінде 1920 жылдары да көтерілген еді. Сол кезде енді ғана бой көтере бастаған жоғарғы оқу орындарында қазақ тілінде оқу құралдары, тіпті лекторлардың өзі санаулы еді. Сол кезде "Қазақ тілінде әдебиет жоқ. Түптеп келгенде терминдер де қалыптаспаған. Барлығы аударма. Аудару барысында мәтіннің құндылығы төмендейді, дәлдігі нашарлайды. Қазақ тілінде жоқ нәрсені қолдан жасағанда орыс тіліндегі дүниені дамытайық. Балалар білімді түпнұсқадан алсын" деген пікірлер көп болатын. Қошке Кемеңгерұлы бастаған ұлт зиялыларының араласуымен ғана кержақ пікірлерге тоқтау салынып, қазақ тілінде кәсіби әдебиеттер жазылып, жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдері ашыла бастады. Менің пікірімше интернеттің қазақ тіліндегі сегменті де осыған ұқсас күй кешуде.

Дөңгелек үстелде талқыланған тағы бір мәселе бүгінгі аудиторияны анықтау. "Біз әдетте аудиторияға арнап, емес, өз потенциалымызды көрсету немесе сайтты, эфирді, басылым беттерін толтыру үшін ғана қызмет ететін сияқтымыз. Мысалы, балалар контентін алайықшы. Жалпы, балалар контенті дегеніміз не? Ол жас мөлшеріне байланысты балалардың талғам, таным деңгейіне сәйкес, олардың психикасына лайықталған, ата-анасымен немесе жалғыз көруіне рұқсат етілген контент. Балалардың танымына бейімделген контент не үшін қажет? Қазір бізде дүниетанымы толығымен интернетте қалыптасқан, жаңа медиа форматында өскен буын өсіп келеді. Бала құлақ-мұрын, машина деген сөздері айтудан бұрын смартфонның, планшеттің блогын шығаруды және өзіне қажетті контентті қосып үйренуі мүмкін. Олар "достық", "Отан", "махаббат", "адамгершілік" деген ұғымдарды интернетте ұсынылған контент негізінде қорытып түйеді. Мұның жаман-жақсысы өз алдына әңгіме. Қазіргі балалардың қабылдауы сондай болар. Сондықтан осы түсініктерді дұрыс қалыптастырайық. Астана қаласы орта мектептерінің оқушылары арасында қазіргі тұтынатын интернет контентіне қатысты сауалнама жүргізген едік. Жасы 10-16 жас аралығындағы оқушылардың 61 пайызы күніне 5-7 сағат интернетті пайдаланатынын айтты. Бұл аудитория сонша уақытын тек өзара коммуникация үшін мессенджерлерде ғана өткізбейтін болар. Енді олардың көп тұтынатын ресурстарын қарап көрейік. Олар Youtube, VK, Instagram, Facebook, әртүрлі платформалардағы желілік ойындар. Youtube желісіндегі жиі қарайтын каналдары: "Что если?", "Знакомьтесь боб", "Игры разума". Танымдық видеолар мультипликация, анимация элементтерімен беріледі. "Что если" арнасында танымдық мазмұндағы түрлі сауалдар мен жауаптары беріледі. Мысалы балалар үлгкендерге қарсы соғыс ашса не болады? деген сұраққа мынандай жауап берілген: "1882-86 жылы Испанияда Альфонс 2 королі дүниеге келді. 12 жасқа толғанда ол АҚШпен соғыс ашып Куба, ПуэртоРико, Филиппин аралдарын басып алды, 12,5 мың адам қайтыс болды". Жасөспірімдерге осындай контент қызық. Оларды діл, дін, ұлт деген тақырыппен баурау мүмкін емес. Осы арналарды жүргізіп отырған өздері шамалас жас влогерлер. Youtube желісіндегі ТОП-5 каналды қарайық:
1. Иван Рудской (EeOneGuy)
2. PewDiePie
3. Максим Голополосов +100500
4. Юрий Маштаков7 Фрост
5. Юрий Янив SlivkiShow.

Ал қазақстандық жас влогерлерді айтқанда ең алдымен "Аминка-витаминка" тілге оралады. Иә, жасы 5 және 7 жасар қыздардың көріністерінен тұратын қалжың видеолар. Алайда бұл контент балаларға арналған ба? Ене мен келін арасындағы жағдайлар арқау болған видеолар ересек аудиториясына қызықтырақ болар. Бізде аудиторияны зерттеумен аайналысатын ешкім жоқ. Медиа саласында зерттеулер жүргізетін сенімді институттар қажет. Олар контент анализ (соның ішінде қазақ тіліндегі контент) жасауы, аудиторияны зерттеуі керек", - деді "El.kz" интернет жобасының бас редакторы Бэлла Орынбетова.

Дөңгелек үстелдегі айтылған ойларды қорытып, пікір алмасып отырғанымызда Бэлла Орынбетова маған сауал қойды. "Әлеуметтік желіде журналистердің кәсіби бірнеше топтары бар. Ол топтарда журналистиканың көкейтесті мәселелерінен гөрі мәтіндегі қателер, мақалалардың граматикасы, орынсыз айтылған сөз тіркестері көбірек талқыланады. Жақында әлеуметтік желіде Қуат Домбайдың пікірін көзім шалды. "Біздің журналистер сөз бостандығы туралы жиі айтады, қысым көргендіктен ақпаратты жеткізе алмаймыз деп налиды. Өткен айда қырғыздар реселік әскери күштерімен бірге Ыстық көлде әскері оқуларды жасады. С300 жедел жүк тасушымен Ресейдің әскери Кант әуе базасына әкеліп, Қазақстан жағына зеңбіректермен атып атып, бәрі күшті өтті деп қойды. Екі мыңнан астам жауынгер қатысты, кімге көздеген анық. Біздің журанлистер қырғыздардан неге бізді бақалаушы ретінде шақырмадыңыздар сұрауға кім кедергі болды? Осы оқулармен не дегендеріңіз келді деп неге сұрамады? Бұл жағдайды жазуға кім жол бермеді?" деп жазыпты. Мүмкін сөзге тірелмей, кеңірек қарау керек пе? Журналистиканың  басты міндеті, функциясы ақпарат жеткізу ме әлде сөз тазалығын сақтау ма? Қалай ойлайсың, мүмкін журналистерге одан гөрі маңыздырақ мәселелерге назар аудару керек пе?"

Бұл сұрақ мені ойландырды. Жауабы "ә" дегенде айта салатын дүние болас, дегенмен менің ойымша бұрындары көзі ашық, сауатты, әдебиетке құмар оқырман көбірек еді. Қазір кітап оқып, газет-журналға жазылатын оқырман аз. Қазіргі оқырман сауатын интернет сайттардан, әлеуметтік желіден ашады. Тіл мәселесі - қазақ оқырманы үшін әрқашан өткір мәселе. Қазіргі журналистердің міндеті тек ақпарат жеткізу, мәселе көтеру ғана емес, бүгінгі ахуал тіл тазалығын сақтап қалу функциясы еріксіз журналистерге жүктеліп отыр. Сондықтан аға буынның, тіл жанашырларының шырқырайтыны содан. Қате мәтінді, орынсыз тіркесті күнде оқыса оқырманның, тіпті бұғанасы қатпаған аудитория ғана емес, сауатын ашып, көзқарасын қалыптастырған оқырманның өзі регрессияға ұшырайды. Сауатсыз мәтінге көзі үйреніп, сақау тілге бойы үйреніп, сауатсыздана бастайды. Бұл мәселенің шешімі де журналистердің, бас редакторлардың қолында. Қазір корректор ұстайтын сайттар жоқ шығар. Ал технологиялық тұрғыда қазақ тілінің редактура жасайтын бағдарламалары мүлдем жоқ. Сондықтан технологиялық тұрғыда шешім қабылданғанша сайттарға корректорлар тартылуы қажет. Бұл журналистердің жүгін жеңілдетуі мүмкін. Дегенмен де қазір оперативтілік, жаңа медиа құралдары басымдылыққа ие болса да, сауат мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз қажет.

Дөңгелек үстел басында талқыланған басқа да өзекті мәселелер болды. Дегенмен бір шара аясында барлық сұрақтардың жауабын табу мүмкін емес. Осыны ескеріп, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев алдағы уақытта тіл жанашырлары клубын құрып, осындай келелі отырыстарды жиі ұйымдастыратынын мәлімдеді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға