Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге берілетін 2,5 пайыздық несиені қалай алуға болады?

Кәсіпкерлерге берілетін 2,5 пайыздық несиені қалай алуға болады?
Фото: © iStock 16.05.2023 15:26 3107

Бүгінде кәсіппен айналысуға ниет білдірген жастарға арналған түрлі бағдарламалар бар. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жастардың кәсібін дамытатын бірқатар мемлекеттік жобалар қарастырылған.

Біріншісі, 35 жасқа дейінгі жастардың кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.

Оның негізінде жастар үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын кредит беру көзделген. Яғни кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін конкурс аясында микрокредиттер беріледі.

Несие беруді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жүзеге асырады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылына 2,5 пайыздан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – кепілмен қамтамасыз етудің міндетті шартымен 5 миллион теңгеге дейін болмақ.

Несиелеу мерзімі кез келген кәсіп түрі үшін бес жылға дейін, ал мал шаруашылығына жеті жылға дейін беріледі.

Бизнес-жобаларды іріктеуді комиссия жүргізеді.

Екіншісі, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастардың жаңа және қолданыстағы бастамалары үшін берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты.

Бұл жердегі мақсат – белсенді шығармашылық жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың бастамаларын мемлекеттік қолдау. Грант дарынды жастарға жыл сайын беріліп отырады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленді. Биыл 3 миллион теңге сомасында дарынды жастар өкіліне «ғылым», «мәдениет», «бизнес», «ақпараттық технологиялар», «медиа» бағыты бойынша өз жобалары мен жаңа идеяларын іске асыру үшін 30 грант беру жоспарланған.  Конкурсқа 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

Үшіншісі, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Zhas Project» жобасы.

Биыл да бұл жоба бойынша жастардың бастамаларын қолдауға 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар беру бойынша конкурс өткізілетін болады.

«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – жас кәсіпкерлерді әлеуметтік-экономикалық өмірге тарту, жұмыспен қамту, сондай-ақ әлеуметтік осал, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жастардың бизнес-идеяларына қолдау көрсету.

Шағын гранттар конкурсына 18 бен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады. Жобада жұмыссыз мәртебесі бар жастарға, аз қамтылған отбасы мүшелеріне, жетімдер және мүгедектігі барларға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, көп балалы отбасыларға, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға ерекше басымдық беріледі. Өтінімдерді қабылдау zhasproject сайтында жүзеге асырылады.

Төртіншісі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік санаттарға жататын және жұмыссыз ретінде ресми тіркелген немесе тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жастардың кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.

Өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 20-ақпанында https://business.enbek.kz порталында басталды. Грант мөлшері 400 АЕК, яғни 1 380 000 теңгені құрайды. Әрбір қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.

Гранттар мынадай мақсатты негіздеген кәсіпкерлер үшін беріледі: қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құсты, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған үй-жайлардың жалға алу ақысын төлеу.

 Азамат өтініш беру үшін:

- https://business.enbek.kz порталына тіркелуі;

- грант алу шарттарына сәйкес тексеруден өтуі;

- бизнес-жоспар шаблонын жүктеп, оны толтырып порталға жүктеуі;

- өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қоюы қажет.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға мынадай азаматтар үміткер бола алады:

- жұмыссыз ретінде тіркелгендер;

- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер мынадай әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:

- мүгедектігі бар адамдар;

- «қандас» мәртебесі бар тұлғалар;

- аймақаралық қоныс аударушылар;

- аз қамтылған отбасы мүшелері;

- көп балалы отбасының мүшесі (күйеуі/әйелі);

- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (күйеуі/әйелі);

- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің 3 жылдан аспайтын мерзіммен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алғаны туралы сертификаты болуы тиіс.

25 шілдеден бастап «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына жазылуға болады.

Оқыту skills.enbek.kz платформасында өтеді. Оқу курсына жазылу үшін жоба шарттарына сәйкестігі жайлы тексеруден өту қажет.

Бесіншісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.

Жоба аясында жастарға кәсіпкерлікті дамыту үшін 5 миллион теңгеге дейін гранттар беріледі.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бизнес-жобаның мынадай міндетті шарттары бар:

  1. кәсіпкердің бизнес-жобаға жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, оны іске асыру үшін шығындарды берілген мемлекеттік грант сомасының кемінде 20 пайыз мөлшерінде қаржыландыруы (ақшалай нысанда);
  2. жаңа жұмыс орындарын құру;
  3. кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылымды құруға көзделген инвестициялық жоспардың болуы керек.

Кәсіпкерлер мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсатта пайдаланады:

  1. тауарларды шығару немесе қызмет көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды сатып алу және қажет болған жағдайды оны жаңарту, реконструкциялау, күрделі жөндеу, шикізат пен материалдарды сатып алу;
  2. материалдық емес активтерді сатып алу;
  3. технологияларды сатып алу;
  4. кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықтарды сатып алу;
  5. зерттеу жұмыстарына немесе жаңа технологияларды енгізуге қатысты шығындарды төлей алады.

Мемлекеттік грант қаражатын өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.

Кәсіпкер өзінің бизнес-жобасын конкурстық комиссияның отырысында бейнеконференцбайланыс арқылы жеке таныстырады.

Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау барысында мынадай шарттар негізінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беру не бермеу мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды:

  1. бизнес-идеялардың жаңалығы;
  2. бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі (нарықтық қажеттілікті пысықтау – маркетингтік талдау);
  3. бизнес-жобаның дайындығы (өндірісті ұйымдастыру мәселесін пысықтау, жобаны орналастыру үшін үй-жайдың, өткізу нарығының болуы, жобаны жүзеге асыру үшін дайындық деңгейінің болуы).

Бұл ретте бизнес-идеяның жаңалығы деген критерийге облыста (республикалық маңызы бар қалаларда, астанада) тауар шығаруды, қызмет көрсетуді, жұмысты орындауды, жаңа немесе жетілдірілген технологияларды қолдануды көздейтін жобалар жатады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға