Жаңалықтар

«Кәрістің «Асяндиіне» ұқсап барады». Баланың тұсауын дұрыс кесіп жүрміз бе?

«Кәрістің «Асяндиіне» ұқсап барады».  Баланың тұсауын дұрыс кесіп жүрміз бе?
Фото: Коллаж El.kz 25.09.2024 17:25 974

Тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл «ешкімнің ала жібін аттамасын» деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, оны жүріс-тұрысы ширақ адамға қидырады және алдына неше түрлі зат қойып, оны бірінші болып қолына алған баланың болашағын сонымен байланыстырған. Кейінгі кезде көпшілік мұндай жөн-жоралғы қазақтың тұсаукесер салтында болмаған, бұл кәрістің «Асяндиі» деп айтып жүр. Осы ретте сарапшылардың пікірін білдік.

Ұл бала мен қыз баланың тұсауын кесуде қандай айырмашылық бар?

Тұсаукесер жайлы белгілі этнограф, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Күре тамыр» кітабында: «Қазақтың салт-дәстүрін қайта жасаудың керегі жоқ. Тұсаукесер – баланың алғашқы туған жерінде табанын жерге басып, әріқарай аттап, алды ашылатын бір белесі» деп айтылады.

Сондай-ақ «Біреулер «кісінің ала жібін аттамасын» деп кесіп жатады. Бұл – өте тар мағына. Олай емес. Ала жіптің мән-мағынасы өте кең. Ала жіп – өмірдің, тіршіліктің символы, нышаны. Сол үшін баланың аяғын байлап, тұсауы «жақсылықтар болғанда, басына бақ қонғанда асып-тасып кетпесін, қиындық болғанда басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін» деп жіптің астынан пышақтың жүзін жоғары қаратып кесіледі.

Ал қазір не істеп жүр? Қайшымен кесіп жүр. Баланың өмірі қайшыланып қалады. Қайшының жүзі бір-біріне қарама-қарсы жасалған. Қазақ ешқашан қайшымен тұсау кеспеген. Сондықтан бұл ала жіп жай ғана біреудің бірдеңесін қағып кетпесін дегеннен шыққан нәрсе емес. Бұл осындай терең мағынаға ие.

Баланың тұсауын кім кеседі? Бір кездері кейуаналарға, үлкен кісілерге тұсау кестіріп жүрді. Шындап келгенде, қазақ жасы келіп, белі бүгілген үлкен кісіге, жайбасар жанға, сондай-ақ ауру адамға да тұсау кескізбейді. Ұл баланың тұсауын күш-қайраты бойында, елдің алдында қызметімен көзге көрініп жүрген ер-азаматтар кескен. Қыз баланың тұсауын аяқ-қолы балғадай, істеген ісін тындырып жүретін, отының басын берекелі ұстайтын, балалы-шағалы келіншектерге кескізген.

Тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке тұсау кескізбейді. Өйткені олардың жолы әлі ашылмаған. Мұның барлығы сан ғасыр сарабынан өтіп, ата-бабаларымыздың жасап кеткен салты.

Тағы бір талас туғызып жүрген нәрсе – ала жіпті «алдынан кес» немесе «артынан кес» деп жатады. Бала артқа жүрмейді, алға жүреді. Алдында тұрып, оның тұсауын кесіп, баланың алдын ашады. Артынан тұсау кесу деген дұрыс емес, – дейді Зейнеп Ахметова.

Сәбидің алдында түрлі зат қойып, болашағын болжау кәрістің дәстүрі

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Сәттарқызы тұсау кесу қазақтың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды дәстүрі екенін, бұған ешкімнің күмәні жоғын, десе де бүгінгі тұсаукесерде орындалып жүрген сәбидің алдында түрлі зат қойып, сол арқылы болашағын болжау, ол кәрістің баласы 1 жасқа толғанда тойланатын «Асянди» дәстүрі екенін айтады.

Бұл кәрістердің маңызды мерекелеріне жатады. Кәрістер баласының туған күнінде балаға «Ханбок» деген ұлттық киімін кигізіп, алдында кішкентай үстел қойып соған түрлі заттар қойып балаға таңдау жасатады. Бала қай затты алса, болашақта сол затқа қатысты мамандық иесі болады дейді. Осыдан біраз жыл бұрын ағаммен Ташкент қаласына қыдырып бардым. Ағамның балдызы сол жердегі кәріс жігітіне тұрмысқа шыққан еді. Біз қонақта болған кезде құдашамның ұлы 1 жасқа толып, туған күнін тойлады. Балаға ұлттық киімдерін кигізіп, алдына үстел қойып, оның үстіне әр түрлі заттар қойды. Әлі есімде бала ақша салған әмиянды алды. Туыстары «бала өскенде ақшалы, бай болады, – деп жатты дейді этнограф.

Тұрар Сәттарқызы бұл жоралғыны 1993 жылы Ташкенттегі Янгиюлге барған кезде кәрістерден көргенін айтты.

Қазір осыны зерделеп отырсам, бұл кәрістің асянди деген мерекесі екен. Корей халқы баланың бір жасқа толу күніне қатты назар аударған. Мереке құрметіне арнайы жібек матадан арнайы киім (ханбок) тіктірген. Туған күн мерекесінде баланың болашағын болжау рәсімі жасалған.  Үстел үстіне күріш, кітап, қызыл үрмебұршақ, чартаги (кеспе), қаламсап немесе қарындаш, қайшы, жіп, ине, пышақ, ақша қойған. Бұл рәсімнің мақсаты сәби қай затты таңдаса, оның болашақ мамандығы сонымен байланысты болмақ. Мәселен бала пышақты таңдаса әскери адам, ал қыз бала инені таңдаса, ісмер болады. Егер бүлдіршін ақшаны алса, табысты, ал кітапты таңдаса ғалым болады деп болжайды, – дейді этнограф.

Егер  чартагиді (кеспе) таңдаса, бай-бақуатты, бақытты болады, ал қызыл үрме бұршақты таңдаса, бала адал, еңбекқор, жауапты, күрішті таңдаса, байлыққа кенеледі, ешқашан мұқтаждық көрмейді. Қаламсап не қарындаш таңдаса, ғалым болады. Жіп ұзақ ғұмыр деп болжам жасаған екен.

Кейінгі кезде қазақтың тамаша салт-дәстүрінің бірі тұсаукесерде көрсетіліп жүрген, заманауи бір жоралғы қайдан шыққан деген ой мазалағасын этнограф Зейнеп Ахметованың кітабына бір үңіліп, басқа да ақпарат көздерін ақтарып, біраз ізденіс жасағанын жеткізді.

Қазіргі кезде қазақтың тұсаукесері өзгеріске ұшырып, осы кәрістің «асандиі» бізге де енген тәрізді. Тұсаукесерде де ақ мата төсеп, оның басына домбыра, кітап, ақша, нан, айна секілді түрлі зат қою үрдісі белең алған. Бала нені таңдаса, болашағы сол затпен байланысты болады деп жорамалдайды. Мәселен баланың көзі домбыраға түссе, есейіп, ержеткенде өнер адамы болады дейді. Кітапты алса, ғылым, білім жолын қуады деп топшылайды. Ақшаны алса, қалталы, бай, дәулетті азамат болады деп ырымдайды.  Мұндай дәстүр қазақта бұрын болмаған, кейіннен пайда болған үрдіс, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Кейіпкердің айтуынша, біздің қазақтың баласының тұсауын бүгінгідей мейрамханаларда үлкен той жасап кеспейтін. «Ауылда өстік, үйдегі бауырларымыз, көрші-қолаңның бір сүрініп, бір құлап, апыл-тапыл басып жүрейін деп жүрген  баласының «мына баланың тұсауын кесіп жіберу керек екен, сосын аттай шауып кетеді» деп үлкендер ауылдағы сыйлы бір адамды шақырып, баланың үстіне бір жаңа көйлек кигізіп, сол үйде кесіп жіберетін. Қазіргідей ұлан-асыр той жасамайтын. Ақ жол деген мата да, алдына қойған затты да көрмедік. Ауылда өскен, қазақы тәрбие көрген үлкендерден, қариялардың қайсынан болсын сұрасаңыз осылай дейді". 

Ұлт құндылығын дәріптеп жүрген этнограф-жазушы апамыз Зейнеп Ахметова апамыз да осыны айтып отыр. Қазақтың салт-дәстүрлері жайлы жазған қай этнографты алсаңыз да, баланың тұсауын кескенде «болашағын болжапты-мыс» мұндай жайлы бір сөз жоқ. Зейнеп апамыздың айтуынша, жақсы ниеттен туған жоралғы болуы мүмкін, бірақ бұл қазақтың дәстүрі емес. Тұсаукесерге еніп кеткен, бүгінде әбден сіңісіп, жұрттың бәрі қазақтың дәстүрінде орындалуы тиіс деп жүрген, кәрістің жоралғысы. Жастар осылай қабылдап жүр, өйткені 2000 жылдан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Ақты ақ, қараны қара деу керек. Біліп жүру қажет, – деп санайды этнограф.

Ол қазақтың салт-дәстүрлері тұнып тұрған тәрбие мектебі, әсіресе сәбидің дүниеге келген күнінен бастап, оның ержетіп өсіп толғанына дейін жасалатын жол-жоралғылардың бәрі баланың дұрыс өсіп, еліне қызмет етуіне қатысты екенін жеткізді.

«Бала – елдің болашағы» деген мақал-мәтелдер де осы қазақтың осындай салттарына қатысты айтылса керек. Тұсаукесердегі сәбидің тұсауын кесетін ала жіп, көк шөп тағы басқасын айтпағанның өзінде, тіпті айтылатын өлеңнің өзінің терең мағынасы бар:

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін.

Ақ жол тілеп жолыңа, ақ батамды берейін.

Әр жоралғысының тәрбиелік мәні зор, өзіміздің  тамаша салтымызға өзге ұлттың жоралғысын енгізіп, неге салт-дәстүрімізді бұзамыз? Еліктеуге, өзгенікіне ұмтылуға неге құмармыз? Кезінде қазақ жерін аралаған саяхатшылар «Қазақтардың салт-дәстүрі тұнған тәлім-тәрбие», – деп таңғалып, жазып кетсе, біз басқаға қызығып әлекпіз, – дейді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Сәттарқызы.

Ала жіппен кесу бұрыннан келе жатқан дәстүр

Ал Жезқазған қаласының тұрғыны Төлеуғайша Науанова ақ мата ақ жол, бұл қазақтікі, ал алдына қоятын ақша, кітап тағы басқа заттар қою ол кәрістердің салт дәстүрі екенін айтады.

Ала жіппен кесу бұл атам заманнан бері келе жатқан дәстүр. Баланың алғашқы аяқ басуы, қазақта «Ешкімнің ала жібін аттамасын» деген сөз бар. Қазақтың ырымын адастырмаңыздар. Қазақ ырымы, отбасы, ошақ қасынан дәлелденіп шығарылған, оған ешкім диссертация қорғаған емес. Сондықтан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымымызды сан саққа жүгіртпейік. Мұның бәрі дана аналарымыздан шыққан идеялар. Ер адамдар мұндай іс-шараларға араласпаған. Өмір бойы жорықта, жаугершілікте жүрген, – дейді Төлеуғайша Науанова.

Оның айтуынша, қазақ ерлері аналарымыздың аяғы ауыр болғанын білгенмен, олардың босанатын уақытында жанында бола алмаған Сол себепті қазақ әйелдерінің бірлігі, біріне-бірінің қамқорлығы өте жоғары болған деп санайды.

Ал қазіргі кезде тойды әйелде, еркекте бірге тойлап, бесікке салуға, тұсау кесерге дейін ер азаматтар қатысады. Тойдан айырмасын. Бірақ қазақ салт-дәстүрінің қаймағын бұзбай, дәстүрге тура жолмен жүргеніміз дұрыс, – дейді Төлеуғайша Науанова.

Айта кетейік, «Асянди» бұл кәрістердің ертеден келе жатқан төл дәстүрі. Тіпті кеңес кезінде де ұмытпаған. Кәріс баласының өміріндегі, кәріс отбасының өміріндегі өте маңызды мереке деуге болады. Бұл – баланың алғашқы туған күні. «А» - бала, «Сянди» - туған күн деген мағынаны білдіреді.

Баланың алдына үш зат қойылады ол баланың алдағы өмірін анықтайды. Яғни, бала таңдауды аспаннан түскен үш періштенің көмегімен таңдайды деп сенген. Бұл рәсім  екі бөліктен тұрған. «Стол» (кәрісше «сай» немесе «каресай» деп аталған), бұл бөлігі түскі сағат 12-ге дейін орындалған. Таңғы періштелерде мейірім болады деген сенімнен туған. Қыз баланы ертерек дайындаған. Өскенде тұрмысқа шықпай, отырып қалмасын, ал ұл баланы сағат 12-ге қарай өткізген. Бұл – ұл үйленуге тым асықпасын дегені. Сәбиге «Ханбок» деп аталатын ұлттық киім кигізген. Үстелге жақындатып таңдау жоралғысын өткізген. Салттың екінші бөлігі кешке тойланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға