Қандастар Ассамблея

Білім әлемді көркейтеді

25.08.2020 230
Шеттен келген қандастарымыз да қазақ ғылымының дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Қазақстан - барша қазақтың ортақ отаны. Бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ұлтарақтай жерін де жауға бермей қорғап қалды. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген аталы сөзді ұрпақ санасына сіңіріп өсірді... Үш ғасыр орыс патшалығының билігіне бағындық. Түбі бір түркіден қанымызға дарыған ұлттық құндылығымызға көлеңке түсіп, тектілігімізді ұмытуға шақ қалғанымыз ескі жылдар еншісінде қалды.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ес біліп, етек-жеңімізді жинадық. Дербес мемлекет ретінде шетте жүрген ұлты қазақ қандастарымзды елге шақырдық. Тәуелсіздік алғаннан бері миллион қазақ баласы атажұртына табан тіреді. Шежіре кеуде қазыналы тұлғалар қазақ халқының тарихы мен мәдениетін биікке көтеріп, ұлы мұраттардың орындалуына мұрындық болды. Бауырларымызбен бірге сақтап қалған салтымыз, ғұннан қалған ғұрпымыз күнделікті өміріміздің арнасымен келешекке жол тартты.

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді халқымыз. Шеттен келген қандастарымыз да жаңалықтың жаршысы болып, қазақ ғылымының дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Атап айтсақ, 2019 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы атағына Қытайдан келген үш қандасымыз ие болды. Жүзден жүйірік шыққан қандастарымыздың бірі Әлібек Ыдырысұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биомедициналық ғылми-зерттеулер орталығының директоры. PhD доктор. ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резервіне енген үш жүз білікті жастың бірі. Болашағынан зор үміт күттірген Әлібек Ыдырысұлының ғылым жолындағы еңбегіне сәттілік тілейміз.

Өз қатарының алды болған келесі жеңімпазымыз Жанар Жеңісқызы әл-Фараби атындығы Қазақ ұлттық универститетінің профессоры. PhD доктор. 2009 жылдан бастап Ж. Жеңісқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультеті, органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технология кафедрасында аға оқытушы, доцент және профессор м.а. қызметтерін жемісті атқарды.

Ж. Жеңісқызы 2010-2012 жылдары Токио биохимиялық зерттеу фондына ғылыми жоба тапсырып, грант жеңіп алды. Сонымен Жапонияның Токио қаласындағы Hoshi фармацевтикалық университетінде пост-докторантуралық зерттеу жұмысын сәтті аяқтады.

2014 жылы Ж. Жеңісқызы Қытай Ғылымдары Академиясының шетелдік ғылыми зерттеушілерге арналған грантын жеңіп алды. Цинзян физика-химия техникалық институтінде зерттеу жұмысын жүргізді. 2016 жылы Тайланд мемлекетінде NATPRO6 конференциясында жоғары деңгейдегі баяндама үшін марапатқа ие болды.

2016-2018 жылдары Ж. Жеңісқызы Оңтүстік Корея, Gyeongsang Мемлекеттік Университеті, Қолданбалы тіршілік туралы ғылымдар бөлімінде, профессор Ки Хун Парктің Табиғи және Органикалық қосылыстар зерттеу зертханасында аға зерттеуші болып жұмыс атқарып, сонымен бірге Кореялық және шетелдік магистрант және докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасады. Оңтүстік Корея ғалымдарымен бірге зерттеу нәтижесінде дүниеде Қазақстанның Алматы өңірінде таралған эндемикалық кермек өсімдігінің химиялық құрамын бірінші рет зерттеп, 20 қосылыс бөліп алды. Оның ішінде 17 қосылыс жоғары қан қысымы ауруына (Inhibition of angiotensin-I converting enzyme (ACE)) қарсы жоғары белсенділік көрсетті.

2017 жылы Қытай Ғылымдары Академиясының халықаралық таланттарды алмастыру жобасына қатысып, жоғары талантты ғалым атағына ие болып, 2018 - 2019 жылға дейін Қытай Ғылымдары Академиясы, Шанхай Дәрілік Препараттарды зерттеу институтында арнайы шақырылған зерттеуші қызметін атқарды. Жанар Жеңісқызы шетелдік ғалымдармен ғылыми зерттеу байланысы негізінде Қазақстанның түкпір – түкпірінен келген білімді студенттерге шетелде грантпен оқуға түсуіне мүмкіндік жасады.

Оның осы елеулі үлестеріне негізделіп 2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов университет көлемінде «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығын» ашып, профессор м.а. Жанар Жеңісқызын орталықтың директоры етіп тағайындады. Қазақ елі үшін ғылым мен ұстаздық қызметте жоғары нәтижеге қол жеткізген маманның әлі де талай белесті бағындыратынына сенеміз.

Білім заңғарын бағындырғандардың бірі Сейтхан Азатұлы, химик, нанотехнолог, жас ғалым. Нанотехнологиялер мен наноматериалдар саласы бойынша PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры. 2015 жылы, «Development of the technology for fusicoccin preparation using nanocarbon sorbents and study of its biological and cytotoxic activity» атты тақырыпта, ағылшын тілінде докторлық диссертациясын қорғады.

С. Азатұлы. зерттеген тақырыбы негізінде, «Фитомикрфертилайзер» атты микротыңайтқышты зерттеп жасап, далалық, егістік және жылыжай жағдайларында сәтті сынақтан өткізді. Бұл микротыңайтықштар өсімдіктің тамыр жүйесін жетілдіріп, өнімді 15-20 %-ке көбейтеді. С. Азаттың негізгі зерттеу саласы: наноматериалдар, материалтану, сорбенттер және су тазарту. Ол әріптестерімен Қазақстанда алғаш рет су тазартуға арналған фильтрлер зерттеп жасап, «Ғылым қорының» қаржылай қолдауымен өндіріске енгізді. Қазіргі таңда, алғашқы отандық таза су фильтрлері Қазақстан нарығында сатылымға шығып, үлкен сұранысқа ие болды.

2019 жылы, Сейтхан Азатұлы Қазақстандық және Бельгиялық әріптестерімен бірге НАТО-ның «Ғылым бейбітшілік үшін» атты жобасына қатысып жеңімпаз атанды. Нәтижесінде, олардың «Valorization of biomass waste into high efficient materials for CBRN protection» атты жобасы 2019-2021 жылдар аралығына қаржылай қолдауға ие болды. Бұл алдағы уақытта, газ қағарларға арналған, алғашқы отандық сорбенттерді өндіріске шығаруға мүмкіндік бермек. Сейтхан Азатұлы қазақстандық және халықаралық ғылыми жобалардың жетекшісі және орындаушысы болып жұмыстар жасады. Springer және «Қазақ университеті» баспасында ағылшын тілінде 3 монографиясы басылып шықты.

Сонымен бірге әріптестерімен, нанотехнология саласы бойынша, 4 оқулықты ағылышын тілінен Қазақ тіліне аударды. 4 өнер табыстың авторы. Шетелдік International Journal of Environmental Chemistry және Horizon research publishing corporation басылымдарында редакциялық құрамының мүшесі.

«Байтұрсынұлы академиясы» мекемесінің академиялық кеңесінің мүшесі. 2015 жылдан бері, Назарбаев университеті, Инженерия мектебінде, R.L.D. Whitby және Vasileios Inglezakis сынды әлемге танымал профессорлардың ғылыми жобаларында, Постдокторант позициясында жемісті қызмет атқарып келеді. 2017 жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жас ғалымы» атағының иегері, сонымен бірге университет дамуына қосқан үлесі үшін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» медальмен марапатталды. Бұл күндері ғылым мен өндіріс және шәкірт тәрбиелеуді қатар алып жүрген С. Азатұлы 3 докторанттың ғылыми жетекшісі.

 Сонымен қатар 2019 жылы «Жану проблемалары иниститутының» Үздік жас ғалым конкурсының жеңімпазы.

Қандас ғалымдар 2019 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының марапаттауына Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келді. Уақыттың тығыздығына қарамастан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысты. Шетелдік және Қазақстан Республикасына көшіп келген қандас студенттермен кездесуге қатысып, білім жолындағы жастарға ақыл-кеңесін берді. Ұлттық академиялық кітапхана ішінен ашылған «Отандастар оқу» залының ашылуына да атсалысып, қуаныштарымен бөлісті.

Даладай дархан жүректі, теңіздей терең білімді отанын сүйген қазақ ғылымының дамуына өз үлестерін қосқан қандас ғалымдар еңбегіне табыс тілейміз!

Мұхтар Сержан, «Отандастар қорының» қызметкері