Мәжіліс

Кәсіпкерлікті дамыту үшін Сингапур моделі керек. Депутат ұсынысы

24.12.2025 17:15

Елде кәсіпкерлерді қолдайтын бірыңғай цифрлық экожүйе жоқ. Сондықтан бизнеске нақты бағыт көрсететін, қандай қолдау ала алатынын, автоматты есептеп шығаратын жүйе қажет. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Депутат кәсіпкерлікті қолдау жүйесі жұмыс істеп тұрғандай көрінетінін, бірақ іс жүзінде ол нәтиже емес, бюджет игеру жүйесіне айналып кеткенін айтуда. 

Жоғары аудиторлық палата жариялаған мәліметтер - осының нақты дәлелі. Біріншіден, қаржылай емес қолдауға, яғни «Атамекен» ҰКП монополиясында қалған оқыту, акселерация, консалтинг жобаларына миллиардтаған қаражат бөлінген. Бірақ нәтиже қайда? Он жылда Digital Atameken, Бір терезе, Бизнеске арналған үкімет секілді кемінде 5 цифрлық жоба жарияланды.
Бірақ а нақты жұмыс істеп тұрған бір жүйені көрсете аласыз ба? Бүгінде 117 түрлі қолдау тетігі бар. Ал бірыңғай цифрлық экожүйесі жоқ. Әр министрлік өз базасын жасап, деректерді қайталап толтырып, миллиондаған теңге жұмсайды. Ал кәсіпкер не істеуі керек екенін өзі де түсінбейді, - деді депутат Мәжіліс отырысында. 

Депутат GoBusiness Singapore моделіне ұқсас qBusiness платформасын құруды ұсынып отыр. Яғни бизнеске нақты бағыт көрсететін, қандай қолдау ала алатынын, оған қанша мүмкіндік бар екенін автоматты есептеп шығаратын жүйе керек.

Сонымен бірге, А. Қожаназаров «Даму» қорын реформалауды да ұсынды. Себебі субсидия алған бизнес салыққа 1 теңгеге 3 теңге ғана қайтарады.

Демек, ақшаны тарату бар, нәтиже жоқ деген сөз. Сондықтан бірнеше оператор бәсекелестік ортада жұмыс істеуі керек. Субсидия барлық кәсіпке емес, өсім көрсеткен жобаларға ғана берілуі қажет. Айналым қаражатын емес, нақты инвестицияны қолдауға көшу керек, - деді ол. 


Спикер ұлттық компаниялардың импортты арттырып жатқанын да көтерді. 2024 жылы 29 трлн теңгеге тауар, жұмыс, қызмет сатып алынса, соның жартысы ғана ішкі нарықта қалды.

Ауылдағы бизнеске де жүйелі қолдау жоқ. Кәсіпкер конкурс арқылы жер алады, бірақ оны нарықтық бағада сатып алмайынша, несие ала алмайды. Бұл жаңа жобалардың жолын жауып тұр, - деді Айдарбек Қожаназаров. 


Айта кетейік, бүгін Жоғары аудиторлық палата жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит есебін жариялады.