Қандастар Ассамблея

Репатриацияны қалай ұйымдастырсақ болады?

10.09.2020 370
Қазақстанға бес жыл ішінде 200 000 репатриантты немесе 50 000 отбасын тарту ұсынылады

Елімізге репатрианттардың ағынын күшейту үшін және репатриацияны қамтамасыз ету жөніндегі мемлекетіміздің мүмкіндіктеріне тікелей қатысты мәселелерге кіріспес бұрын мынадай сұрақтар қойған орынды болады деген ойдамыз.


Бірінші сұрақ. Шетелдегі 7 миллионға жуық қазақтар қазақ ретінде кімге керек? Қазақтар болашақта өзінің тілі, өзіндік мәдениеті мен ұлттық ерекшелігі бар этникалық бірлік ретінде өзге елдерге керек емес. Әрбір егемен ел өзінің ұлттық саясатының басымды бағыты ретінде титулдық ұлттың мүддесін қояды. Азаматтық негізде халықты біріктіру басымдықтары ерте ме, кеш пе сол елдің үстемді ұлтының мәдени кеңістігіне өріледі, сондықтан аз этностар уақыт өте өздерінің ұлттық бірегейлігін жоғалтады. Бұл заңдылық.

Демек, шетелдегі қазақтар қазақ ұлтының ажырамас бөлігі ретінде тек бізге керек. Осы ретте, шетелдегі қазақтарға қазақ тілін үйрету, олардың арасында ұлттық салт-дәтүрлерімізді жаңғырту, бір сөзбен айтқанда қазақы рухты оятып, ұлттық бірегейлікті ұстап тұру дұрыс деп ойлаймыз. Олай болмаған жағдайда шетелдегі қандастар жақын арадағы 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырап, қазақ ұлтының құрамдас бөлігі ретінде жоғалады.

Екінші сұрақ. Қазақстан азаматтарының басқа елдерге көшіп кетуінен еліміз үшін қауіп бар ма? 2012 жылдан бастап елімізде халықтың кетуінің теріс үрдісі сақталып келеді және көші-қонның теріс сальдосы жыл сайын 30 мыңнан астам адамнан асып, тұрақты түрде өсуде. Көші-қонның теріс сальдосының салдары белгілі – бұл өңірлердің депопуляциясы, елді мекендердің бос қалуы, еңбек ресурстарының жетіспеушілігі, ел экономикасының өсу қарқынының төмендеуі және т.б. Мұның бәрі – эмиграция салдарынан төндірілетін тікелей қауіптер.

Үшінші сұрақ. Бізге репатриация қажет пе? Халықаралық аренада өзін ауқатты деп санайтын кез-келген мемлекет эмиграциядан келтірілген залалды түзетуге, атап айтқанда демографиялық жағдайды жақсартуға және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге назар аударуы тиіс. Оның үстіне, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігі мәселесі болып табылады.

Біздің ойымызша, қалыптасқан жағдайда шетелдегі қазақтар, бұл шамамен 7 миллионнан астам адам, эмиграция шығындарының орнын толтырудың шешуші факторларының бірі ретінде қарастырылуы мүмкін және солай қарастырылуы тиіс. Шетелдегі қазақтарды елемеуге немесе оларды Қазақстандағы демографиялық және басқа мәселелерді шешудің кейінге қалдырылған факторы ретінде қарастыруға болмайды. Мемлекеттің бұл ұстанымы соңғы онжылдықта бірқатар жағымсыз салдарға алып келгені анық.

2011 жылға дейін ұлттық қауіпсіздікті нығайту және тарихи әділдікті қалпына келтіру мүддесінде тарихи отанынан тыс жерде орналасқан кез келген қазаққа еліне оралу және Қазақстанда өмір сүру құқығын іске асыру шеңберінде этникалық қазақтарды репатриациялау саясаты айтарлықтай табысты жүргізілгенін мойындау қажет.

Алайда, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыру мерзімдері аяқталғаннан кейін репатриация саясатына мемлекеттік көзқарастың өзгеруіне байланысты репатриация процестері кеми бастады.

Тарихи және этникалық отанына келетін этникалық қазақтар санының күрт қысқару себептерінің бірі ретінде «Мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы №111 қаулысын келтіруге болады.

Осы құжатқа сәйкес репатрианттар қоныстану және тұру орнын таңдау еркіндігінде шектелді - белгілі бір артықшылықтарды қамтамасыз ететін оралман мәртебесі Үкімет бекіткен қоныстандыру өңірлеріне келген этникалық қазақтарға ғана беріле бастады. Бұдан басқа, репатрианттардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мәселелері қиындады (азаматтықты тек төрт жылдан кейін ғана алу мүмкін).

Шетелдік қазақтардың Қазақстанға қоныс аудару саясатындағы осындай түбегейлі өзгерістерге аймақтық еңбек ресурстарының қажеттілігін және кәсіпкерлік бастаманы дамыту үшін әлеуетті ескермей, репатрианттардың ел өңірлерінде біркелкі орналаспауы ықпал етті. Репатрианттардың қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары бар (Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысы) немесе әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі салыстырмалы түрде жоғары (Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары) халық тығыз қоныстанған жерлерге жаппай көшуі репатрианттардың жұмыспен қамтылуын, әлеуметтік жайластырылуын қамтамасыз ету проблемаларын қиындатты.

Репатриация көрсеткіштерінің төмендеуіне репатрианттарға көрсетілетін қолдау шаралары тиімділігінің жеткіліксіздігі де ықпал етті. Репатрианттардың бейімделуін қолдаудың әлеуметтік пакетін қалыптастыру үшін мемлекет бюджетіне салынған қаражат жеткіліксіз болды. Бұл мәселе ауылда мал шаруашылығымен немесе өсімдік шаруашылығымен айналысу үшін репатрианттарды тұрғын үймен, жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселелеріне тікелей қатысты.

Қазіргі уақытта репатрианттарды қоныстандыру туралы шешім қабылдау кезінде аймақтың демографиялық сипаттамалары ескеріледі: халық саны, тығыздығы, халықтың қозғалыс көрсеткіштері, жас құрылымы. Яғни, репатрианттарды халық саны аз, халықтың қартаюы жоғары, эмиграциялық ағымдары бар, қоныстандыру тығыздығы төмен өңірлерге орналастыру қажеттілігі негізделеді.

«Отандастар қоры» КЕАҚ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесіп жүргізген ғылыми зерттеулер қазіргі уақытта өңірлер репатрианттарды қазақстандық қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру процесінде келесі қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін көрсетті.

Біріншіден, кейбір аудандар ауыл шаруашылығы қызметін дамыту үшін әлеуетке ие және жайылымдар мен егістік жерлері бойынша жағдай жасай алады, бірақ олардың табиғи-климаттық сипаты жағымсыз, тұрғын үймен қамтамасыз етуде қиындықтары бар, сондай-ақ олар өткізу нарықтарынан, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінен алшақ орналасқан (медициналық қызметтерді, білім беру қызметтерін алу қиын).

Екіншіден, қабылдаушы тарапта репатрианттарды жұмысқа орналастыру үшін ықтимал жағдайлар болуы мүмкін, бірақ оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қаржы салынбаған.

Осы жағдайларды ескере отырып, «Отандастар қоры» КЕАҚ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесіп, 2020 жылы мемлекеттік бағдарламаларда көзделген қолдау шараларын кеңейту шеңберінде, сондай-ақ репатриацияны қаржылық ынталандыру жөніндегі жаңа шараларды енгізу қажеттілігін ескеріп, репатриацияны қаржылық-экономикалық негіздеу және қолдаудың ынталандыру шараларын күшейту жөнінде терең ғылыми зерттеулер жүргізді.

Негізгі назар халықты жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдаудың және репатриацияны қаржылық ынталандырудың қазіргі кездегі ең маңызды құралы – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысы, өзгерістер мен толықтырулары бар жаңа редакциядағы 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулы) талдауына аударылды.

Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді және біліктілігі жоқ өзге де адамдарды үш бағытта: оқыту, шағын кредит беру, қоныс аудару бойынша міндеттерді шешу арқылы жұмыспен қамту болып табылады. Бұл ретте «Еңбек» бағдарламасының әлеуетті қатысушылары кәсіпкерлік қызметті оқыту курстарынан өтіп, тиісті сертификат алуы қажет екенін есте ұстаған жөн. Бағдарламаға қатысуға ұсынылатын барлық жобалар тұрақты жұмыс орындарын құруы тиіс.

«Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты – қоныс аударуды қаржылық ынталандыру шараларын талдау біз үшін аса маңызды болып табылады, өйткені ол этникалық қазақтардың тарихи және этникалық отанына қоныс аударуымен және олардың өнімді жұмыспен қамтылуымен байланысты.

Үй, жер, жұмыс деген сиқырлы үшбұрышта – тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі маңызды буын екені белгілі. Негізінен Қазақстанға әр уақытта келген репатрианттардың ортасынан шыққан барлық сарапшылар тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шетелдік қазақтардың қоныс аударуы туралы шешім қабылдауда шешуші фактор болып табылатынын атап өтті.

Осыған байланысты репатрианттарға тұрғын үй беру бойынша басым қоныстандыру өңірлері бөлінісінде мемлекет шығындарының нұсқалық есептеулері жүргізілді, бұл репатрианттарды азаматтық алғанға дейін және одан кейін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік қолдау құралдарын анықтауға мүмкіндік берді.

Қандас (оралман) мәртебесінде мынадай құралдар қолданылатыны анықталды: 12 ай ішінде тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызмет шығындарын өтеу немесе «Еңбек» бағдарламасы бойынша сатып алу шартын ұсынған кезде біржолғы төлем, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін репатриант қолжетімді тұрғын үйді қамтамасыз етудің барлық бағдарламаларына қатысуға құқылы екендігі анықталды, олар: «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ЖАО-да кезекте тұрғандар қатарындағы отбасыларға Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кредит алу, ЖАО арқылы әлеуметтік тұрғын үй алу, жеке тұрғын үй құрылысы, «Нұрлы жер», «7-20-25», «5-10-20» бағдарламалары бойынша бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық кредит, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу (белгілі бір критерийлер бар), «Nurly Ertis» аймақтық бағдарламасы, ЖАО-ның тұрғын үй сертификаттары, тұрғын үйді жалға алу немесе ипотекалық несиелеу шығындарын төлеуді жеңілдету үшін салықтық жеңілдіктер.

Жүргізілген зерттеу негізінде қаралып отырған 12 құралдың тек 25%-ы ғана қандас (оралман) мәртебесіндегі репатриант үшін қолжетімді деген маңызды қорытынды жасалды. Қалған құралдар ҚР азаматтығын алғаннан кейін жалпы негізде репатриант үшін республиканың басқа азаматтарымен тең қол жетімді, бұл іс жүзінде іске асырылмайды, себебі елдің байырғы халқының өзі тұрғын үй алу үшін ондаған жылдар бойы кезекте тұр.

Қазіргі уақытта қолданыстағы жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау құралдары жергілікті халық үшін бейімделген, бірақ олар репатрианттарды ынталандыру үшін жеткіліксіз екенін атап өткен жөн, себебі біріншіден, олар сол жерге басқа мемлекеттің азаматтары бола отырып көшіп келеді және көбінесе тұрғын үй сатып алуға және жайластыруға жеткілікті қаражаты жоқ; екіншіден, олардың жұмысқа орналасу үшін тиісті біліктілігі жоқ; үшіншіден, оларда несие алу және өз бизнесін ашу үшін мүлкі жоқ; төртіншіден, олар ауыл шаруашылығымен айналысуға арналған жерге ие емес және Қазақстанның жергілікті тұрғындарымен салыстырғанда басқа да материалдық ресурстарға ие емес.

Жат елде болудың алғашқы күндеріндегі психологиялық ыңғайсыздықты да ескермеуге болмайды. Әрине, репатрианттар үшін олардың тарихи және этникалық отанына келген алғашқы күндері қазақстандық қоғамға ауыртпалықсыз бейімделу және ықпалдасу үшін салмақты мемлекеттік тараптан қолдау қажет.

Репатрианттардың бейімделуіндегі басқа да қиындықтар ерекше назар аударуға тұрарлық, оның ішінде: тілдік кедергі (кириллицаны, орыс тілін білмеу; бюрократиялық кедергілер). Қазақстан азаматтығын алғанға дейін белгіленген 12 ай ішінде тұрғын үй және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу мүмкін еместігін ерекше атап өткен жөн. Әдетте, репатрианттар осы кезең ішінде тұрғын үй де, жер учаскелерін де алып үлгермейді және жалпы негіздегі үміткерлер санатына ауысады.

Жоғарыда көрсетілген барлық мысалдар шетелдегі отандастардың көші-қон көңіл-күйіне теріс әсер ететін факторлар болып табылады.

Сонымен бірге Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасы этникалық репатрианттарға қатысты ұзақ мерзімді тұрақты көші-қонды ұстанады.

Тұжырымдамада этникалық көші-қонды басқару жүйесін жетілдіру бөлігінде:

- шетелде тұратын этникалық қазақтарды ұлттық консолидация және тарихи отанына қайтару үшін жағдайлар мен ынталандырулар жасау;

- оларды еңбек ресурстарына мұқтаж өңірлерге қоныстандыруды ынталандыру;

- олардың Қазақстан Республикасында бейімделуі мен интеграциялануына жәрдемдесу қарастырылған.

Осы шараларды іске асыру нәтижесінде шетелде тұратын этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуының өсуі күтіледі.

Алайда, Көші-қон саясаты тұжырымдамасы қабылданған уақыттан бастап 3 жыл өткен соң жыл сайынғы көші-қонның теріс сальдосы, керісінше, өсіп келеді және жоғарыда айтылғандай, соңғы жылдары 30 мыңнан астам адам белгісіне жетті.

Бұл ретте шамалаған есептеулер бойынша жалпы қосылған құн (ЖҚҚ) ретінде көрсетілген экономикалық шығындар 100 000 еңбекке қабілетті халықтың аталған өңірлерден кетуінен ЖҚҚ-ның бір жылда 378 млрд.теңгеге қысқаруына алып келуі әбден мүмкін екенін түсіну маңызды.

Сонымен бірге 2019 жылы «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның тапсырысы бойынша «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген әлеуметтік өлшеулердің нәтижелері сақтықпен бағалағанда 1,5 млн.-нан астам этникалық қазақтардың Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келетіндігін көрсетеді.

Бұл жағдайда «Отандастар қоры» КЕАҚ репатрианттарды қабылдау, орналастыру және жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді ұсынады. Бұл шаралар этникалық көші-қон бөлігінде Көші-қон саясаты тұжырымдамасының міндеттерін шешуге ықпал ететін болады. Елдегі бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, оларды мүмкіндігінше қазіргі уақытта іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға интеграциялау қажет.

Ол үшін бірнеше позицияны анықтаған маңызды.

Біріншіден, біз жылына қанша репатриант тартқымыз келеді?

Қазақстанға бес жыл ішінде 200 000 репатриантты (жылына орта есеппен 40 мың адам) немесе 50 000 отбасын тарту ұсынылады. Бір отбасы төрт адамнан: екі ересек және екі кәмелетке толмаған баладан тұрады деп есептеледі. Осыған орай 200 000 репатрианттың еңбекке жарамды халқы 100 000 адамды құрайды деп болжануда.

Бірінші жылы 20 000 адамды, екінші жылы – 40 000 адамды, үшінші жылы – 40 000 адамды, төртінші жылы – 50 000 адамды, бесінші жылы – 50 000 адамды тарту жоспарлануда.

Екіншіден, еліміз бұдан қандай экономикалық пайда алады?

Жалпы қосылған құн ретінде көрсетілген экономикалық пайда еңбекке қабілетті жастағы 100 000 адамның Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығы саласына енуінен, бес жыл ішінде ЖҚҚ-ны 654 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді.

Егер ауыл шаруашылығы саласында еңбекке қабілетті адамдардың 30%-ы, ал қалған 70%-ы Қазақстан экономикасының басқа секторларында жұмыспен қамтылса, онда бұл көрсеткіштер ЖҚҚ 1,1 трлн. теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Үшінші, репатрианттардың ағынын не ынталандыруы мүмкін?

Қазақстанға этникалық көші-қонды ынталандырудың ең басым мәселесі тұрғын үй мәселесі болып табылады.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына сәйкес бір отбасына арналған тұрғын үйді жалға алуға жұмсалатын шығындар қоныстандыру аймағына (қала/ауыл) байланысты ай сайын 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін құрайды. Бұл төлемдер 12 ай ішінде жүргізіледі және 500 мыңнан (немесе 180 АЕК) 1 млн.теңгеге дейін (360 АЕК) құрауы мүмкін. Алайда, аталған шаралар тұрғын үй сатып алу мәселесін мүлдем шешпейді, ал бұл әлеуетті репатриант үшін шешім қабылдауда ең маңызды болып табылады.

Қазіргі нарықтық бағалар бойынша Қазақстанның солтүстік өңірлерінде бір отбасына арналған тұрғын үйдің құны орта есеппен алғанда 2,6 млн.-нан 5 млн.теңгеге дейінгі шекте ауытқиды.

Осыған байланысты біз репатрианттарға 360 АЕК-тің орнына оларды қоныстандырудың басым аймақтарында тұрғын үй сатып алуға 1000 АЕК төлеуді ұсынамыз.

Бұл жағдайда орташа есеппен тұрғын үй сатып алу шығындары келесідей болуы мүмкін:

- бір отбасына – 2,8 млн теңге;

- жылына 10 000 отбасына (40 000 репатриант) - 28 млрд. теңге;

- бес жылда 50 000 отбасына (200 000 репатриант) - 139 млрд.теңге.

Төртінші, қоныс аудару туралы нақты шешім қабылдауға не ықпал етуі мүмкін?

Репатрианттарды көтерме және басқа да өтемақы төлемдерімен қамтамасыз ету:

1) бір реттік көтерме жәрдемақы - 1,8 млн. теңге;

- нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы бойынша қазіргі төлемдер отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК немесе 4 адамнан тұратын бір отбасына 140 АЕК құрайды, бұл бар болғаны 388 920 теңгені құрайды. Бұл өте аз.

- ұсынылатын төлемдер – отағасына 200 АЕК-ке дейін және қалған отбасы мүшелеріне 150 АЕК-ке арттыру, жалпы 650 АЕК немесе 1,8 млн.теңге.

2) құжаттарды ресімдеу (өтемақы) – орта есеппен 227 мың теңге;

3) жол жүру және жүк алып жүру (өтемақы) – орташа 821 мың теңге.

Тұтастай алғанда, тұрғын үй сатып алуға тікелей шығындар мен бір отбасына өтемақы төлемдері 4,9-дан 6,4 млн. теңгеге дейін ауытқуы мүмкін немесе орта есеппен 5,6 млн.теңгені құрауы мүмкін.

Жалпы, 50 000 отбасын (200 000 адам) қаржылық-экономикалық қолдауды қамтамасыз етуге арналған тікелей шығындар бес жыл ішінде 243 млрд.-тан 320 млрд. теңгеге дейін ауытқуы мүмкін немесе орта есеппен 282 млрд. теңгені құрауы мүмкін.

Бесінші, репатриацияны ынталандырудың қандай шығынсыз түрлері бар?

Экономиканың агроөнеркәсіптік секторын дамытуды ынталандыру және оған репатрианттарды енгізу мақсатында оларға ауыл шаруашылығына арналған:

- мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер үшін – ұзақ мерзімді жалға алу жағдайында 500 га-дан 1000 га-ға дейін жайылымдық жер беру;

-      жылыжай шаруашылықтарын және т.б. жеке қосалқы шаруашылықпен айналысқысы келетіндер үшін – 15-30 сотка жер;

-      жеке тұрғын үй салу үшін - 10 сотка жер учаскелерін беру ұсынылады.

Бұл шаралар бірінші кезекте шекара маңындағы өңірлердің: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының ауылдық жерлеріне қоныс аударатын репатрианттар үшін есептелген, өйткені дәл осы шекара маңындағы өңірлерде халықтың айтарлықтай кетуі байқалады.

Қазақстанның әрбір өңірінің көші-қон әлеуеті онда қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайымен және жұмыс орындары үшін бәсекелестіктің күшеюімен, жалақы деңгейімен, тұрғылықты жерінің қалалардан алыстығымен және инфрақұрылымның даму деңгейімен анықталатынын есте ұстаған жөн.

Қазіргі уақытта өңірлер бойынша ішкі және сыртқы көші-қон ағындарының айтарлықтай сәйкессіздігі сақталуда. Олардың негізгі бағыты Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына, оңтүстік өңірлерге бағытталған. Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінің тартымдылығы айтарлықтай төмен күйінде қалып отыр.

Соған қарамастан, короновирус пандемиясынан қалыптасқан жағдай және энергия ресурстарына бағаның құлдырауымен байланысты әлемдік дағдарыс, ең алдымен, еліміздің экономикалық өсуінің драйвері болуға және жақын болашақта елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды қамтамасыз етуге тиіс ауыл шаруашылығын дамытуға негізделген қарапайым заттар экономикасының өзектілігін айқын көрсетті.

Сондықтан репатрианттарды басымдықпен қоныстандыратын шекара маңындағы өңірлердің әкімдері қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын жүргізіп, неғұрлым сұранысқа ие кадрларды анықтай отырып, біліктіліктер мен мамандықтар бөлінісінде ауылдық жерлердің еңбек ресурстарына деген қажеттіліктеріне талдау жүргізуі тиіс. Оған мұғалімдер, дәрігерлер, бала тәрбиешілері, құрылысшылар, мал өсірушілер, зоотехниктер, агрономдар, слесарьлар, токарьлар, мотористтер, сантехниктер және экономиканың аграрлық секторын көтеру үшін басқа да білікті мамандар жатады.

Мұндай тұжырымның пайдасын зерттеу нәтижелері де дәлелдейді. Репатрианттар арасында ең танымал жоба «Бастау бизнес» жобасы болып табылады, ол ең алдымен ауылда бизнес-ортаны қалыптастыруға бағытталған және олар үшін кәсіпкерлік қызметтің бастапқы алаңы болып табылады. Өңірлердегі фокус-топтардағы сауалнамалар репатрианттардың мал шаруашылығы үшін жер учаскелерін алу мәселелерінде іскерлігін айғақтайды. Олар «Бастау» бағдарламасы бойынша белсенді оқып, мал шаруашылығымен айналысуға шағын несие алу үшін конкурстар мен аукциондарға қатысты.

Бұл ретте репатрианттарды тұрғын үймен, көтерме және басқа да өтемақы төлемдерімен қамтамасыз етудің шешуші рөлін тағы да атап өтеміз. Көрсетілетін көмек репатрианттарға Қазақстанға көшу туралы берік шешім қабылдауға және олардың отбасыларын жеке тұрғын үймен қамтамасыз етуге, болашағына сенім ұялатуға мүмкіндік береді.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету репатриантқа бірқатар проблемаларды –мемлекеттік кредиттеудің әртүрлі бағдарламаларына белсенді қатысу үшін сатып алынатын тұрғын үйді кепіл мүлкі ретінде пайдалануға, еңбек нарығына тиімді енуге, ел экономикасының түрлі салаларында кәсіпкерлікпен айналысуға және қазақстандық қоғамға ауыртпалықсыз бейімделугешешуге мүмкіндік береді.

Репатрианттарды мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуден күтілетін нәтижелер:

- еліміздегі демографиялық жағдайдың айтарлықтай тұрақтануы;

- көші-қон сальдосы траекториясының терістен оңға өзгеруі;

- Қазақстанның адами даму индексі бойынша тартымды ел ретіндегі имиджінің жақсаруы;

- депопуляциялық көрсеткіштері бар ел өңірлерінің демографиялық және экономикалық тұрғыдан сауықтырылуы;

- этникалық қазақтардың тарихи және этникалық отанына оралу ағынының ұлғаюы;

- еліміздің кәсіпкерлігін, шағын және орта бизнесін дамыту жөніндегі түрлі мемлекеттік бағдарламаларына белсенді қатысу мақсатында репатрианттар үшін жағдайлардың жасалуы;

- еңбек тапшылығы бар өңірлердің еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі;

- бос жерлердің игерілуі, экономиканың аграрлық және мал шаруашылығы салаларының сапалы дамуы, еліміздің азық-түлік секторындағы тауар-нарықтық айналымының жандандырырылуы;

- ішкі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің еңсерілуі, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының экспорттық мүмкіндіктерінің күшейтілуі;

- бүкіл әлемдегі қазақтардың тарихи және этникалық отанының айналасына шоғырлануының қамтамасыз етілуі.

САРБАСОВ М.К.

«Отандастар қоры» КЕАҚ Вице-президенті,

КУЧУКОВА Н.К.

э.ғ.д., профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ