Жаңалықтар

Каспийді сақтауға арналған ғылыми жоба ТМД елдерінің премьер-министрлеріне таныстырылды

Каспийді сақтауға арналған ғылыми жоба ТМД елдерінің премьер-министрлеріне таныстырылды
Фото: primeminister.kz 16.12.2024 10:48 101

ТМД елдерінен Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің инженерлік және ғылыми жобалары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) Үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында ұсынылды. Шара Бауман атындағы ММТУ алаңында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап. 

«Орбита Каспия» жобасының авторларының бірі, Бауман атындағы ММТУ студенті Орынбасар Жантөреев, Каспий теңізінің таяздану мәселелерін шешу үшін ғарыштық мониторинг пен шекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған технологияларды енгізуді ұсынады.

Мен Ақтау қаласында тұрамын. Қазақстанда кезінде Арал теңізі болған, ол толық дерлік құрғап қалды. Каспий теңізінің де осындай тағдырға ұшырауын қаламаймыз. Біздің жоба Каспийдің таяздануын ғарыштан бақылауға бағытталған, – дейді Орынбасар Жантөреев.

Жобаны Каспий маңы елдерінің үкімет басшылары қолдады.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов:

Әртүрлі елдердің жастары бірігіп, ғылыми мәселелерді шешіп жатыр. Бұл – болашаққа жасалған үлкен қадам, – деп атап өтті.

Айта кетейік, жақында Мәскеуде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шара Н.Э. Бауман атындағы ММТУ алаңында өтті, онда делегация мүшелеріне Ресей жоғары оқу орындарында оқитын ТМД елдері студенттерінің инженерлік жобалары мен ғылыми әзірлемелері таныстырылды. 

Кеңес отырысына ТМД-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары: Әзербайжан Республикасы – Әли Асадов, Беларусь Республикасы – Роман Головченко, Қырғызстан Республикасы – Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы – Михаил Мишустин, Тәжікстан Республикасы – Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасы – Абдулла Арипов, сондай-ақ, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян; Достастықтың қауымдастырылған мүшесі ретінде Түрікменстан Республикасының ТМД жарғылық және өзге органдары жанындағы Тұрақты өкілі Назаркұлы Шакулыев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға