Каспий теңізіне шамамен 17 млрд текше метр су жіберілді
Жыл басынан бері Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне 16,7 миллиард текше метр су жіберілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Жайық өзенінің орташа көпжылдық ағыны 9,46 текше шақырымды құрайтын. Бірақ биыл су көлемі орташа жылдық нормадан асып түсті.
Айта кетейік, өзен ағыны Ресейдегі Ириклин су қоймасынан жіберілген су көлеміне байланысты қалыптасады.
Жыл басынан бері министрлік өкілдері Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерінен келген әріптестерімен трансшекаралық өзендер мәселелері бойынша 28 кездесу өткізді. Су тасқыны кезеңінде су көлемін реттеу бойынша келіссөздер күшейтілген режимде жүргізілетін болады,- деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.