Мен Қазақстанға 2005 жылы келдім. Басты себеп ата жұртқа деген генетикалық деңгейдегі ностальгия. Қазақша айтқанда қанға сіңген сары сағыныш атажұртқа оралуыма себеп болды. Келе сала Ұлттық университетке емтихан тапсырып, оқуға түстім. Абай айтқандай, «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын». Ондайдан аулақ болдық. Қарын аш, сары уайымға салынған студенттік күндер де болды. Уайым да болды. Себебі атажұртқа оралып, жалаңқол келгеннен азаматтық алғанға дейін біраз уақыт өтті. Мақсатымызға жету үшін тынбай оқу оқыдық, еңбек қылдық. Солай ел қатарына іліктік.
Бастапқыда бейімделу оңай болды деп айта алмаймын. Адам бір эммиграция жасаған кезінде шамамен жарты өмірін жоғалтады. Оның орнын толтыру оңай емес. Қарапайым тұрмыстық әдет-ғұрыптан бастап, тіл мәселесіне дейін қиындықтар көп болды. Тіл деген өзі тірі организм сияқты ғой, өскен жеріне бейімделеді. Айталық, ирандық қазақтардың қазақ тілі мен қазақстандық қазақтардың тұрмыстық қазақ тілінде үлкен айырмашылық бар. Ираннан бір қазақ келсе, қазақстандық тұрмысқа оңай сіңісіп, еркін ой алмасып кете алмайды. Сол сияқты өзге тілді айтпағанда өз ана тілімнің өзгешеліктеріне бейімделу керек болды. Дегенмен елім-жерім деп келген адам ондай қиындықтарды оңай бағындырады. Ең бастысы сенім, еңбек, эмоция ғой. Бұл қиындықтарды жеңіл жеңесіз, табиғи қиындықтар ретінде қабылдайсыз.
Елге келгенде ең алдымен ұнағаны - өз елім, өз жерімде жүруім. Өзіме деген сенімділік пайда болды. Әрине, бұл әр саналы қазақтың бойында бар нәрсе. Егер сіз шетелде жүрсеңіз көңіліңіз атажұртқа ауып, ойыңыз ала болып жүреді. Ал атажұртқа келіп төртеуіңіз түгел болып тұрса, сеніммен, аянбай, алаңдамай еңбек етесіз. Сүйсіне жасаған еңбек төбедегіні алдыңызға алып келеді.
Ал алаңдаушылық тудыратын дүние - ұлттық құндылығымыздың толық қалыптаса қоймауы. Ең алдымен ел болып, ұлт болып қалыптасуымыз қажет. Ұлттық идеологиямыз толық қалыптаспаса өз елімізде бөтен елде жүргендей сезімде боламыз. Бұл әр азаматтың бойындағы сенімін қашырады, істеген ісіңізде де берекет болмайды.
Менің негізгі өзгешелігім – алғышарттардың басқа болуы. Адамдардың бәрі бастапқыда бір мектепте оқиды, бір жүйемен білім алады. Ал мен басқа ортадан келдім. Танымым, ұлтым қазақ болса да, көп мүмкіндіктер менде болған жоқ. Бастапқы жағдайдың басқа болуы мені еңбек етуіме, өзімді танытуыма итермеледі. Мен елге 17 жасымда өзім жалғыз келдім. Әкем ерте қайтыс болған. Ел қатарлы жатақханада тұрып, алға өздігімнен ұмтылыс жасадым. Байқайсыз ба, шеттен келген қандастар еңбекқор болып келеді. Себебі олар бәрін тастап жаңа ортаға келеді, бәрін жаңадан жасауы керек болады. Ол үшін еңбек ету керек, бұл басты талап. Міндетің отбасыңды асырау, немесе өз салаңда еңбектеніп жетістіктерге жету. Осылайша сырттан келген қазақтар еңбек етіп, кейін бұл әдет-ғұрыпқа айналып кетеді. Мысалы менің бір туысқан ағам бар. Ол кісі Моңғолияда ауқатты болды. Ел алдында ерекше тер төгіп еңбектенгені есімде жоқ. Мал, дәулетінің арқасында өмір сүріп жүрген адам болатын. Бірақ атамекенге оралам деп, мал-үйін сатты. Ол жақта малдың құны айтарлықтай жоғары емес. Жерін, мүлкін тастап елге келді. Қарап отырсаң қоры да көп емес, ол жақта істеген жұмысымен бұл жақта мал таппайды. Бірақ бала-шағасын асырау үшін бір кәсіппен айналысу керек. Сөйтіп жұмысқа кірісті. Қазір ел ортасында жүрген талантты бизнесмендердің бірі.
Атажұртқа оралған оралман қазақ дегеніміз, қазақтың әлсіздігі емес, қазақтың қуаты. Ол - қазақтың запастағы күші, адами капиталы, ұлттық экономикасы, ұлттың демографиясы, ұлттың атын мәңгілік қылудың амалдары. Әртүрлі пікірлер бар ғой, "оралмандар қиын-қыстау кезеңде ауып кеткен, бүгінде көмекке мұқтаж топ" дейтін терісқағыс ойларды да естиміз. Ал Моңғолияның қазақтарын моңғолияның еврейлері дейді. Неге дейсіз ғой? Себебі олар Моңғолияда өз талантын, қабілетін көрсеткен сондай бір этникалық бөлік. Олар қазір Моңғолияның экономикасын көтеруге өз үлесін қосуда. Ал Қазақстанға келсе одан екі есе әлеуетін көрсететін болады.
Қазір қазір үш бағытта еңбек етудемін. Бастысы ұстаздық бағыт – қазір жоғары оқу орындарында дәріс берудемін. Менің ғана емес, елдің үміті болып жүрген мықты шәкірттерім бар. Екінші бағыт - математика ғылымының бірнеше салаларымен айналысамын. Ғылыми нәтижелерім әлемдік деңгейде жақсы бағалануда. Өткен жолы математикалық монографияға берілетін әлемдегі ең басты сыйлық -The Ferran Sunyer халықаралық премиясын алдым. Жалпы алғанда Ұлттық ғылыми техникалық сараптама орталығының мәлімдеуінше отандық ғылымдардың ішінде әлемдік деңгейде сапасы мен саны жағынан жоғарғы сапта тұрған бірден бір ғылым – математика. Отандық математика саласында жұмыс істеп жүрген ғалымдар еңбегінің жемісі. Қазір адамдар ғылымда сыйлық алу үшін жұмыс жасамайды. Бұл спорт емес, біреуден озып кететін. Ғылымды ғылым үшін, рухани байлық үшін, адамзаттың ой өрісін кеңейту үшін жасаймыз. Ал енді үшінші бағыт - қоғамдық жұмысқа да уақыт бөлудемін. Мысалы TEDx, форумдарға қатысып, қоғамдық істерге белсенділік танытып жүрмін.
Басты жетістігім - еліміздің өркендеуіне, дамуына аз да болса үлес қосатындай дәрежеге жеткендігім деп ойлаймын. Математикадағы жетістігім қазақ ғылымын танытуда. Қазақ тек спорт, өнерден ғана емес, ғылым жағынан да жетістіктерге жетіп жатыр.