Жаңалықтар

Кәсіпорындар қауіпсіздік мәселелерін елемей, пайда табуды ойлайды – ТЖМ басшысы

Кәсіпорындар қауіпсіздік мәселелерін елемей, пайда табуды ойлайды – ТЖМ басшысы
Фото: GOV.KZ 08.12.2023 11:10 1389

Төтенше жағдайлар министрлігі деректеріне сәйкес, жыл сайын қауіпті өндірістік нысандарда 20-ға жуық ірі апат болады. Негізінен жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын объектілерде, тау-кен және газ-мұнай өнеркәсіптерінде өрт тіркеледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өндірістердің технологиялық жабдықтары күн өткен сайын тозып келеді. Кәсіпорындар көбіне қауіпсіздік мәселелерін елемей, басымдықты қауіпсіздікке емес, пайда табуына қойған.

Биыл 9 маусымда «Шығыс Қаратұрын» кен орнында ашық фонтан атқылады, 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртаудың» «Қазақстан» шахтасында ірі өрт болды. 28 қазанда «Костенко» атындағы шахтада жарылыс болды. Тәжірибе көрсеткендей, көбіне өндірістік бақылау қызметі «формальді» түрде жұмыс істейді, олар анықтаған бұзушылықтарды жоймайды немесе жасырады. Басты себептің бірі – олар дербес өндірістік бақылау қызметі емес, басқа қосалқы қызметтердің құрамына енгізілген, бірінші басшымен тікелей байланыс жоқ, - деді ведомство басшысы.

Өндірістік апаттардың алдын алу мақсатында:

- ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынатын жеке-дербес өндірістік бақылау қызметін құру бойынша ұйымдарға нақты міндет бекіту;

- министрлікке қауіпті өндірістік объектілерін жаңарту мен техникалық қайта жарақтандыру жоспарын келісу, сондай-ақ ұйымдардың оны уақтылы орындау міндетін бекіту бойынша өкілеттіктер беру ұсынылады.

ТМД елдерінің тәжірибесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын білу деңгейін және ұйым басшыларының жауапкершілігін арттыру үшін заң жобасында тек техникалық басшылармен шектелмей, ұйымның барлық басшыларының емтихан тапсыруына қатысты нормалар көзделген.
Соңғы болған ірі апаттар кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің төмен деңгейдегі жай-күйін, жабдықтау тапшылығы, жеке құраммен қамтылмауы, қауіпті өндірістік нысан иелерінің қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтарды жоюға берген ұсынымдарды елемеуі, сондай-ақ құтқарушылардың еңбекақысының төмен болуы және әлеуметтік қамтамасыз етілуі бойынша жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті, - деді Шәріпханов.

Қазіргі уақытта қауіпті өндірістік объектілердегі апаттардың алдын алу мен олардың зардаптарын жоюдың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін және апаттарды жоятын күштер мен құралдардың әзірлігін қамтамасыз етпегені үшін кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің жауапкершілігін қатаңдату мәселесі пысықталып жатыр.

Әзірленіп жатқан заң жобасы шеңберінде өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша 9 толықтыру, 19 өзгеріс енгізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға