Жаңалықтар

«Кәрі» немесе «қарт» деген сөздерді суқаным сүймейді – 77 жастағы балерина

«Кәрі» немесе «қарт» деген сөздерді суқаным сүймейді – 77 жастағы балерина
Фото: instagram.com/ninelblohina 16.01.2024 21:36 1539

Біздің бүгінгі кейіпкер – кәрілік дегеннің не екенін білмейтіндердің және қартаюдың «симптомдарын» жоққа шығарып жүрген жандардың бірі. Беларусьтің Гродно қаласының тұрғыны Нинель Блохинаның шын жасын тек төлқұжатына қарап қана анықтауға болады. Себебі, бүгінде 77 жасқа толған ол йогамен шұғылданып, роликте емін-еркін зырылдайды. Сөйтіп жүріп жарты әлемді шарлап та үлгеріпті. El.kz ақпарат агенттігі санамыздағы стереотиптердің тас-талқанын шығарып жүрген Нинель ханымның өмірлік ұстанымдарымен таныстыруды жөн көрді.

Саламатты өмір салтын ұстануға қай кезде де кеш емес. Есімді білгелі балетпен шұғылданып, есейе келе өз қалпымды жоғалтпас үшін бір ғана бидің аздық ететінін түсіне бастадым. Сөйтіп жүргенде 50-ге де таяп қалыппын. Өзімді үнемі сергек сезіну қиындай бастады. Күндердің-күнінде жұмысқа деген қабілеттілік пен шыдамдылықты арттыру үшін не істеуге болатындығы туралы мәліметтер іздеуге көштім. Дәрігер мамандардың басым бөлігі саламатты өмір салтын ұстанып, фитнеске баруға кеңес береді екен. Ендеше мен неге көрмеймін дедім де, спортзалға бардым, келсем, барлығы тек жастар, 40-тан асқан ешкімді көрмейсің. Бірақ бұл маған кедергі бола алған жоқ, – дейді саламатты өмір салты жолындағы қадамы туралы қысқаша.

«Кәрі» немесе «қарт» деген сөздерді суқаным сүймейді – 77 жастағы балерина

Нинель ханымның балетте жеткен жетістіктері де аз емес. «Осы өнердің арқасында әлемді, өмірді көрдім. Алға ұмтылуды үйрендім. Сұлулыққа құштар болдым», – дейді ол.

Әлемді шарлау арқылы мен шабыт, өзімді одан әрі дамытуға күш аламын. Жыл өткен сайын көпшілігіміз ауладан ары кетуге, жалғыз жүруге қорқамыз. Немерелерің қасыңда ойнап отырғанда, сен теледидар көріп отыруың керек секілді. Міне, көрдіңіз бе, біз өз-өзімізді осылайша шектей береміз. Мұның соңы тыныс алудың, қозғалыстың, одан қалды есте сақтау қабілетінің нашарлауына әкеп соғады. Ал мен оңтүстіктен соғатын жел секілді еркінмін. Ел тану, жер көру, жалпы белсенділік ұмытыла бастаған қимыл-қозғалысты еске түсіреді.

Біз кейіпкерімізден Беларусьтегі, одан қалды еуропалықтардың менталитеті, егде жастағы тұрғындарының белсенділігі туралы пікірін сұрадық.

Шынын айтқанда, Беларусь, жалпы посткеңестік елдердегі тұрғындар төзімдірек келеді. Себебі, біз үнемі қиындықтармен, психологиялық қысыммен күресіп, соларды жеңіп келеміз. Ал Батыстың адамдары материалдық тұрғыда жақсырақ қамтамасыз етілген. Бірақ бұл олардың бізден жағдайы, өмір сүру салты жақсы дегенді білдірмейді. Маған олар өркениеттің арқасында тым еркелеп, белсенділіктері төмендеп кеткендей көрінеді, – дейді ол.

Бала күнінен еңбекқор бола білген Нинель бағын телевидение саласында да сынап көрген. Калининград қалалық телевидениесінде диктор болып, кейін өзі туған шаһардағы телерадиокомпанияда режиссердің көмекшісі қызметін атқарады. Биін де ұмытпайды. Жергілікті хореографиялық мектепте шәкірт тәрбиелейді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Нинель Блохина Ninel Blohina# (@ninelblohina)

Бұл жетістіктерім балаларға да, ересектерге де ашық бола білгенімнің арқасы деп ойлаймын. Сыни пікірлерді де, ақыл-кеңесті те дұрыс қабылдай білдім. Бірде А.Ваганова атындағы балет академиясының мұғалімі маған: «Құдды камера бақылауында жүрген адамдай өмір сүр» деген болатын. Содан бері сол ұстазымның сөздерін жадымнан шығарған емеспін. Өмірімді миллиондаған көрермен бақылап отыр деп сезінемін жән соған лайықты болуға тырысамын, – деп ағынан жарылды біздің кейіпкер. – Мен жастарға қай кезде де ашықпын. Олар маған кәріліктің «тосынсыйларымен» күресуге көмектеседі. Кейде жастардың «мынау сіздің қолыңыздан келе ме?» деген сұрақтары намысымды қайрап, желпіндіре түседі.

Бірде өз жап-жас бастығым екеуміз Тенерифтегі аквапаркке бардық. Суға сырғанайтын төбешіктің биіктігі 82 метр екен. Ананың жылдамдығы сұмдық. Одан қалды акула толған бассейннің үстімен өтіп, келесі байссейнге түсесің. «Бағыңызды сынап көрсеңізші» деп ұсыныс білдірді қасымдағы бойжеткен. «Несі бар, көрейін» дедім. Бастапқыда «жүрегі, жүйкесі нашарларға рұқсат берілмейді» деген толған тыйымдарды көріп, мені жібермей қояр ма екен деп ойлағам. Ештеңе деген жоқ. «Алда-жалда бұл таңдауым сәтсіз болып жатса, тым құрығанда «арғы дүниеге әдемі аттанды» деп айтып жүрер» деп ойладым. Бағыма орай, бәрі тамаша болды. Мені көргенде, сыртта жүректері дауаламай тұрған 40 жастағылар ауыздарын ашып қалыпты ғой, – деп жымияды батыл әжей.

Бұл саяхаттың барлығына қаржыны қайдан табасыз?» деп таңырқай сұраймыз біз.

Мен жұмыс істейтін зейнеткермін. Шынын айтсам, ақшаны дұрыс жұмсауға бағытталған арнайы жүйем бар. Сол арқылы саяхатқа да ақша жинап үлгеремін, ең бастысы, оны үнемді жұмсаудың жолдарын да білемін, – деп жауап қатты.

«Сонда қалай?» дейміз қызығушылығымызды жасыра алмай...

Бір күні сатып алатын заттарыма сараптама жүргіздім. Байқап қарасам, ақшам далаға кетіп жатыр екен. Мысалы, көлікпен жүргенде ары-бері сенделмей, жұмысыңды жол бойы бітіріп кетуге болатындай етіп ұйымдастыруға болады. Ал асығыс шаруаң болмаса, жаяу жүрген дұрыс немесе қоғамдық көліктің қызметін пайдаланған абзал. Жол жиегінде тамақтанудың денсаулыққа да, қалтаңдағы қаржыңа да зияны көп. Олардың орнына алма не келілеп сатып алынған сұлы печеньесін жеуге кеңес беремін.

Одан қалды киім-кешегіңізге көз жүгіртіңіз. Меніңше, сатып алынған киімдердің арасында керек емесі көп. Бір қарағанға, мұның бәрі ұсақ-түйек секілді. Бірақ бірнеше айда кәдімгідей үнемдеуге болады. Дрезденге сапарыма да үнемделген ақшамның арқасында барып келдім. Сол жолы бар-жоғы 200 доллар ғана ақша жұмсадым. Маған жетті. Тамақтандым, мұражайларға да бардым. Жалпы, саяхатқа көп қаржы қажет дегенге келіспеймін. Қымбат мейрамханалардан гөрі, лоукосттар мен хостелдерге түнеңіз. Оның үстіне қазір ғаламтордан мұндай мәліметтерді көптеп табуға болады.

Бірде ұлым екеуміз Лондонға бардық. Алаңда серуендеп жүрсек, әдемі әуен ойнап тұр екен. Ұлым: «Анашым, биден қалайсың?» деді. Жан-жағыма қарасам, адамдардың бір-бірінде шаруасы жоқ. Бірі кептерлерді тамақтандырып, біреулері өзара әңгімелесіп отыр. Бірден билеп кеттім. Әуеннің ырғағымен қозғалып, тербеліп жүргенімді білем. Биімді аяқтағаным сол екен, барлығы орындарын тұрып шапалақ ұрсын. Бұл да бір қызықты күндер еді, – деп еске алады көңілді сәттерін.

«Кәрі» немесе «қарт» деген сөздерді суқаным сүймейді – 77 жастағы балерина

Нинель ханымның айтуынша, өзін сергек сезінуіне йоганың септігі де мол. «Йогаман шұғылданбасам, жұмыс істеуге деген құлшынысым төмендеп кетеді. Балеттен кеткен соң сымбаттылығымды жоғалтпас үшін қандай да бір спорт түріне бет бұруым керектігін түсіндім. Йоганың арқасында арқа тұсымдағы жарақатым да жазылды. Денеңді қыздырып, буын-буыныңды жұмсартады. Биде жүріп алған жарақаттарымнан айықтым», – дейді мұндай сұлулығының сырымен бөлісіп.

Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда, әрбір қимылды байыппен, сақтықпен жасаған жөн. «Себебі, йоганың өзі ұқыптылыққа үйретеді», – дейді ол: «Йога – философия, эстетика. Құдды балет пен телевидениедегідей».

«Жас қариямыз» мұнымен де шектелмейді. Зейнетке шыққан соң ролик пен велосипед теуіп үйреніпті:

Зейнетке шыққан соң роликтік конькимен сырғанауды үйрендім. Ал 63-тен асқанда өмірімде бірінше рет велосипедке отырдым. Әдетте күн жылыда роликпен не велосипедпен серуендегенді жаным сүйеді. Жаяу жүруді де ұмытпаймын, әрі пайдалы, әрі үнемді.

Кейіпкерімізден саламатты өмір салтының ажырамас бөлігі саналатын дұрыс тамақтану туралы да сұрадық.

«Кейде мен де өзімді тамақтан тыя алмай қалатын секілді көрінемін. Бірақ мұнымның дұрыс еместігін есіме түсіріп, тоқтай қоямын. Бәрін жей беремін. Жиі-жиі және аз-аздан. Дүкенге кіре қалсаң, тоқаштың исі мұрныңды жарып кетердей болады. Бұрын мұндай жасанды иістер болмайтын деймін де жанынан өте шығамын. Шұжықтан бас тартқаныма да біраз болды. Негізінен алма, брокколи, секілді жемістер мен көкөністерді көбірек пайдаланамын. Тауық етінен орама жасаймын. Тәттіні де ұмытпаймын. Тек тым көп жемеу керек», – деген Нинель ханым тамақтануға қатысты қарапайым ұстанымдарымен бөлісті. Сіздерге де қызық болар деген оймен үш негізгі кеңесті назарларыңызға ұсынып отырмыз.

  1. Тамақтану қарапайым әрі түсінікті болуы керек: яғни экзотикалық немесе теңіз өнімдерінен гөрі мейлінше күнделікті қолданыстағы азық-түлікті пайдаланыңыз. Ең бастысы, бір күннің калориясы 2500-ден, ал физикалық ауыртпалық түсетіндер үшін 3500-ден аспағаны жөн.
  2. Тағамыңыздың неғұрлым майсыз болуын қадағалаңыз. Себебі, ағза өзіне қажетті дәруменді сол тағамнан да табуға қауқарлы. Ал бетіңіздің терісіне көкөністер мен жемістерден, яғни арзан әрі пайдалы маскалар жасауды әдетке айналдырыңыз. Айталық, алманың шырынын ішіп, сығындысын бетке жағуға болады.
  3. Тәттіге аңсарыңыз ауып тұрса, шоколадтың бір бөлшегін ғана жеңіз. Бірақ оның сапалы болуына назар аударыңыз. Егде жастағы адамдардың ас мәзірінде жеміс-жидектердің көбірек болып, ал картоп пен бәліш-тоқаштардың мүлде болмағаны абзал. Ең бастысы, тым тойып тамақтануды ұмытыңыз. Осы арқылы үнемдейсіз, денеңізді қалыпқа келтіресіз әрі аурудың алдын аласыз.

Ал дәрі-дәрмек жөнінде Нинель ханым былай дейді:

Ағзаның дабылына құлақ түріңіз. Егер қан қысымы жоғарыласа, бірден дәрі ішіп емделемін деу қате. Одан да таза ауада асықпай серуендеңіз. Мұндайда өзіме йоганың пайдасы көп тиеді. Қан тамырларының жұмысын реттейді.

Шашы белінен төгіліп тұрған әжей қолаң шаштың күтіміне қатысты сырымен де бөліскен еді. Қыздар қауымына өте қажет дүние.

Шаштың күтімі деген оңай емес. Өзім аптасына бір рет мынадай маска жасаймын: зәйтүн, рапс, күнбағыс секілді үйдегі бар майларды миксермен жақсылап араластырамын. Дайын болған қоспаны шашымды боярдан не жуардан бір сағат бұрын жағамын. Шаш кептіргіш құралдарды мүлде қолданбаймын. Қазіргі жас қыздардың кемшілігі сол. Шаш кептіргіштер шаштың тамырын, түбін құрғатып тастайды. Асығып тұрсаңыз да шашты фенмен толық кептіруге болмайды. Ең жақсысы, шашыңыз өзі кепкенше күте тұрыңыз. 

Ал сөз соңында біз кейіпкеріміз үшін жас дегеннің не екені туралы ойын білдік.

Шыны керек, бұл сөздің мағынасын аса түсінбеймін. «Кәрі» немесе «қарт» деген сөздерді суқаным сүймейді. Өмір деген тоқтамайтын үдеріс қой. Сондықтан оны «туу – отау құру – бақилық болу» деген үш кезеңмен ғана қарастырудың қажеті жоқ. Адамның бойында артық нәрсе, мейлі ол тамақ, мейлі дәрі-дәрмек пен жағымсыз ойлар көп болса, ол физикалық және моральдық тұрғыда қатар қартаяды. Ең бастысы, өмір сүру тәсіліңді өзің таңдайтыныңды ұмытпа. Себебі, сенің бақытың, сәтсіздігің, ауру-сырқауың, бәрі-бәрі соған байланысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға