«KAZ-LLM-ге сұраныс төмен»: Тоқаев отандық ЖИ өнімін дамытуды тапсырды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық жасанды интеллект өнімдеріне сұраныстың төмен екендігін алға тартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президент қазақстандық KazLLM тілдік моделін қолданушылар санының аз екенін айтып, азаматтардың көбіне халықаралық сервистерге, соның ішінде OpenAI әзірлеген ChatGPT платформасына жүгінетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы ұлттық жасанды интеллект өнімін дамыту барысында кемшіліктердің бар-жоғын нақтылап, «салалық ведомство бұл олқылықтарды мойындай ма?» деген сұрақ қойды.
Оқи отырыңыз:
- Технологиялар туризмді қалай өзгертіп жатыр?
- Жасанды интеллект: оқушы ізденісіне кедергі ме, көмек пе
- 2026 жылы технологиялық компаниялар жасанды интеллектті дамытуға рекордтық көлемде қаржы бөлмек
Осыған орай жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев тілдік модельдер үздіксіз жетілдіруді қажет ететінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл – әлемдік жетекші компаниялар ұстанатын қалыпты тәжірибе.
Президент бұл мәселе бойынша өз алаңдаушылығын ашық білдірді.
Сіздер бұл бағдарламаны іске қостық деп айтасыздар. Ал менің білуімше, оған сұраныс әлі де төмен. Себебі ақаулары бар, тиісінше жұрт шетелдік платформаларға көбірек жүгінеді. Қазіргі күні адамдар сапасы дәлелденген сервистерді таңдауға бейім. Сондықтан отандық жасанды интеллект жобаларының айналасында нақты не болып жатқанын білгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Министрдің сөзінше, бүгінде Қазақстанда екі тілде жұмыс істейтін ірі тілдік модельдер бар. Олар қырықтан астам ақпараттық жүйеге енгізілген, оның ішінде eGov, салық және басқа да мемлекеттік сервистер қамтылған. Сонымен қатар бұл модельдер IT-компанияларға, сарапшыларға, студенттер мен ғылыми-зерттеу институттарына қолжетімді.
Бұл модельдердің сапасын үнемі арттырып отыру қажет. Біз халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз және бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз. Олқылықтар бар екенін мойындаймыз. Себебі тілдік модельдер тұрақты түрде жаңартылып отыруы тиіс. Ірі компаниялар жаңа нұсқаларын үздіксіз шығарып, оқыту процесін жетілдіреді. Біз де осы талапқа сай болуымыз керек, – деді Жаслан Мәдиев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда KazLLM өнімін 600 мыңнан астам адам пайдаланып отыр. Ал халықаралық ChatGPT платформасының қолданушылары жүздеген миллион адамға жеткен. Оның ішінде Қазақстан халқының шамамен 13 пайызы осы сервисті тұрақты қолданады.
Жиында отандық Aitu мессенджеріне қатысты мәселе де қозғалды. Министрлік дерегіне сәйкес, бұл платформаның аудиториясы 700 мыңнан асады. Алайда президент бұл көрсеткіштерді қосымша тексеру қажет екенін атап өтті.

