Жаңалықтар

Қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализм

Көсемсөздегі сыншылдық жайлы не білеміз?
Қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализм
24.09.2017 17:55 3547

Тәуелсіздік алған жылдары экономикалық жағдайдың күрт төмендеп кетуі баспасөзді айналып өтпеді. Ұлттың үні іспеттес болған қазақ басылымдарына нарыққа көшудің өтпелі кезеңіндегі қиындық соққы болып тисе де, қоғамдағы түйткілдерге сыни көзқараспен қарап, сынап отырды.

Бір кездері ақын Фариза Оңғарсынованың: «Мемлекеттік баспасөз елдің қаржысынан шығарылады. Демек, мемлекеттің саясатын насихаттауға тиіс», - деген тжырымында логикалық негіз жоқ емес. «Тәуелсіздік» деген – шартты ұғым. Тұрмыстың таршылығынан баспасөз де ел тізгінін ұстағандарға – саясатқа тәуелді» деген еді «Өркен» газетіне берген сұхбатында. Алайда, баспасөз саясатқа тәуелді болса да, ұлт мүддесін қорғауға келгенде тартынып қалған емес. Әсіресе, тәуелсіздік алған 1990 жылдары жарық көрген басылымдардың дені тіл, ұлт, дін, діл мәселесін ешкімге жалтақтамай, ешкімнен именбей жазғанына оқырман қауымы куә. Осы ойды Р.Калимуллин «Қоғамдық-саяси контекст» атты материалында былайша жалғастырады. «Бұқаралық ақпарат құралдарына бақылау жасаудың тізгінін ұстаған үкімет шенеуніктері журналистерге ашық немесе жасырын түрде қысым жасайды. Цензура болмағанмен, журналистер өз жұмысы, газет пайдасын ойлай отырып өзін-өзі цензуралауды жолға қойған», – дейді.

Еліміз егемендігін алған жылдары қазақ баспасөзіне тың серпіліс туды. Сол кезде демократияның бұрын-соңды болмағае үлгісін көрсеткен басылымдар жарық көрді. Өзін-өзі қаржыландырған басылымның бірі «Азат» газеті қазақ және орыс тілдерінде шығып, көптеген мәселе төңірегінде ой қозғады. Тәуелсіз газет – тәуелсіз ойлар. Егемендіктің алғашқы жылдарында ұлтымыздың мәртебесі артып, һмен қазақпын» дегенді көкіректі керіңкірей, дауысты шығарыңғырай айттық. Кейде асыра сілтеп те жіберген кездеріміз болды. Дегенмен, бәрі тарих еншісінде.

Егемен ел басшысына көзқарасын білдірген Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жасарал Қуанышәлінің мақаласында: «Республикамыз тәуелсіздік алды деп мәз болып жүрміз. Бірақ сол тәуелсіз мемлекетіміз әлі де Ресей аузын ашса ашып, көзін қысса қысып, ұлы державаның басқан ізімен келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмас...».  Автордың айтпақ ойы да түсінікті. «Азат» газеті атына заты сай басылым ретінде қазақ елінің толық тәуелсіздігі мен бірлігін көздеді.

Ал «Тәуелсіз басылымдардың пайда болуы мен санының өсуі – уақыт заңдылығы. Тәуелсіз баспасөзден демократиялық ойлардың қуатты даму факторын көреміз. Ол идеялық догмалармен құрсауланбаған, шағын топтардың мақсатын көздемейді», – деуі әрнәрседен хабар береді.

Проблемалық мәселе көтерген мақала, кейде пікірталасын туғызып, баспасөз бетінде белгілі мәселе жөнінде айтыс туатын жайлар да жиі кездеседі. Елімізде болып жатқан елеулі саяси оқиғалар, жер-су, тіл мәселелері, бүгінгі өмір қиыншылығы туралы сан алуан ой қозғайтын проблемалық мақалалар ресми және тәуелсіз басылымдарда кптеп ұшырасуда. Мысалы, Ж. Кенжалиннің «Қап арқалаған қазақтар» атты мақаласында қазақ жастары пұлдың дәмін алған соң, басқа шаруаның бәрін ысырып қояды. Саясат, парасат, ел тағдыры деген мәселелер, өкінішке қарай екінші қатарға сырғиды, қап арқалағанның дені ана тіліндегі газет-журналды оқымайды» дей келе үлкен қынжылыс білдеріді. Автор «жабайы нарық» көріністерінің жастарға кері әсері, отандық тауарды өндірудің көзін табайық, өз елімізге, өз жерімізге қожа болайық» деп ұрпаққа ұлағатты іс қалдырайық деп жатқан да қазақ баспасөзі», - дейді.

Әсіресе, ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы басылымдар сыншыл реализм тұрғыдағы мақалаларды көптеп жариялады. Тілші қауымы республикада болып жатқан өзгерістерге жан-жақты, дәйекті жауап іздейді, әрі оны тарих сабақтарынан мысал келтіре дәлелдейді. Күйзелістерді желеу етіп, қалыптасып отырған жағдайды өз пайдасына шешіп қалуға тырысатын күштер барын, бүгінгі қиындықтарды бетке ұстап кешегіні, тіпті баяғыдағына көксеушілікті күшейтуге тырысатындарға тойтарыс береді. Қазақ ұлтын болашаққа бағдарлай қарауға, асығыстыққа бармауға шақырады. Егемендіктің ең үлкен жаулары – жікшілдік пен алауыздықта, рушылдықта екенін де ескертеді.

Егемендігімізді қалыптастыруда сатира жанрының да атқарар міндеті мол. «Сатира, юмор». Осы атаулар аталғанда бойымызды тегеурінді күш билейді, көңілімізге әр сырлы күлкі нұры құйылады, кеудемізге болашаққа деген оптимистік зор сенім ұялайды, қолда жасампаздыққа жат нәрселерге қарап семсер тұрғандай болады, көзге сол қаруды әділдік пен теңдік, игілік пен ізгілік жолында бар жарқылымен, ерсілі-қарсылы сілтей білген күштер елестейді»  – деп сатира теоретигі, сыншы профессор Т.Қожакеев айтқандай, оқырманды өмірдің тек өнегелі жақтарымен тәрбиелеу мүмкін емес. Қоғамның әр түрлі көлеңкелі жақтары да бар. Осыдан сақтандыру «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей жақсы мен жаманды өлшей білу қажет.

Тәуелсіздік жылдардағы баспасөздегі материалдардың басым көпшілігі жанрлық жағынан сыни корреспонденция болып келеді. Өйткені, жеке бір объектідегі кемшіліктер негізінде жазылған шығарма олардың себепбері мен оны жоюдың жолдарын ашуды мақсат тұтады. Өмірден орын алған жағымсыз фактіні көрсету арқылы, оған тиісті құзырлы органдардың назарын аударады. Сондай-ақ қалың көпшілікті белгілі бір қорытынды жасауға бастайды, оқырманды ойландырады, толғандырады, қоғамды сауықтырады.

Қазақстанның өз тәуелсіздігін қалпына келтіргеніне ширек ғасырдан асып барады. Іргелі елдер санатына қосылды, өркениетті даму жолына түсуге мүмкіндік алды. Ал 90-шы жалдардағы қазақ баспасөзі мемлекетті, ұлтты ілгерілетуге барша күш-қайратын жұмсады. Көтерліген мәселелердің бәрі де нағыз ұлт жанашырларының жүрегінен төгілген ақиқат еді.

Қандай қоғам болмасын, мемлекеттік идеологияны қалыптастыруда сөз өнері тізгінін қолға ұстаған тұлғалардың шешуші рөлде болғандығы шындық. Күшпен, қарумен дүниеге келген идеологиялық мұраттың ғұмыры қысқа. Ал, өркениетті, технологиясы дамыған жаңа ғасырда да публицистиканы төртінші билік дәрежесіне көтермелеуіміз бекер емес. 

Әрбір халық өз мемлекетінің ішкі мәселелерін шешуде ұлттық мәдениетін, өмір салтын, әдет-ғұрпын дамыта отырып, адамзаттың түрлі өкілдерінің өзара түсіністігінің кепілі болатынын естен шығармаған абзал. Осы тұрғыда сонау ХХ ғасырдың  90-жылдардағы баспасөздің рухани-ағартушылық рөлі арта түсті. Бір жағынан нарық қысып, екінші жағынан экономикалық байланыстар үзіліп жатса да, қазақ баспасөзі өзінің ағартушылық қызметінен қол үзген емес.

Демек, «Шындық сынмен қоректенеді». Дегенмен, кейде бұра тартатын шындықтар да бар. Ал сонау Тәуелсіздік алған жылдардың өзінде осындай сыни пікірлер айтып, сыни көзқарастарды ортаға салу – үлкен ерлікпен пара-пар. Себебі қоғам осы сын арқылы тәрбиеленді, ілгері жылжыды. Ал мұның қайнар бұлағы кешегі ауыз әдебиетінен бастау алғаны белгілі. Бұл үрдіс ауыз әдебиетінен публицистикаға ойысқанда нағыз көсемсөзге ұласты.

Елімізде 1990-1996 жылдары жарық көрген басылымдарды парақтай келе, кез келген жарияланымның астарындағы сыншыл реализмнің элементтерін зерделеп, оның ұтымды берілуін бүгінгі баспасөзбен салыстырдық. Пікірімізді түйіндей келе, ХХІ ғасырдың басындағы егемен елдің баспасөзіне қарағанда, ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы баспасөздің шындықты именбей жазып, қоғам мен биліктің кем-кетігін мейлінше батыл жазғанына көз жеткіздік. Оған жоғарыда мысалға келтірген «Ана тілі», «Жас алаш», «Егемен Қазақстан», «Азат», «Казахская правда» газеттерінде жарық көрген мақалалар дәлел болады.

Сыншыл реализм қазақ әдебиетімен қоса, қазақ көсемсөзінде де молынан бой көрсетеді. Жыраулардың қоғам олқылықтары, ел басқарған биліктің кемшіліктері жайлы, сондай-ақ, әлеуметтік теңсіздікке қарсы айтқан жырларының өзінде сыншыл реализмнің элементтері жеткілікті. Яғни, сыншыл реализм ауызекі көсемсөзде де тұнып тұр деген сөз. Бұл жұмыстың өзектілігі сол, бұған дейін көсемсөздегі сыншыл реализм тақырыбы жан-жақты зерттеліп, зерделенбеген екен. Бұл,бәлкім, сыншыл реализм ағымы тек әдебиетте ғана кездеседі, идеологиялық сарыны басым баспасөзде сыншылдық дәстүр онсыз да бар деген тұжырымнан аса алмағандықтан шығар. Алайда, көсемсөзде тілге тиек еткен немесе қаламға арқау болған,көтеретін жүгі ауыр проблемалық мақаланың астарында сыншыл реализм анық байқалады.

Сыншыл реализм дегенде,осы ағымды жан-жақты саралап, әдебиеттегі көрінісін ғылымға әкелген белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевті айта аламыз. Ол көптомдық шығармалар еңбегінде: Оны жасамасақ, ескі сараппен тарта берсек ел-жұрт алдында күнәһар боламыз. Әзірге «тындырып жатқанымыз» – кеңесті жамандау, коммунистік идеологияны даттау. Тіпті, ауыздығына ие болмай алақашатын даңғазашылар «совет, кеңес әдебиеті», оның көркемдік әдісі – социалистік реализм болды деуге ауыз бармағы былай тұрсын, естігенде шошынып, төбе шашы тік тұратын, іргесін алыс салатындар шықты. Тіпті күні кеше ғана совет пен социалистік реализмді мадақтауда алдына жан салмай, талай шен-шекпен, атақ-дәреже алғандар бұқпантайлап жан сақтауға, тіпті сөйлемеске шарасы қалмаған кезде «солай болған соң қайтерсің, құдай енді көрсетпесін» деп жылыстап кететіндерді кездестіріп жүргеніміз өтірік емес. Әрине, өтпелі дәуірде тізгінін ұстай алмай бұлтықтайтындар аз болмайды. Олардың біразы қиырлап жол табуға шебер де келеді. Оны ғылыми «номенклатурадан» көріп те жүрміз. Ал кейбір «дініне беріктері» алдына қойған мақсаттан көз жазбай, соған ұмтылып, қателессе де азаматтық қалпын сақтайды. Ондайлар қуаныш-шаттыққа да кезігуі, не трагедиялық күйге түсуі де мүмкін. Өз идеалына берік болғандар ішінде нақты көрсеткіш болатын қазақтың екі ұлы ақыны бар. Олар шығармашылық тұрғысынан ғана, замана дамуы жөнінде де өз түсінігімен бақталас болған, 1913-1916 жылдар Омбының оқытушылар семинариясында оқып жүргенде-ақ жұлдыздары жараспаған Мағжан мен Сәкен. Олардың триумфы мен трагедиясы, салтанаты мен қасіреті қазақ әдебиеті үшін еш уақытта ізі өшпейтін үлгі-өнеге болуға тиіс».

Сондай-ақ, ғалым бүгінде бар кесапатты коммунистік идеологияның таптық, партиялық ұрандарына жауып жатқанымызды айтады. Әрине, ол шындық, сонымен қатар тағы бір шындық бар, ол субъективтік шындық, яғни бүкіл қазақ зиялылары демей-ақ қояйын, қазақ әдебиетін зерттеушілердің де, оны жасаушылардың да интеллектуалдық өрісі төмен болғанын, болып келе жатқанын енді жасырмайық. «Ауруын жасырған өледі» дегенді көп айтқанымызбен өзімізге жанастырмайтын жаман әдетіміздің енді ада болмасқа амалымыз қалмай отыр. Өлуге ешкім де құмар емес қой...» деп топшылайды.

Бірлі-жарым еңбектерде ертедегі ауызекі көсемсөзде, әдебиетте сынның элементтері бар екендігі айтылса да,  біз нысанаға алған көсемсөздегі сыншыл реализм үрдісі әлі ғылыми айналымға түскен жоқ. Алайда, ресейлік ғалым Наиля Байбатырова А.И.Солженициннің әдеби-сын және публицистикалық шығармашылығындағы реализм дәстүрі деген ғылыми еңбек жазғанына қарағанда, бұл тақырып көрші мемлекетте зерттеліп жатыр деген сөз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға