Жаңалықтар

Кәсіп игерсең, нәсіп мол

Болашақта қандай жаңа жұмыс орындары ашылады?
Кәсіп игерсең, нәсіп мол
29.05.2019 14:24 4602

Елімізде жұмыссыздықпен күрес шаралары қызу жүргізіліп, әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Соңғы жылдары  оқу бітіріп, екі қолға күрек таппай жүрген жас мамандармен көп ұшырасасың. Халықаралық еңбек ұйымының ұсынған мәліметі бойынша, әлемде 17 мен 26 жас аралығындағылардың 13%-ы, яғни 75 миллионы  жұмыссыздар қатарында екен. Олардың алты миллионы жұмыс табудан біржолата күдерін үзген. Солтүстік Африкадағы жастардың 30%-ы жұмыссыз қалған. Ал Қазақстанда жағдай қалай? Елімізде жұмыссыздық көрсеткіші 4,8%-ды құрап отыр. Оның ішінде  78 мың  жас тұрақты еңбекпен қамтылмаған. Бізде жұмыссыздықтың салқыны әуелі жастарды шарпуда. Бұған не себеп? Олардың жұмыс таба алмай жүргенін немен түсіндіруге болады?  

Жастар жұмыссыз ба?

Елде жұмыссыз жастар санының артуына себеп жоқ емес. Солардың ішінде, ең бірінші аталатыны ЖОО-ның нарық заманына сай маман даярлай алмауы. «Диплом бар, жұмыс жоқ!» Бұл ащы да болса да, бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамда айқын көрініс тауып отыр. Кейбір мамандар жоғары білімді жастардың жұмыссыздығын олардың болашақ мамандық түрін дұрыс таңдамауымен түсіндіреді. Мектеп бітірушілер сұранысқа ие салалардан гөрі, қазіргі күннің «сәнге айналған» мамандықтарын таңдауға тырысады екен. Оған қоса, жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті кеше аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер тәжірибе талап етеді. Оларда қандай еңбек тәжірибесі болуы мүмкін? Сонда жастар тәжірибе жинау үшін  университет қабырғасында жүріп-ақ, мамандық бойынша қызметке араласуы керек. Шындығы сол, маман іздегендер студенттерден гөрі, тәжірибесі толысқандардың түйіндемесін алдыңғы қатарға қояды.

Мамандық бойынша тәжірибе жинақтай алмай жүргендердің бірі – нұр-сұлтандық  Нәзерке Әлішер. Жасы 19-дағы Нәзерке бір жыл бұрын елордадағы қаржы колледжін IT мамандығы бойынша тәмамдаған. Колледжді бітіргеннен кейін мамандығы бойынша қызметке орналасу үшін түйіндемесін әзірлеп, бірнеше орынға барған. Бірақ барлық жұмыс берушілер еңбек өтілін сұрапты.

  Қолыма дипломымды алған соң, түйіндемемді алып, өз мамандығым бойынша түрлі компаниялардың филиалдарына, фирмаларға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына бардым. Бірақ барлығы да менің жұмыс тәжірибем жоқтығын айтып, шығарып салды. Сонда деймін, жұмыс өтілі жоқ жас маманды жұмысқа алмаса, онда тәжірибе қайдан болады?, - дейді ол.

Содан қолында дипломы бар кәсіби маман өз саласы бойынша жұмыс табу қиын екенін түсініп, амалсыз түрлі сауда орталықтарында тұрмыстық техникалар сататын бөлімде сатушы-кеңесші  болып жұмыс істейді.

Расымен де, оқуды жаңа бітірген жас мамандар тәжірибені қайдан және қалай жинақтайды?  Барлық жұмыс орындары бірнеше жылғы еңбек өтілін  талап етер болса, олар не істемек?

Жастар  жұмыс іздеп қайда барады?

Сонымен, кеше ғана жоғары оқу орнын тәмамдап, бүгін қолына дипломын алған жастарды жұмыс берушілер құшақ жая қарсы алмайтын болып шықты. Мұндай келеңсіздікке тап болған жастардың бір бөлігі жұмыс іздеп мемлекеттік бағдарлама аясында  ашылған халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді. Мұнда жыл басынан бері жеті мыңнан астам елордалық жұмыс іздеп келген. Оның 2 550-ін жұмыспен қамтамасыз етіпті. Сол сияқты дәл қазір бұл орталықтың сайтында 5 777 бос жұмыс орны өз адамына іздеу жариялайды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бос орындар жәрмеңкесінде биыл нәпақа көзін іздеп келгендер  80-нен астам жұмыс берушімен тікелей сөйлесіп, өз түйіндемелерін қалдырып кеткен. 

  Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында үш сала ешқашан сұраныстан түспейді. Олар медицина, білім және құрылыс салалары. Біздің орталықта жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жұмыс істейді. Мұнда жұмыс іздеп келген азаматтарға әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады. Егер қызығушылық танытса, онда оларды қысқа мерзімді тегін кәсіби оқуға да жібереміз. Бұған қоса, ай сайын шамамен 14 мың теңгеден шәкіртақы төленіп тұрады, - дейді халықты жұмыспен қамту орталығының өкілі Дана Тұрғынова.

Бір айдан үш айға созылатын курста қазіргі сұранысқа сай әсіресе техникалық мамандықтар оқытылады. Кейін оқуды  тәмамдаған жастардың қолына сертификат табыс етіліп, олар мемлекеттік грантқа да  ұсынылмақ. Ал грант ұтып алғандар өзінің шағын  бизнестерімен айналысуға жол ашылады.

–  Қазіргі кезде бізге жарнама саласына қатысты маркетинг, SMM-мамандар, бала-бақша тәрбиешілері және қазақ, ағылшын, француз тілдерінің мұғалімдері қажет. Бізге олардың жұмыс тәжірибесі бар ма, жоқ па, маңызды емес, - дейді халықты жұмыспен қамту орталығының өкілі Дана Тұрғынова.

Алдағы уақытта қандай мамандықтар жойылып кету қаупі бар?

Соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері бірқатар жұмыс орындарына қауіп төніп тұрғанын көрсетіп отыр. Қазіргі кезде бізге таныс мамандықтардың көбісі келешекте қажет болмай қалуы мүмкін. Стратегиялық бастамалар агенттігі қазіргі еңбек нарығын зерттей келе алдағы уақытта өмірімізден жоғалып кететін мамандықтардың тізімін жасапты. Сонымен, жақын арада «өлетін» мамандықтарға назар аударайық:

Кітапханашы

Кітапханашылар оқырмандардың іздеген кітаптарын тауып берумен қоса, мұрағатпен жұмыс істеп, құжат толтырумен айналысады. Алайда өмірімізге  интернеттің дендеп енуінен  бұл мамандық өкілдері біртіндеп көзден бұлбұл ұшпақ. Өйткені, ғаламтор көмегімен адамзат баласы жер бетінің кез келген нүктесіндегі кітаптардың электронды нұсқасына қол жеткізіп жүрген жоқ па?

Копирайтер

Келесі жылға қарай копирайтерлердің саны азая бастайды. Сарапшылардың пікірінше, мәтіндік базаға жалғанған компьютерлік заманауи бағдарламаларды нақты бір жанрларда материалдарды көріп, іздеуге мүмкіндік береді.

Турагент

Жыл сайын демалуға аттанатын жұрт турагенттіктерге артық ақша бергенше қонақ үйлерді өздері-ақ жалдап, ұшақ билеттерін сатып ала алады. Оған қоса,  мұның бәрін үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы санаулы уақыттардың ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Ең бастысы әлемді саяхаттаушылар турагенттіктердің көрсеткен қызметі үшін алынатын салығынан құтылуға сеп болып отыр.         

Стенографшы

Қазіргі соңғы технологиялар дауысты өз бетінше танып, әңгіменің мәтіндік нұсқасын автоматты түрде жаза алады. Сондықтан сарапшылар алдағы уақытта стенографшылар еңбегінің маңызы жоғалатынын айтып отыр.

Лектор

Жоғалатын мамандықтардың тізіміне лекторлар да кіріп отыр. Өйткені, қазіргі ХХІ-ғасырда кез келген адам өзінің іздеген ақпараттарын ғаламтордың көмегімен жылдам алуына мүмкіндік бар. Тіпті, дүниежүзінің ең беделді жоғары оқу орындары қазіргі нарық заманында әртүрлі курстарын  онлайн түрде өзгелермен жарыса ұсынып жатыр.

Пошташы

Қазіргі адамдар пошташының көмегімен хат жіберуді баяғыда ұмытқан. Себебі, сәлем-сауқат сұрасу виртуалды қалыпқа түсті. Ғаламтор жылдам әрі тез хат алмасуға барлық жағдай жасап отыр. Тіпті жазбалармен қоса, түрлі фото-видеоларды да желі арқылы жіберуге мүмкіндік туды. Бұрын аса маңызды болған  мамандық иелерінің жұмысын бүгінде логистикалық агенттіктер атқаруда. Алайда сарапшылар бұл сала мамандарының жоғалмай, тек саны күрт азаяды деп отыр.

Лифтер

Лифттерді жөңдеу мен оларға қызмет көрсету жүйесі жыл сайын заман талабына сай біртіндеп автоматтандырылуға көшуде. Жақын арада лифт жүйелерін толықтай компьютер тетіктерімен басқарылуы ықтимал.

Билет сатушы мамандар

Алдағы уақытта билет сатушы мамандармен қоса, ұшаққа отырғызу мен театрға кіру билетін тексеретін мамандар да қызметтерінен  шеттетілуі мүмкін. Өйткені олардың орнына жұмысты заманауи автоматтандырылған сканерлер атқармақ. Тіпті мұндай аппараттар жол бекеттеріне, әуежайларда, кинотеатрларда, спорт кешендерінде және т.б. жерлерге орнатылмақ екен.

Банк қызметкерлері

Алдағы бірнеше жылдан кейін  банк саласы қызметкерлері мен салық саласының мамандары жойылып кетуі мүмкін дейді сарапшылар.  Банк карточкаларының шығуымен кассирлердің қызметіне деген сұраныс жоғалды. Өйткені  жұмыс істейтін барлық қызметкерлер өз ақшасын кассирлердің көмегінсіз банкоматтардан ала алады. Тіпті төлем терминалдарының артуынан  банк саласының мамандарына деген сұраныс та күрт азаюда. Қазір коммуналдық қызметтен бастап, ақша аударымдарын түгел терминалдар мен ұялы телефон қосымшалары арқылы жасалынып жүр. Нәтижесінде банктер өз қызметкерлерінің штатын еселеп қысқартып жатыр. Сол сияқты әрбір  жеке және заңды тұлға бухгалтерлік есепті арнайы бағдарламалар көмегімен көрсетілген үлгі бойынша компьютерден өзі-ақ жасап алуға  қауқарлы екенін айта кетейік. Бұл өз кезегінде салық саласы мамандары қызметкерлерінің санын қысқартуға жағдай жасайды.

Тігінші

Қазіргі таңда  3D-басу  аппараттарының арзан түрлерімен-ақ, адамдар өздеріне киім тігіп ала алатын болды. Мәселен, өзіміз күнде пайдаланып жүрген аяқ киімді дәл осылай тігіп алуға мүмкіндік бар. Соңғы технологиялардың күнделікті өмірімізге дендеп енуі тігін фабрикаларының жаппай жабылуына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Ал сарапшылар бұл сала мамандары келешекте түп-тамырымен жойылмайтынын айтып отыр. Олардың сөзіне сенсек, тігіншілер саннан сапаға өтіп, ең бағалы киімдер тігумен айналысады екен. Сонымен қоса, әлемде 3D  принтерлердің шығуы  биік-биік ғимараттарды тұрғызатын құрылысшы мен тәтті өнімдерді әзірлейтін кондитер сияқты мамандықтарға деген сұранысты азайтуы ғажап емес. Жаңа технологиялар ауыл шаруашылығы саласының мамандарына да залалын тигізеді-міс. Қазірде сауыншылардың орнын автоматтанған жүйе алмастырып, тікелей сүт өнімін сиырдан алушылар мүлдем қажетсіз болып қалды.

Келешекте  қандай мамандықтар пайда болады?

Әлемге танымал Forbes басылымы келешекте пайда болуы мүмкін жаңа 162 мамандық тізімін жариялады.  Онда біздің ойымызға кіріп, шықпаған криптовалюта банкирі, нейропсихолог, медициналық роботтехник, ай-ти-генетик,  виртуалды заңгер, қоршаған ортаны қалпына келтіру менеджері, ғарыш туризмі, ауа райы полицейі секілді жаңа мамандықтар пайда болмақ. Демек, нарық сұранысына сай адамдар еш қиындықсыз екі қолға бір күрек таппақ. Тіпті келесі жылдан бастап, іштегі ұрықтың ауруын анықтап, бала тумай ананың жатырында жатып емдейтін мамандықтар да жоғары оқу орындарында ресми түрде ашылуы мүмкін екен. Алайда біз ілгеріде атап өткен мамандықтардың елімізде қашан пайда болары  белгісіз. Бір анығы, алдағы уақытта біз ескі мамандықтардың жоғалуы мен жаңа мамандықтардың ашылғанына куә боламыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырда беделді жоғары оқу орнын аяқтау жоғары маңызға ие болмауы мүмкін екенін айтқан еді. «Ең бастысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50 %-на сұраныс болмайды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу керек» деген болатын.

Осыған ұқсас пікірлерді елордада  жыл сайын әлемнің тісқаққан сарапшылар бас қосатын  дүниежүзілік экономикалық форум барысында да тілге тиек етті. Онда сарапшылар әсіресе білім беру саласында қызмет ететін адамдарға өз қабілетін сақтап қалу үшін өзгеруі керектігі мәселесіне баса назар аударған. Білім беру бағдарламасы педагог-мамандарды уақыт өте өзгеріп тұратын жаңа еңбек нарығына бейімдеуі тиіс. Сонымен қоса, қазіргі ақпараттық технологиялар білім алуға әр түрлі жолдар ашып келеді. 

Сарапшылардың пікірінше, уақыт талабы мен өмір заңына қарай әр заманда қажетсіз болып қалатын және оның орнын басатын жаңа мамандықтар пайда болып тұратыны заңды құбылыс. Сондықтан әрбір маман заман талабынан қалыс қалмай, икемділікке ыңғай беруі керек.

Қысқасы, адам ерінбей іздей білсе, өзі қалаған жұмыс орнына жайғасары анық. Халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері осылай деп сендіріп отыр. Демек, бүгінде жұмыс істеп, жанын баққысы келген кез келген адамға атқарар іс жетерлік.

(Суреттер   ғаламтор беттерінен  алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға