Жаңалықтар

Кәсіпкерлер ескірген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады

Кәсіпкерлер ескірген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады
Фото: primeminister.kz 31.01.2023 15:33 1053

 Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған мәселе бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізудің іске асырылуы туралы баяндады. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда реттеудің барлық 44 саласы қаралды. Онда 2 823 нормативтік құқықтық акт талданып, 128 119 талап анықталды. Олардың ішінде талаптардың 10 108-і немесе 8%-ы жаңа реттеу саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді.

Өткен жылдан бастап реттеуші мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілер аясында талаптардың күшін жою және қайта қарау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысты биылғы 1-2 тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Заңдар бойынша өзгерістерді талап ететін шамамен 66 заң актісі анықталды.

«Жұмысты дұрыс ұйымдастыру үшін өткен жылы үйреншікті әрі тексерілген тәсіл ұсынылды. Аталған тәсіл бойынша реттеудің әрбір саласындағы жұмыс топтары түзетулер әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне жинақтауға жолдайды. Қазіргі уақытта министрлік бірыңғай пулды қалыптастыру мақсатында 15 сала бойынша түзетулер жинақтап алды, 17 сала бойынша түзетулер әлі күтілуде», — деді Ә. Қуантыров. 

Түзетулердің бірыңғай пулы әзірленіп, келісілгеннен кейін Парламентке енгізу сатысында тұрған Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізіледі.

«Осыған байланысты мемлекеттік органдарға жұмыс тобының мүшелерімен кодекстерге/заңдарға өз түзетулерін жедел пысықтауды тапсыруды және оларды жинақтау үшін 1 ақпанға дейін Ұлттық экономика министрлігіне ұсынуды, сондай-ақ құзыреті бойынша заңға тәуелді актілерге түзетулер енгізуді қамтамасыз етуді сұраймын», — деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің айтуынша, кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі Цифрлық үкіметті қолдау орталығының базасында құрылған және Smart Data Ukimet платформасында іске қосылған. Тізілім – бұл реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін, кәсіпкерлік ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік беретін міндетті тетік.

Тізілім реттеуші актілерге олардың жаңа реттеуші саясатына сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізу мерзімдерін айқындауды көздейді. Тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершіліктен босату – Тізілімнің ерекшелігі.

2022 жылы мемлекеттік органдар дайындаған реттеуші актілер тізбесі Тізілімге енгізілді. Қазір мемлекеттік органдар оларды қайта тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Бұдан басқа, Тізілімнің техникалық функционалын жақсарту жөніндегі жұмыс Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, мемлекеттік органдар және Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жалғастырылатын болады.

Тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру бойынша 2022 жылы мемлекеттік бақылаудың 35 саласы автоматтандырылды және 16 ақпараттық жүйе Smart Data Ukimet-ке интеграцияланды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың қолда бар ақпараттық жүйелерінде Тәуекелдерді басқару жүйесі деректерінің 29 көрсеткішін жинау бойынша техникалық жұмыс жүргізілуде.

«2023 жылы бақылаудың қалған 35 саласын автоматтандыру жоспарлануда. Осыған байланысты Smart Data Ukimet базасында автоматтандырылған жүйенің толыққанды жұмыс істеуі мақсатында мемлекеттік органдардан жетекшілік ететін ақпараттық жүйелерден базаны өз көрсеткіштерімен толтыру талап етіледі», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Әрі қарай «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов тақырып бойынша баяндама жасады. 

Оның айтуныша, бүгінгі таңда Үкімет пен бизнес бірлесіп, бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау жұмыстарын аяқтады.

«Атамекен» ҰКП ҰЭМ-мен бірлесе отырып, бұл жұмысқа аса белсенді қатысты. Нәтижесінде НҚА-ның жаңа тәсілдерін іске асыру үшін қажетті жобалар, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша заңнамалық түзетулердің кезекті пакеті, талаптарды қайта қарау үшін әдістемелік материалдар әзірленді.

«Біздің сарапшылар қайта қарауға қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен бизнес сарапшыларын оқыту және оларға кеңес беру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізді. Жұмысқа бизнес-қоғамдастықтың 100-ден астам сарапшысы тартылды», — деді Райымбек Баталов.

«Атамекен» ҰКП төралқасы төрағасының айтуынша, жыл бойы жұртшылық арасында жаңа реттеуші саясаттың негіздерін жариялау бойынша кең ауқымды медиа жұмыс ұйымдастырылды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде осы тақырып бойынша 1 200-ден астам хабарлама жарияланды. Палата сайтында реформа туралы барлық ақпарат инфографика түрінде орналастырылатын тұрақты жұмыс істейтін қосымша бет бар.

«Әрине, ең басында “тұралап қалу” болғаны құпия емес. Мемлекеттік органдар жұмыстың мәні мен реформаның маңыздылығын нақты түсінбеді. Сондай-ақ салалық бизнес-қауымдастықтар көбінесе пассивті және жұмысқа аз араласады, жүргізіліп жатқан жұмысты әрдайым түсіне бермейді», — деді Р. Баталов. 

Оның айтуынша, өткен жылғы шілдеден бастап мемлекеттік органдардың жұмыс қарқыны біршама жақсарды. Талқылау кезінде бизнестің ұсыныстары қолдау тапты. 

«Денсаулық сақтау, Энергетика және Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің бизнеске қойылатын талаптарын қайта қарау бойынша үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізілді», — деді ол.

Қазір мемлекеттік органдар жұмысының келесі кезеңі басталды. Бұл салалық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Райымбек Баталовтың айтуынша, «Атамекен» ҰКП бағытталған жобаларды қысқа мерзімде қарауға дайын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға