Жаңалықтар

Кәсіпорындардың 400 млн теңгеге жуық шығындары өтелді

Кәсіпорындардың 400 млн теңгеге жуық шығындары өтелді
Фото: © Pixabay.com 12.09.2023 13:23 658

2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында отандық өнеркәсіп кәсіпорындары 395,5 млн теңгеге өз шығындарының бір бөлігін өтеді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Аталмыш кезеңде «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына жалпы саны 299 өтінім келіп түскен. Оның ішінде еңбек өнімділігін арттыруға 196 өтінім және өнімдер мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге 103 өтінім түскен.  

Өтінімдерді қараудың нәтижесінде бірінші бағыт - еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша-өтелген қаражаттың жалпы сомасы 388,4 млн теңгені құрады. Бұл бағыт бойынша өтінімдердің басым бөлігі Астана, Шымкент (40) және Алматы (26) қалаларынан келіп түсті. Салалық бөліністе көбінесе машина жасау (49), тамақ және сусындар өндірісі (41) және жеңіл өнеркәсіп (28) кәсіпорындары осы бағыттағы өз шығындарының бір бөлігін өтеуге өтінімдер жіберген. Сонымен қатар, металл емес минералдық өнімдер шығаратын кәсіпорындар (23) және фармацевтикалық (17) кәсіпорындар да өтінімдер берген.

Екінші бағыт бойынша - отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша орталыққа 103 өтінім түсті. Өтелген сома 7,1 млн теңгені құрады. Өтінім беру бойынша көшбасшы өңірлер Алматы қаласы (21) және Қарағанды облысы (15) болды. Салалық тұрғыдан алғанда, бұл жеңіл өнеркәсіп (41) және машина жасау (36) кәсіпорындары.

Сонымен қатар, есепті кезеңде QazIndustry мамандары мемлекеттік ынталандыру шараларының негізгі шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша 300-ге жуық ауызша консультация және 14 арнайы іс-шара (ашық есік күндері, кәсіпорын өкілдерімен бастамашыл кездесулер) өткізіп, мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру бойынша конференциялар мен форумдарға қатысты. Сондай-ақ, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары мен Астана, Шымкент және Алматы қалаларында семинар-кеңестер ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға