Каспийдегі итбалықтардың қырылуына не себеп? Жас ғалым тұжырымын айтты
Қазақстанда ғылымға бет бұрып, оның дамуына үлес қосып жүрген жастардың саны артып келеді. Солардың бірі – Назарбаев университетінің жас ғалымы Айым Дүйсен. Ол мектепте оқып жүрген кезінен бастап түрлі жобаларға қатысып, бүгінде халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, елімізде ғылыми зерттеумен айналысып жүр. El.kz интернет порталы жас ғалыммен сұхбаттасып, оның ғылымға келуі, зерттеулері, алған тәжірибесі жайлы әңгімелесті.
Ғылымға деген қызығушылық
Айым Дүйсен бала кезінен-ақ ғылыми ойлауға бейім болғанын айтады. Оның ғылымға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында қалыптаса бастапты.
Мен басында ғылымға қызығушылығым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бакалавриат оқып жүрген кезде пайда болды деп ойлайтынмын. Кейін, оқушы кезден ғылыми ойлау қабілетім дамығанын түсіндім. 6-сыныптан 11-сыныпқа дейін математика пәнінен ғылыми жобаларға қатысатынмын. Облыстық ғылыми жобалар сайысында, қателеспесем, екінші орын алғаным есімде. Әр естіген ақпаратыма бір емес, әртүрлі әдебиеттен бірнеше дәлел іздеуге тырысатынмын, – дейді ол.
Ғылымға деген ынтасын ұстаздары мен репетиторлары арттырған.
Қонаев қаласында орта мектепте оқысам да, маған білім берген мұғалімдерім мен репетиторларым ғылыми ойланатын, әрқашан ізденісте болатын. Олармен жиі сөйлесу, пікірталастыру ғылыми қызығушылығыма әсер етті деп ойлаймын, – дейді Айым.
Осы ізденістің нәтижесінде ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да биология мамандығын тәмамдап, Іле өзеніндегі Қытайдан келетін ластанған судың ағзаға тигізетін зиянын гистопатология әдісімен зерттеген. Сөйтіп, Назарбаев университетінде магистратурада білімін жалғастырып, ғылымға толыққанды бет бұрды.
Халықаралық тәжірибе: Португалия мен Испания
Ғалым ретінде өсу жолында Айым үшін ерекше тәжірибе сыйлаған сәттердің бірі – Португалия мен Испаниядағы ғылыми жобаға қатысуы.
Мен үшін Португалия және Испанияға барып, халықаралық жобамен айналысу, шетелдегі лаборатория мүшелерімен әңгімелесу – ғылымда қандай жүйенің дұрыс не бұрыстығын көруге мүмкіндік берді. Олар үшін экспериментке керекті реагент немесе затты тапсырыс беру мүлдем қиын емес екен. Тапсырыс келесі күні немесе бір аптаға жуық уақытта келе қояды, – дейді жас ғалым.
Жас ғалым Қазақстанда тапсырыс берудің қиын екенін айтты.
Бізде тапсырыс беру үшін дистрибьютор компанияларға шығу керек, өзіңіз тура сайттан тапсырыс бере алмайсыз. Бағасы да 2-3 есе артық. Жеткізу уақыты 2 айдан асып кетеді, ал кейде жарамдылық мерзімі өтіп кетуі мүмкін. Бұл ғылымның Қазақстанда дамуын өте бәсеңдетеді, – дейді ол.
Шетелдік тәжірибеден ол ғылыми ассистенттердің жүйесін көріп қайтқан.
Австралиялық команданың айтуынша, бакалавриат немесе магистратурадан кейін жай ғана ғылыми ассистент болып қалатындар көп. Олар жобада докторлық қорғаған және қорғап жүрген ғылыми қызметкерлердің командасымен жұмыс істейді. Бұл жобалардың тез іске асуын қамтамасыз етеді. Ғалымдар тек эксперименттің дұрыс өтуін қадағалап, ақауларды шешуге, мақала жазуға ден қояды. Маған бұл жүйе өте ұнады, – дейді Айым.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алуы
Айым үшін маңызды жетістіктердің бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленуі. Бұл байқауда Қазақстан бойынша тек 5 жасқа грант берілген.
Бұл конкурс жайлы «Ойорда» кітап клубында білдім. Өз жобаммен айналысу өте қызық болды. Профессормен ақылдасу арқылы тақырып таңдадым және жобаға керекті құжаттарды толтырып тапсырдым. Сөйтіп, барлық 62 адамнан 5 жеңімпаз таңдалған екен. Грант 3 миллион теңге, кішкентай болса да, маған жеке жобамен қалай жұмыс істеу керегін үйретті, – дейді ол.
Жоба барысында Айым тапсырыс беруді, жаңа құралдармен жұмыс істеуді, қиындықтарды шешуді де үйренген.
Әрине, жеке жоба деп айтылғанымен, профессорым және лабораториядағы әріптестерімнің көмегімен бұл жоба дамып жатыр. Жыл соңына дейін ең маңызды эксперименттер бар, олардың нәтижесін асыға күтіп отырмыз, – дейді жас ғалым.
Каспий теңізіндегі зерттеу
Қазіргі таңда Айым Назарбаев университетінің зертханасында экология бағыты бойынша жұмыс істеп жүр. Оның негізгі жобасы – Каспий теңізіндегі микробалдырларды зерттеу.
Қазіргі кезде Каспий теңізінде жалғыз сүтқоректі – Каспий итбалықтары жойылып кету қаупінде. Көптеген шетелдік ғалымдар өз елдеріндегі итбалықтардың өлімін зерттеу арқылы микробалдырлар токсинінің қатысы бар екенін анықтаған еді. Біздің елдегі жағдай да микробалдырларға қатысы бар деген болжамды ұсынамыз. Себебін анықтаудың өзі өте маңызды, – дейді ол.
Зертхананың басты ерекшелігі – заманауи цитометрия технологиялары.
Цитометрияның түрлерімен жабдықталған зертханада клеткаларды жеке-жеке түсіріп, классификациялау жеңілдетілген. Әр жасуша бойынша өлшемдерді жүйе өзі шығарып береді. Бұл ғылыми жұмысты жылдам әрі сапалы етеді, – дейді Айым.
Ғылымдағы жүйелік кедергілер
Айым Қазақстанда ғылыммен айналысуға кедергі келтіретін бірнеше факторды атап өтті.
Университеттен рұқсат қағазымыз болса да, үлгілеріміз жай ғана су болса да, аэропорт қызметкерлері ұшаққа кіргізбей, алып қойған кездер болды. Шетелден тапсырыс беру кезінде де қиындық көп. Бұның барлығы ойлаған идеяларды уақытылы іске асыруға мүмкіндік бермейді, – дейді ол.
Сонымен қатар грант жүйесіндегі кешігулерге тоқталды.
Гранттың банк шотына түсуі уақыт алатындықтан, жобадағы біраз нәрсе кешіктіріледі. Бұл – ғалымдар үшін үлкен қиындық, – деді ол.
Айымның айтуынша, Қазақстан ғылымының болашағы жарқын. Ол үшін тек жүйелік кедергілерді шешу қажет.
Менің ойымша, жоғарыда аталған факторларды шешу арқылы Қазақстанда ғылымды өте жақсы дамыта аламыз. Көптеген ғалымдарда өте күшті идеялар бар. Егер осы қиындықтар жойылса, басқа елдерден алға шығуға, көбірек мықты командалармен коллаборация жасауға мүмкіндік туады, – дейді жас ғалым.
Мақсаттары жайлы
Айым ғылымды өзінің басты өмірлік миссиясы деп санайды.
Арманым – Қазақстандағы ғылымның дамуына, мықты ғалымдардың идеяларының жеңіл іске асуына септігімді тигізу. Алдағы мақсатым – докторантураға оқуға түсіп, мықты командаға барып, тәжірибе жинау. Жазылған мақалаларды жариялап, қазіргі жасап жатқан жобамды соңына дейін жеткізіп, нәтижелерді анализдеп, нақты жауабын қорытындылау, – дейді ол.
Айым үшін ғылым – тек зерттеу жұмысы ғана емес, күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.
Маған ғылым өте ұнайды, ғылымды оқу барысында үйренген дағдыларымды, алған тәжірибемді әрқашан өмірде қолданамын. Кез келген жаңа нәрсе үйрену үшін көп ізденемін, шешім қабылдауда ғылыми тәсілдерді қолданамын. Бұл – менің қоғамға да пайда тигізуімнің жолы, – дейді жас ғалым.

