Жаңалықтар

Кавасаки жұқпалы ауру емес

Кавасаки тәріздес синдромды үй жағдайында емдеу мүмкін емес
Кавасаки жұқпалы ауру емес
29.10.2020 14:37 6602

Кавасаки - сирек кездестін қабыну ауруы. Бұл ауру кезінде адам денесіндегі қан тамырлары қабынып, ісінеді. Кавасаки ауруының нақты неден туындайтындығы туралы әлі де болса, ғылыми тұжырым жоқ. Бірақ, айқын бір нәрсе бар, кавасаки 80% жағдайда 1 жас пен 8 жасқа дейінгі балаларда кездеседі.

Кавасаки жұқпалы ауру емес

Кавасаки ауруына шалдыққан баланың кемінде 4 күн бойы дене қызуы түспей, жоғары температура сақталады. Денесіне қызыл бөртпелер шығады, сондай-ақ, көздің, еріннің және тілдің қызаруы, қолдың, алақаны мен табанының, мойынының ісінуі мен қызаруы байқалады. Бала өзін аса жайсыз сезініп, ауыр демала бастайды.

Кавасаки ауруы кезінде де COVID-19 секілді шамадан тыс қабыну, әсіресе қан тамырларының ісінуі аса қауіпті асқынуға алып келеді. Мұны медицинада цитокин дауылы деп атайды. Цитокин дауылы - иммундық жүйенің шамадан тыс реакциясын тудырады, иммундық жасушалардың артық мөлшері пайда болады. Соның әсерінен бұл ауруды жеңіл өткеретін науқастардың өздері кенеттен көз жұмып жатады.

Кавасаки ауруы - ағылшын тілінен аударғанда, шырышты лимфа түйінінің синдромы деп аталады. Баланың қызуы көтерілген уақытта, оны әдеттегі қызу түсіретін дәрілердің көмегімен қалпына келтіру мүмкін болмайды. Ауруға шалдыққан алғашқы үш апта ішінде кей жағдайларда бала терісінің түсіп, түлеуі де байқалуы мүмкін. Ал кей балалардың жүректерінде коронарлық артериялық аневризмалар пайда болуы да кәдік.

Кавасакидің неден, қандай жағдайда пайда болатыны белгісіз болғанымен, ол генетикалық тума бейімі бар балаларда иммундық жүйенің инфекцияға шектен тыс реакциясынан пайда болады деп болжанады.

Мамандар кавасакиді жұқпалы аурулар қатарына жатқызбайды. Алайда, соңғы уақытта COVID-19 пандемиясының ізін ала ел ішін дүрліктіруі мамандарды оның бұл инфекциямен байланысын зерттеуге мәжбүр етті.

Кавасаки жұқпалы ауру емес   

Кавасаки ауруының белгілері байқалған бетте балаға алғашқы ем ретінде жоғары дозадағы аспирин мен иммуноглобулин беріледі. Жоғары температура кезінде қызуды түсіруге парацетамол (ацетаминофен) немесе Ибуфен секілді дәрілік заттар  онша әсер етпейді. Науқас бала дәрігерлердің жедел бақылауына алынуы керек. Егер науқас балада тек қана дене қызуы байқалса, онда оның қызуын 24 сағат ішінде түсіруге әрекет жасалады. Ал кей жағдайларда жоғарыда айтып өткенміздей, кавасаки ауруы коронарлық артерияға қатысты болса, басқа емдеу тәсілі қолданылады, кейде тіпті хирургиялық араласу да болуы мүмкін.  

Қауіптілігі де сонда, егер емдеу шаралары дер уақытылы қолға алынбаса,  коронарлық артериялық аневризмалардың көлемі артуы өкінішті жағдайға әкеліп соқтыруы да мүмкін. Кавасаки ауруынан кейін коронарлық артериялық аневризмасы бар балалар медицина мамандарының кардиологиялық бақылауында болуы тиіс.

Сөз басында айтып өткеніміздей, кавасаки ауруы сирек кездеседі. Ол мыңнан бір балада кездесуі мүмкін.  Және бұл ауруға қыз балаларға қарағанда ұл балалар жиі шалдығады.

Кавасаки ауруына 1967 жылы токиолық балалар дәрігері Томисаку Кавасаки алғаш сипаттама берген болатын. Бұл аурудың кавасаки деп аталуы да сол дәрігер есімімен байланысты.  Ауру алғаш рет сол жылы Жапонияда анықталған. Бүгінге дейін оның осы Жапон елінде жиі кездесетіні анықталып отыр. Кавасакимен әлемнің барлық елдері күресуде.

Кавасаки жұқпалы ауру емес

Дене қызуынан кейінгі науқас балаларда жиі кездесетін синдром - қостараптық конъюнктивті қабыну деп аталады. Көз конъюнктивиті әдетте қызба басталған соң көп ұзамай аурудың өткір кезеңіне өткенде пайда болады. Бұл ары қарай көз қанталауына ұласуы мүмкін.

Кавасаки ауруының белгілері ауыз қуысында да пайда болады. Ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шырышты қабаты ашық қызыл түске «боялады». Тіл қатты қызарып, дәм сезу бүртіктері ісінеді.

Кавасаки ауруының Covid-19 вирусымен бірге жүруі мүмкін екендігі бұған дейін де мамандармен ескертілген болатын.  

Covid-19 вирусы алғаш етек алған уақытта балалардың оның жеңіл түрімен ауырғандығы белгілі. Іле-шала КВИ балаларға жұғады деген қауесеттің ел ішінде тарауы шын мәнінде ата-аналардың балалары үшін алаңдауына себеп болды.

Бір нәрсенің аражігін ажыратып алуымыз керек. Кавасаки КВИ-дің салдарынан туындаған жұқпалы дерт емес. Ол адамнан адамға жұқпайды. Бұл ауру түрі пандемияға дейін де болған, алайда оның сирек кездесетіндігіне байланысты біздің ол туралы аса біле бермеуіміз де заңдылық. Әлемді айтпағанда, біздің еліміздің өзінде бұл індетке шалдыққан балалар пандемияға дейін де ауырды. Алайда, жоғарыда атап өткеніміздей, сирек кездесетін ауру түрі болғандықтан, Қазақстанда бұл аурумен жылына екі-үш бала ғана ауырған. Әрі олардың жасы тым кішкентай, бес жасқа да жетпеген сәбилер болған.

Мамандар қазақстандық балалар арасында кездескен ауру түрін кавасакидің нақ өзі емес, оның симптомы дейді. Яғни уақытша Covid-19 індетімен қабаттасқан мультижүйелік қабыну синдромы. Бұл аурудың белгілері әсіресе, індеттің жеңіл және симптомсыз түріне шалдыққан балаларда байқалады. Синдром дене қызуының көтерілуінен басталып, кейін балада ентігу мен жөтел пайда болады. Сондай-ақ, кавасаки синдромына ұқсас бала денесінде бөртпе пайда болып, тілдің, еріннің қызаруы, алақанның ісінуі байқалады. Мультижүйелік қабыну кезінде балада конъюнктивит белгілері білініп, лимфа түйіндері үлкейеді. Кеуде тұсының қысылып, жүрек тұсының, ішінің ауырғандығын айтып, мазасыздануы мүмкін. Сондай-ақ, жүрек айну, диарея, құсу секілді ауру белгілері болады.

Мультижүйелік қабыну кезінде де кавасаки кезіндегі секілді дене температурасы түспей қояды. Егер уақытылы дәрігер көмегіне жүгінбесе, бала алқынып, тыныс алуы қиындай түсуі мүмкін.

Бұл синдром коронавирус жұқтырған балаларда екі-үш аптадан кейін байқалған. Қорқудың қажеті жоқ, бұл бұл ауру емдеуге келеді және оның қайғылы жағдайға душар етуі өте сирек. Ең бастысы, синдром байқалған уақытта бірден учаскелік дәрігерге қаралу қажет.

Кавасаки синдромы әлі күнге дейін толық зерттелмеген болып табылады. Оның пайда болу жолы да белгісіз.

Кавасаки жұқпалы ауру емес

Сондай-ақ, ауру белгісі байқалған уақытта бірден балаға неше түрлі дәрі-дәрмек пен дәрумендерді өз бетінше бере бермей, медициналық кеңес алу маңызды. Кез-келген вирусты аурулардан соң асқынулар болады. Коронавирустың асқынуы кавасаки тәрізді синдром немесе көпжүйелі қабыну синдромы деп аталады. Бұл ауру кезінде адам ағзасындағы бір ғана мүше қабынбайды. Ол көптеген мүшені немесе жүйені зақымдайды. Әсіресе, қан-тамыр жүйелері мен тамырлардың қабынуына соқтыруы мүмкін. Яғни адамның қай жерінде вирус көп шоғырланса, сол жерде қабыну деңгейі жоғары болады.

Балаларда майда тамырларға зақым келіп, миға, жүрекке не ішкі мүшелерге қан құйылу қаупі де болуы мүмкін. Соның салдарынан ағзада сепсис немесе токсикалық шок болады.

Есіңізде болсын, кавасаки тәріздес синдромды үй жағдайында емдеу мүмкін емес. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған емдеу алгоритмі бар. Дәрігерлер осы алгоритм бойынша емдеудің әрбір кезеңін алдын-ала тағайындап отырады.

Кавасаки ауруы тек ерте балалық шақта дамиды, ал мультижүйелік қабыну синдромы 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарда да кездеседі.

Кавасаки синдромы кезінде баланың иммундық жүйесінде бұзылыс болады. Бұл әрине, қан тамырларының қызметіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Осылайша, баланың иммундық жүйесінің өзі бұл аурудың дамуына «жол ашады». Тромбтардың түзілуі, жүрек жұмысына ауыртпалықтың түсуі – ең қауіпті жағдай адам өліміне алып келуі де ғажап емес.

Баланың денсаулығын сақтап, қандай болмасын аурудың алдын алудың бір жолы – баланың қоғамдық орындарда маска тағуын қадағалау, қарапайым гигиеналық талаптарды сақтауын талап ету, үй бөлмелерін жиі желдетіп, шаң-тозаңсыз таза ұстау, баланың уақытылы әрі құнарлы тамақтануын бақылауға алу, сондай-ақ, оның сыртқы ортамен, айналамен байланысын шектеу.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға