Жаңалықтар

Катонқарағай полицейлері кеңес заманында салынған ғимаратта қызмет етіп жүр

Катонқарағай полицейлері кеңес заманында салынған ғимаратта қызмет етіп жүр
Фото: © Polisia.kz 13.07.2023 20:48 846

ІІМ басшысы жұмыс сапарымен Катонқарағай ауданы полициясына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір әкімі Ермек Көшербаевпен бірге қайта қалпына келтіріліп жатқан Катонқарағай ауданы полиция бөлімшесінің жұмысымен танысты.

Eстеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы ұлттық құрылтайда республиканың шекара шебіндегі Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарының мәртебесін қайта қалпына келтіруді тапсырған болатын. 

Марат Ахметжанов ғимараттың жай-күйін, қызметкерлердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін қарап, жергілікті полицияның жұмысын тексеріп, тәртіп сақшыларымен сөйлесті. 

Катонқарағай полицейлері қызмет ететін ғимарат өткен ғасырдың 80-жылдарының басында, яғни Кеңес Одағы кезінде салынған. Аталмыш нысанда ондаған жылдардан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Полиция ведомствосының басшысы ШҚО әкімімен тозығы жеткен ғимарат пен жұмыс кабинеттерін жөндеу мәселесін талқылады. Министр полицейлердің құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті. 

Облыс әкімі ғимаратты жөндеуге және полиция бөлімшесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бюджеттен кезектен тыс қаражат бөлу мәселесі жақын арада қаралатынын айтты. 

Жеке құраммен кездесуде министр Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған міндеттері мен министрліктің нақты талаптары туралы еске салды. 

Сонымен қатар Марат Ахметжанов кәсіпкерлермен және жергілікті активпен кездесіп, оларды толғандыратын сұрақтарды тыңдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға