Каратеші Тұрар Қалпақбай Азия чемпионы атанды
Қытайдың Шаогуань қаласында кадеттер, жасөспірімдер мен U21 жас санатында каратэден Азия чемпионатының 2-жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін жасөспірімдер санатындағы бәсеке басталып, ел құрамасының қоржынына тағы 3 жүлде түскен.
Кумитеден ұлдар арасында 61 кг дейінгі салмақта отандасымыз Тұрар Қалпақбай алтыннан алқа тақты. Ол финалда ирандық қатарласы Мұхаммед Абдоллахигорабты айқын басымдықпен ұтты. Сондай-ақ осы жас санатында Перизат Алдаберген (-59 кг) мен Айдын Темірхан (-66 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік кеше чемпионаттың алғашқы күні кадеттер сынға түсіп, Қазақстан құрамасы 4 медальға ие болған. Оның ішінде Балнұр Құрбанәлі (14-15 жас, -61 кг) чемпион атанса, Алмат Нұрсейіт (14-15 жас -57 кг) күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Айша Ұнталап (4-15 жас -54 кг) пен Мәдениет Матжан (14-15 жас -52 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кететін жайт, Шаогуань қаласындағы Азия чемпионатына қүрлықтағы 30 мемлекеттен 520 спортшы қатысып жатыр.

