Жаңалықтар

Каспийде мекендейтін жануарлар тағдыры қалай болмақ?

Каспийде мекендейтін жануарлар тағдыры қалай болмақ?
Фото: Ашық дереккөзден 03.09.2023 09:49 1023

Каспий теңізінің елеулі бөлігі Қазақстанға тиесілі. Екі жарым мың шақырым қашықтыққа созылған жағалау Атырау мен Маңғыстау облыстарын қамтыған бұл аралықта көптеген елдімекендер мен Ақтау, Форт-Шевченко секілді қалалар орналасқан. Алайда Каспий теңізінің соңғы жылдардағы экологиялық ахуалы баршаны алаңдатып отыр. Жыл сайын теңіз деңгейі төмендеп, бірнеше рет итбалықтардың қырылу дерегі тіркелді. Бұл өңірдің ғана емес, теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің де ортақ мәселесі деуге болады. Жылда ондаған, тіпті жүзге жуық итбалықтардың белгісіз жағдайда қырылуының себебін әркім әртүрді айтады. Ал Маңғыстау облыстық экологиялық қоғамының төрағасы Орынбасар Тоғжанов Каспийдің ғылыми зерттелмеуінен көптеген мәселелердің мәнісі әлі күн анықталмай отырғанын айтады. Эколог теңізді мекен еткен итбалықтардың екі ғасырдан бергі тарихы туралы көптеген деректерді алға тартып,  El.kz ақпарат агенттігіне бірқатар мәселелерді жеткізді. 

Каспий теңізі бұл био ресурстарға бай, ішкі су қоймасын зерттеу үшін Патша үкіметі 1897 жылы Астрахань қаласында тұңғыш рет ғылыми зерттеу орталығын құрған. Бұл қазіргі мезгілде Каспий балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты деп аталады. Бұл аздық етті де, 1905 жылы орыс-жапон соғысында Ресей империясы жеңіліп жатқанына қарамастан екінші зерттеу орталығын құруға тапсырма берді. Бұл орталық Петербургтегі академик Шершов атындағы мұхитты зерттеу институтының Каспий филиалы деп аталды. Осы екі ғылыми зерттеу орталығы бірден Каспий теңізін зерттеуге кірісті. 1905-1910 жылдары Каспий теңізі туралы өздерінің ғылыми еңбектерін жариялады. Сонда Каспий теңізінде 1,1 миллион итбалық бары айтылған. Бұл неге керек еді? Себебі, итбалықты аулау керек болды. Әсіресе, оның майы сабын өнеркәсібі үшін қажет болды. Терісін киім тігуге пайдаланды. Сонымен қатар, итбалықтың өтінен безгекке қарсы дәрілер жасады. Оны лихорадка деп атайды. Ал 1980-1985 ғылыми зерттеу жұмыстарының мәліметі бойынша Каспий теңізінде 450 мыңдай итбалық бар деп есептелді. Оның себебі бар.

ХІХ ғасырдан бастап итбалықты аулады деп жоғарыда айттым ғой. Нақтырақ айтқанда, 1890 жылы 160 мың итбалық ауланған. Патша үкіметінің бұл туралы есебі бар. 1870-1915 жылдардың арасында жылына 115 мың итбалық ауланған. Бұл орта есеппен алғандағы нәтиже. Бір жылдары көп, кейде аз ауланды дегендей. 1915-1920 жылдары итбалық ауланған жоқ. Себебі, бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Революция, азаматтық соғыстың болуы аталған өнеркәсіпке өз кесірін тигізді. 1920-1950 жылдар аралығында жылына орта есеппен 104 мың итбалық ауланып отырған екен. 160, 115, 104 мың... Осылай азая берді. Енді итбалықты аулауды Кеңес одағында үлкен кәсіп деп есептеді ғой. Осыған байланысты 1930 жылдары итбалық аулауға қатты көңіл бөлді. Мысалы, 1935 жылы Каспий теңізінен 228 мың итбалық ауланған. Бұл Каспийдегі итбалықты ең көп аулаған жыл болды. Содан кейін азая берді. 1950 жылдары жылына тек 50 мыңдай ғана итбалық ауланып отырды. Ал 1960 жылдары тіпті азайып кеткен. Осыдан кейін итбалықтың күшігін аулау белең алды. Оны белок деп атайды. Ол туған уақытта күшігі аппақ үлпілдеген жүнді болады. Сол күйінде мұз үстінде жатқан жерінде аулау басталды. Ал бірнеше күн өткеннен кейін ол ақ жүні сұрғылт түске өзгереді. Оны себар деп атайды. Жылына 50 мыңдай итбалық күшігін аулаған жылдар болды. Бірақ олардың саны 70 жылдарға қарай азайып, мүлдем тиімсіз болып шықты. Қазіргі мезгілде итбалық аулау тоқтатылған. Себебі, саны өте азайып кетумен байланысты болып отыр. Соңғы жылдары итбалықтың өлімі де көбейіп кетті ғой.

1997-2001 жылдары арасында итбалық көп қырылған жағдайлар тіркелді. 2000 жылы Әзербайжанда, Ресей мен Қазақстан, Түрікменстанның бергі шекарасына жақын аймақтарда 30 мыңның үстінде итбалықтардың қырылғаны анықталды. Бұны зерттеп қарады. Зерттеген уақытта «ит чумасы» деп айтылды. Бұл өте жұқпалы ауру. Енді осы 2005-2012 жылдардың арасында халықаралық ғылыми зерттеу тобы құрылып, оның ішінде Швеция, Ресей, Әзербайжан, Қазақстан және бірнеше елдерден құрылған зерттеу тобы итбалықты зерттеді. Сол кезде олардың саны мүлдем аз болып шықты. 2012 жылы Каспий теңізінде 100 мыңның үстінде ғана итбалық бары белгілі болды. Мысалы, 1985 жылы 450 мың болса, 2012 жылы 100 мыңның шамасында ғана қалған. Бұл өте проблемалы мәселе.

Итбалық ақпан айында туып, айдың соңынан қарай түлей бастайды. Олардың түлеуі көктемге дейін созылып, тіпті жағаға шығып жатады. Міне, осындай кездерде итбалықтың негізгі бөлігі оңтүстікке қарай жайылымға кетеді. Ал оңтүстікте жаз бойы болып, қыста қайтадан теңіздің солтүстігіндегі мұзға келеді. Мұз үстінде балалау процесі жүреді. Түлеу бұл адам жоқ жерде жүзеге асады. Негізінен құмды жағалауларда болады. Сол арқылы олар тынығып, демалады. 2008 жылы демалыс кезінде Бозащы түбегінің терістік бетіндегі Дурнов аралдарында 30 мың итбалықты санады. Олардың демалуы Құлалы, Құланды аралдарында жалғасады. Сонымен қатар, Кендірліге келіп жатады.

2015 жылы қайтадан ҚР үкіметі қаржы бөліп, жекеменшік ғылыми зерттеу институты елеулі жұмыс атқарып шықты. 2015 жылы қарағанда Дурнов аралдарында бірде бір итбалықты кездестірмегенін мәлімдеді. Ұшты-күйлі жоқ болып шықты. Ал Кендірлінің тасасында 2009 жылы 700 итбалық саналған еді. 2015 жылғы зерттеуде көктем-күз айларында небәрі 210 итбалық саналды. Бұл не деген сөз? Адамдар итбалықтың демалатын жеріне де аяқ басты дегені... Олар тыныштықты сүйетін теңіз жануары. Адамдар жүретінде жерде өмір сүре алмайды. Кендірліде демалыс базасы бар. Айналасында балық аулайтын учаскелер орналасқан. Осындағы демалушылар мен қаскөйлер сондағы итбалықтарға да тыным таптырмайды. Балық аулау мен құс ату кезінде итбалықты да атқан жағдайлар болды. Торға түсіп қалған итбалықтарды босатып алған деректер тіркелді. Кендірліде итбалықтардың жүретін аумағына құрылыс салды. Ол жерге ықпалды адам болмаса, бірдеңе салу мүмкін емес еді. Ерекше қорғалатын аймақтан мұндай нысандар алынып тасталуы керек. Әйтпесе итбалықты қорғау мүмкін емес.

Итбалықтың өлімі неден болады деген сұрақтың тууы заңды. Олар орта есеппен 30-35 жыл өмір сүреді екен. Мысалы, 1 миллион итбалықтан жылына 3 мың итбалық міндетті түрде өліп отырады. Қартайғаннан өледі. Саны 100 мың болғанда 300-дің үстінде итбалық мерт болады. Бұл жануар екі жағдайда ұйықтайды. Біріншісі, судың астына түсіп ұйықтап, 2-3 сағат сайын су бетіне шығып отырады. Екіншісі, жағалауда ұйықтайды. 350 мың итбалықтан 1 мыңы өледі. Көп жағдайда теңіздің ішінде өліп, денесі жағалауға шығып қалатын жағдай болады. Ұйықтап жатып та өлуі мүмкін. Біз мезгілде жағалауға шығу деген сөз – бір нәрсе оларға тікелей әсер етті деген мәселе. Көп өліктің бір мезгілде шығуы мүмкін емес. Олар теңізде балық жеп күн көреді. Оның ішінде кильки, су түбіндегі донный, предонный деген кішігірім балықтарын, криветки, малюскаларды жейді. Ал енді соңғы жылдары итбалыққа ешкім тиісіп жатқан жоқ. Арасында 40-50-і балықшылардың торына түсетін шығар. Бірақ өспеуінің себебін ешкім білмейді. Себебі, Қазақстанда бірде-бір ғылыми зерттеу институты осы кезге дейін құрылмады ғой. Жалпы алғанда Ресейде 6 ғылыми зерттеу институты Каспийді зерттейді. Әзірбайжанда да ғылыми зерттеу институты бар. Түрікменстан да былтыр зерттеу институтын құрды. Ал Қазақстанға тиісті Каспий теңізінің жағалауы бұл 2,5 мың шақырымға жуық немесе бүкіл теңіздің жағалау сызығының 29,5 пайызын құрайды. Яғни, теңіздің үштен бірі Қазақстанға тиесілі. Соған қарамастан осы кезге дейін Қазақстанда бірде бір мемлектеттік институт құрылмады. Жекеменшік зерттеу ғылыми институттары бар. Оларға ақша берсе, белгілі бір нысанды зерттейді. Болмаса ол да жоқ. Теңізде жүрген тірі итбалықты ұстап, оны биологиялық-ветеринарлық зерттеу жүргізіп, денесінде не бар, немен ауырады? Денесінде қандай элементтер жетіспейді? Не әсер ететінін зерттеп, қайтадан жіберіп отыруы керек. Сондай жағдайда ғана біз итбалықтың неден өлетінін біліп отырамыз. Немен ауыратынын да анықтар едік.

Ересек итбалық күніне 3 келіге дейін балық жейді. 1 млн итбалықтың 500 мыңын ересек деп есептесек, олар күніне кемінде 1,5-2 млн келі балық жейді. Қазіргі кезде теңізде итбалықтың азығы бар ма? Оны да ешкім білмейді. Жалпы, судағы тіршілік төртке бөлінеді. Судың табанындағы шөгіндіде өсетін тіршілік бентос деп аталады. Бентос екіге бөлінеді. Бірінші шөп түріндегісі. Екіншісі өсімдік түрінде болады. Шөп түрі фитобентос деп аталса, жәндік түріндегісі зообентос деп аталады. Енді судың кез келген суын мөлдір ыдыспен қарасақ ол аздап лай болып тұрады. Осы лай планктон деп аталады. Бұл да тіршілік иесі. Осының өсімдік тәріздес және жәндік тәріздес түрі бар. Өсімдік түрі фитопланктон деп айтылса, жәндік түріндегісі зоопланктон деген атауға ие. Теңізде өз бетімен жүзіп жүретін кішкентай жәндіктерден бастап китке дейін тіршілік иесі болады. Ол бетімен қозғалады. Ал планктон тек қалқып тұрады. Бұлар нейстон деп айтылады. Енді сумен атмосфераның арасында судың бетінде тіршіліктің иесі болады. Қарап отырсаңыз бірдеңелер жүгіріп жүреді. Не болмаса біз сөзбен айтқанда некстон деп аталады. Осы төрт түрлі тіршіліктің иесінің біреуінде олқылық болса, бір-біріне әсер етеді. Себебі олардың барлығы бір тізбектің бойында тұр. Мысалы, итбалықтың көбі өлген соң теңіздің түбіне шөгіп кетеді. Балық та, басқасы да сөйтеді. Олардың барлығы теңіздің түбін құнарландырады. Су түбіндегі зообентос пен фитобентостың азығына айналады. Топырақты құнарландырып, қайтадан шөп өсіп шығады. Сосын тіршілік қайтадан жалғасып жатады. Осылардың қайсысының қазіргі күйі қандай? Қазақстан тарапы 30 бойы білген жоқ. Осы уақыт аралығында зерттелмеді. Бұл мәселе қаншама рет айтылып, жазылды. Былтыр қыркүйекте презизент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына келген сапарында Каспий ғылыми-зерттеу институтын құру жөнінде тапсырма берді. Енді осының нәтижесін бәріміз күтіп отырмыз.

2000 жылы 30 мыңға дейін саналған еді. 750 итбалық қана саналған кездер болды. Қазақстан аумағында теңіз шекара өте ұзын. Осы аумақтан бірнеше рет өлі итбалықтар табылды. Көбіне денесі шіріп, өлген уақыты белгісіз болып шығады. Оны анықтау көп жағдайда мүмкін емес. Итбалық тірі күйінде қандай? Соны қарап отыру керек еді. Теңізден, өздері оқшау жүретін жерден ұстап, көріп, зерттеу керек. Содан кейін теңізге қайта жіберуі тиіс. Сөйтіп, бірнешеуін зерттегеннен кейін ғана оның себебін анықтауға болады. «Мынадай аурумен ауырып жүр, мынадай шара қолдану керек дегендей. Оның әсері мынадай» дейді. Ғылыми зерттеу институты міндетті түрде керек. Содан кейін ғана айтпаса, қазіргі мезгілде Қазақстан итбалық жөнінде ештеңе айта алмайды.

Әркім әртүрлі айтады. Каспий теңізі бойынша шамамен жүз мыңдай болуы керек. Себебі, біреу 300 мың дейді. Енді бірі 200 мың десе, тағы бірі 100 мың деп жүр. Қалай болғанда да 2012 жылдан кейін толық санақ жүрген жоқ. 2012 жылы халықаралық ғылыми зерттеу тобы зерттегенде 100 мыңға тоқталды. Авиасанақ арқылы жүріп, белгілі бір аумақ бойынша бақылап отырады. Әсіресе, олар күшіктеген уақытта мұз қатқан аумақпен жүріп өтеді. Себебі, итбалықтар мұз үстінде жатқан уақытта балаларын тастап кетпейді. Сондай кезде биік ұшып, фотоға түсіреді. Сол арқылы санын анықтайды. Белгілі бір кординаттармен ұшады. Арасын бірдей жиілікті ұстайды.

Ешқандай шара болған жоқ. Тек қана зерттеу жұмыстары жүргізілді. Өліп қалғандарын арнаулы жерге апарып, ауру тарап кетпес үшін өртеп, көміп тастады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға