Жаңалықтар

Кәсіпкер: 60 пайыз қызметкерім мүмкіндігі шектеулі жандар

Кәсіпкер: 60 пайыз қызметкерім мүмкіндігі шектеулі жандар
Фото: instagram.com/bayansulu_orazaliyeva 31.05.2023 15:00 1116

Қазіргі жастардың кәсіппен айналысуға деген құштарлығы мен ынтасы зор. Әрқайсы өзінше бір бөлек бизнес ашып, соны әрі қарай дамытып, белгілі табыс көзіне жетуді мақсат етеді. Мұндай жалындап тұрған жастардың қатарында Баянсұлу Оразалиева да бар. Ол Қазақстандағы – отандық жөргектерді шығарумен айналысатын жалғыз жас кәсіпкер. Біз ерекше кәсіп иесі, ерік-жігері мен талабы мол кейіпкерімізбен жақынырақ танысып, сұхбаттасып қайтуды жөн көрдік.

El.kz: Бүгінде сізден басқа отандық жөргектерді шығаратын кәсіпкер жоқ десе де болады. Мұндай идея сізде алғаш қалай туындады?

Баянсұлу Оразалиева: Менің 2 жастан асқан ұлым бар. Балам дүниеге келген кезде еліміздегі бар түрлі жөргектерді пайдаланып көрдік. Алайда олардың сапасы да, бағасы да мүлде көңілімнен шықпады. Ұлым бір жасқа толған кезде өзім бір жөргекті ұнаттым. Тек ол Қытайдан шығатын бренді қазақстандық жөргек болды. Сол кезде маған «мұндай жөргектерді неге өзімізге шығармасқа?!» деген ой келеді. Содан біз Түркия мемлекетіне барып, 40 шақты зауытты аралап шықтық. Одан Қытайға адамдарды жіберіп, түрлі зерттеу жұмысын жүргіздік. Осылайша кәсіпті 2021 жылдың ақпан айынан бастап қолға алдым. Сөйтіп, отандық жөргектерді 2022 жылдан бері шығарып келеміз.

El.kz: Бұл кәсіппен айналысу үшін қанша қаржы жұмсадыңыз?

Баянсұлу Оразалиева: Біз алдымен Түркия, Қытай және Қазақстаннан үлкен инвесторларды таптық. Бизнесті бастауға сол кәсіпкерлер көмек көрсетті. Негізінен жөргектерді өндіруге қажет бір құрал-жабдықтың өзі 1,5 миллион доллар тұрады. Қазір біз өндіріс орнына екіншісін орнатып жатырмыз, ал үшіншісіне тапсырыс беріп қойдық. Қазіргі біздің тауар айналымымыз 3 миллиард теңгені құрайды.

El.kz: Кәсіп өзін-өзі ақтай ма?

Баянсұлу Оразалиева: Қазіргі таңда кәсіп өзінің шығынын өзі өтеп жатыр. Шетелден келген арнайы мамандар мен қызметшілердің жалақысы, коммуналдық қызметтің ақысы бар, оның барлығы да есептеледі ғой. Сондықтан біз әлі бір табыс көзіне шықтық деп айта алмаймын. Алдағы уақытта кәсіптің жемісін көреміз деп үміттенемін.

El.kz: Жөргектерді қай қалада, қай жерден шығарасыз?

Баянсұлу Оразалиева: Біздің зауытымыз Түркістан облысында орналасқан. Отандық жөргектерді Ақсукент ауылында шығарамыз. Өндіріс орынымызды көрсетіп, таныстыруға әрқашанда ашықпыз. Біздің зауытымыз – Қазақстандағы жалғыз, баламасы жоқ кәсіпорын.

El.kz: Мұндай кәсіп түрімен айналысу барысында қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

Баянсұлу Оразалиева: Кез келген бизнеспен айналысып жүрген кәсіпкерлер менің жағдайымды жақсы түсінеді деп ойлаймын. Себебі әрбір кәсіптің өзіне тән қиындықтары бар. Біздікі ірі бизнес болғандықтан, түрлі жағдайларға да тап болып отырдық.  Біріншіден, жөргекті шығару үшін бізге 14 түрлі шикізат қажет. Бастапқыда оны 14 жақтан тапсырыспен алдырту қиынға соқты. Жөргектерді өндіру барысында бүлініп шыққан тауалар көп болды. Алайда бұл өндіріс кезеңіне қарағандағы үлкен мәселе – ол тауарды өткізу. Себебі тауарды өндіру – ол жұмыстың тек 30 пайызы ғана десе де болады. Бұл мәселе бізде әлі күнге дейін бар. Өйткені нарықтағы шетелден келетін жөргектермен бәскелестік өте жоғары. Бірақ отандық өнім – ол бәрібір де алдыңғы қатардан болуы керек. Біріншіден, оның сапасы жоғары, екіншіден, бағасы жағынан тиімді.

El.kz: Оған қажетті материалдарды қайдан алдыртасыз? Олардың барлығы қолжетімді ме?

Баянсұлу Оразалиева: Материалдар Америка, Германия, Қытай және Түркиядан келеді. Оның барлығын қолжетімді деп айта алмаймын. Осылай материалдарды жан-жақтан алдыртып, оларды біріктіреміз.

El.kz: Халық отандық өнімді көбірек тұтынуы үшін не істеу керек?

Баянсұлу Оразалиева: Қазіргі таңда қазақстандық өнім деп айтылатын тауарлардың барлығы отандық деп есептелмейді. Себебі олардың бәрі Қазақстаннан өндірілмейді, тауарлар тек отандық брендтер ғана. Сондықтан халыққа отандық өнімнің артықшылығын дұрыстап, жітік түсіндіру керек. Сонда олардың отандық өнімге деген қызығушылығы артады деген ойдамын.

El.kz: Біздің өнімдеріміз неге шетелік өнімдерге қарағанда бәсекеге қабілетті бола алмай жатыр? Отандық өнімдердің бағасы неге қымбатырақ?

Баянсұлу Оразалиева: Мен отандық өнімдерді бәсекеге қабілетсіз, бағасы тым қымбат деп айтпас едім. Бүгінде қазақстандық өнімдер ақырындап дамып келе жатыр. Тек оған ақпараттық қолдау білдіріп, халыққа барынша тарату керек. Тіпті біздің отандық өніміміз жөргектердің өзі сапалы әрі бағасы да қолжетімді.

El.kz: Наурыз айында «Өз ісіңді баста» атты байқаудың мәресіне дейін жетіп, жеңімпаз атанған екенсіз. Мұндай кәсіпкерлерге арналған байқауларға жиі қатысып тұрасыз ба? Байқауда жеңіске жету үшін не істедіңіз?

Баянсұлу Оразалиева: Бұл байқауға біз 1054 адам қатысып, 21 қатысушы болып іріктеуден өттік. Осы күнге дейін қаншама мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңіп көрмеппін. «Өз ісіңді баста» байқауы әділ өтті. Оған қатысу талаптары қиын болған жоқ. Біріншісінде, бір минуттық бейнеролик жіберіп, өзіңді, кәсібіңді таныстырасың. Біз өзіміздің видеомызда бизнесіміздің әлеуметтік жоба екенін дәлелдеп, 60 пайыз қызметкеріміз мүмкіндігі шектеулі жан екенін айта кеттік. Ылғалды 15 секундты сіңіретін тәсілді ойлап тауып, сол жұмысымызды көрсеттік. Екінші кезеңінде бизнес жоспарымызбен таныстырдық. Ал үшінші кезең сұхбаттасумен өтті. Осылайша біз 3 кезеңге де қатысып, ең жоғары қаражат 50 мың доллларды ұтып алдық. Бізге мұндай керемет мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымыз! Үнемі қандай мемлекеттік байқау өтсе де қалмай, барлығына қатысып тұруға тырысамыз.

El.kz: Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Кәсібіңізге толағай табыс тілейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға