Қандастар Ассамблея

Этникалық репатирацияны ынталандыру – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы

07.09.2020 241
Арифметикалық есеп 1,5 млн болжамды қоныс аударушыларды көшіру үшін ұзақ жылдар кететін көрсетеді

«ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы» ҚР Заңына сәйкес ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қауіптерінің бірі, сыртқы миграцияның үдемелі күшейуімен, туу көрсеткіштерінің күрт төмендеуімен, өлім-жітімнің жоғарылауымен байланысты, демографиялық ахуалдың және халықтың денсаулығының нашарлауы болып табылады.


Кез-келген елде демографиялық ахуал оның дамуының негізгі көрсеткіші болып табылады, сондықтан ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық қалыптың маңызды әлеуметтік мәселелерін шешу демографиялық мәселені шешуге тәуелді.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы әлемдік жаһандану үрдістеріне сәйкес және көші-қон лектерін ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, демографиялық ахуалды сауықтыруға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған өзіндік көші-қон саясатын жүргізіп келеді. 

Алайда осы көші-қон саясаты қаншалықты тиімді? Мемлекет тарапынан демографиялық жағдайды сауықтыру бойынша жеткілікті шаралар қабылдануда ма?

Қазақстан Республикасының халық саны соңғы он жылда ресми статистикаға сәйкес 19% өскен (14 901,6 мың. адамнан 2000 жылы 18 395,6 тыс. адамға дейін 2019 жылы). Алайда бұл өсім, туу көрсеткіштерінің емес, халық өмірінің ұзаруымен байланысты. Тұрғындардың қартайуының жоғары көрсеткіштері бала туудың дәстүрлі төмен аймақтарында, яғни еліміздің солтүстігі мен шығысында байқалады. Әрбір 100 балаға Қазақстан бойынша орта есеппен 65 жастан асқан 26 азамат келетін болса, яғни индекс 25,9 көрсетсе, Солтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш – 55,8, Қостанай облысында – 53,2, Шығыс Қазақстан облысында 47,4. Өз кезегінде бұндай жағдай салықтық салмақтың өсуіне, әлеуметтік бағдарламалар шығындарының ұлғайуына және еңбек жасындағы халық санының азаюына әкеледі.

Ел бойынша 2018 жылы өлім-жітім коэффициенті 1000 адамға 7,1, ал табиғи өсімнің коэффициенті 1000 адамға 14,6 құрады. Бала туу қандайда болсын болжамды сценарий бойынша 1989 жылдан бері байқалатын трендке сәйкес төмендеу үрдісінде.  

Осы орайда, Қазақстанның, халық санының табиғи өсімі арқылы ұлғайуынан бөлек, демографиялық жағдайын жақсартуға қандайда болсын резервтері барма?

Демографиялық тақырыпты Қазақстан үшін өзектендіру еріккендіктен туындаған мәселе емес.

Қазақстан әлемде аумағы бойынша 9-орынды және халық саны бойынша 64-орынды иеленеді. Ал халықтың орташа тығыздығы бойынша біз БҰҰ таныған 195 тәуелсіз елдер тізімінде 184-ші орындамыз. Егер Қазақстанда орташа тығыздық бір шаршы шақырымға - 5,8 адамды құраса, әлемдік орташа көрсеткіш 1 шаршы шақырымға - 56 адам құрайды екен.


Бұған қоса, 2012 жылдан бері елден сыртқы қоныс аударушылар саны келушілер санынан артылатын халықтың жылыстауының теріс үрдісі сақталуда.  

 Солтүстік және солтүстік-шығыс облыстардан алыс және жақын шетелдерге көшіп кетудің тұрақты серпіні ауылдардың босап қалуы, халық санының қысқаруы және өндірістік жұмыспен қамту мәселелерінің шиеленісуімен қатар жалғасуда. Миграцияның теріс сальдосы қазірдің өзінде үлкен қасіретке айналуда, оның салдарлары белгілі:

-  халықтың кемуі, қоғамның рухани тоқырауы;

-  елді-мекендердің тозуы;

-  енбек ресурстарының жетіспеуі;

-  ел экономикасы өсу қарқының төмендеуі;

-  халықаралық аренада ел туралы негативті сипат қалыптасуы;

-  елдің инвестициялық тартымдылығының төмендетуі.

Аталған факторлар бала туудың өсіміне және мақсатты миграциялық саясатты іске асыруға бағытталған демографиялық ахуалды тұрақтандырудың жаңа тетіктері мен әдістерін ұсынуды талап етеді.

 Кейбір сараптамалық пікірлерге сәйкес алыс және жақын шет елдерде 7-8 млн. қазақ тұрады, олар Қазақстанда тұратын 12 миллионды құрайтын қазақтардың санының жартысынан асып жығылады. Демографиялық аспектіде бұл үлкен әлеует болып табылады.

Қазақстан Республикасының ресми деректеріне сәйкес 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін тарихи және этникалық Отанына 1 039 619 этникалық қазақ немесе 303 263 отбасы қоныс аударды. Орта есеппен жылына 38,5 мың адам келіп отырған.

Алайда, мүндай көзге жақсы көрінетін көрсеткіштер, соңғы жылдары мүлдем көңіл көңшітпейді. Соңғы 3 жылдың көрсеткіші бойынша миграцияның теріс сальдосы минус 30 мың адамға жуықтады: 

-  2017 жыл - елден кеткендер 37 704 адам;

-  2017 жыл – елге келгендер 16 081 адам;

§миграция сальдосы —  минус 21 623 адам.

- 2018 жыл - елден кеткендер 42 000 адам;

- 2018 жыл – елге келгендер 14 000 адам;

§миграция сальдосы — минус 28 000 адам.

- 2019 жылдың 9 айы - елден кеткендер 34 200 адам;

- 2019 жылдың 9 айы – елге келгендер 8 000 адам;

§миграция сальдосы 9 ай бойынша — минус 26 000 адам.

Бұндай жағдайда, сарапшылардың пікірінше нөлдік көші-қон кезінде туудың қысқаруы есебінен табиғи өсімнің біртіндеп қысқаруы күтіледі, ал осы кезеңде Қазақстаннан эмиграцияға кеткендер саны 3 658 000 адам екенін ескеретін болсақ, онда еліміздің демографиялық болашағы мүлдем түнеріңкі болып көрінері сөзсіз. Қазіргі миграция сальдосының қалпына сәйкес сыртқы түрткілерсіз (мемлекет саясаты, арнайы бағдарламалар жцне т.б.) елде миграцияның теріс сальдосы сақтала беретін болады.

Демографиялық ахуалға сыртқы факторлардың әсер ету мүмкіндіктері қандай?

Әлемнің жекелеген өңірлерінде еңбек ресурстарының жетіспеуі адам ресурстары үшін аса бәсекелестікті тудырады - Ресейде халықтың жалпы санының қысқаруымен стратегиялық маңызы бар аумақтардан халықтың кетуі байқалады. Бұдан ресейліктер қорытынды шығарып, ерікті қоныс аударуды ынталандыруға оқталған демографиялық саясатты түбегейлі өзгертуде. Сол саясаттың басымды бағыты - Қазақстанды Ресейдің демографиялық мәселелерін шешуде донор ретінде қабылдауы. Жоғарыда келтірілген цифрлар осыған дәлел.  

Сондықтан, Ресейге байланысты бізге адам және еңбек ресурстары үшін, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде, бәсекелестік тартыс жүргізу керек.

Керісінше, басқа өңірлердегі халықтың артық болуы көші-қон мәселелерін шешуде жаңа тәсілдерді әзірлеуге жетелейді. Дәстүрлі түрде халықтың аса тығыздығынан зардап шегуші бір жарым миллиардты Қытай азаматтарының шет елдерге, оның ішінде Қазақстанға жаппай шығуы үшін объективті алғышарттар қалыптастыруда.

Қытайдың жағдайы Ресеймен қалыптасқан жағдайға түбегейлі қарама-қарсы, сондықтан қаржылық инвестиция тарту мәселелерін қытайдың адам ресурстарының экспансиясына қатысты мәселелерінен ажыратып отыруды талап етеді. Бұл жерде этникалық ханьдықтардың экспансиясы меңзеледі.

Қазіргі уақытта, демографтардың пікірінше Қазақстанмен шекаралас елдерден қазақтардың таза рухани себептерге негізделген көші-қондық көңіл-күйлері біртіндеп төмендеуде. Әрине, мұндай жағдай миграциялық әлеуеттің сарқылғанын білдірмейді. Біздің пайымдауымызша тарихи және этникалық Отанымен қосылуға бағытталған этникалық миграция тек идеологиялық санаттан, жұмыс орындары және тұрмыстық жағдайын жақсарту мүмкіндіктерімен байланысты, экономикалық мазмұнға ие болуда.

Демек, болашақ миграциялық лектерді және олардың Қазақстанға негізгі донор елдерден қарқындылығын болжауда ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көрсеткіштерін ескеру қажет.

Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіштері бойынша Қазақстан Ресейден бұрыннан аздап артта қалып келе жатса, ендігі кезекте бізден Қытай озып барады. Егер 2010 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы ІЖӨ Қытайдан екі есе жоғары болса, 2017 жылы бұл көрсеткіштер теңеледі. Қазір Қазақстан даму қарқыны бойынша Қытайдан артта қалып барады, демек бұл этникалық қазақтардың Қазақстанға қоныс аудару туралы шешіміне теріс ықпал етуі мүмкін.

Өзбекстан мен Монғолияға қатысты бұл көрсеткіштер Қазақстан үшін ұтымды айырмамен сақталуда.

Аталған факторлар шетелдегі қазақтарды және репатриацияны қолдаудың ынталандыру бағдарламасын әзірлеуді талап етеді.

«Отандастар қоры» КЕАҚ-ның тапсырысы негізінде «Қоғамдық пікір» Зерттеу институты 2019 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне сәйкес, ең ақырын деген болжаулар бойынша, Қазақстанға 1,5 млн этникалық қазақ тұрақты тұруға қоныс аударғысы келеді:

-  Өзбекстаннан - осы елдегі 1,5 млн қазақтың 37,6% немесе 564 мың адам;

-  Ресейден - осы елдегі 1 млн қазақтың 12,3%, немесе 123 мың адам;

-  Монғолиядан осы елдегі 130 мың қазақтың 24,7%, немесе 32 мың адам.

Бұған қоса, кейбір сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңде Қытайда, осы елдегі этникалық азшылықтарға қатысты саяси ахуал түзелген жағдайда, 800 мың этникалық қазақ құжаттарын түгендеп, Қазақстанға көшуге дайын отыр.

Осы орайда, Ресей, Өзбекстан және Қытай сияқты мемлекеттерде тұратын қазақтардың нақты саны ресми цифрлардан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін ескергеніміз де жөн. Өзбекстанда 4-5 млн, Ресейде 1,5-2 млн, Қытайда 2,5-3 млн жуық қазақ тұрады деген пікірлер бар. Яғни, көшу әлеуеті бұданда жоғары болуы мүмкін.

Жай ғана арифметикалық есеп 1,5 млн болжамды қоныс аударушыларды көшіру үшін ұзақ жылдар кететін көрсетеді.

Мысалы, жылына 40 мың адамды көшірудің оптимистік сценариін жүзеге асыруда шетелдегі Қазақстанға көшуге ниетті 1,5 миллион қазақты қоныс аударту үшін 38 жылды талап етіледі, ал қазіргі қалыптасқан жылына 10 мың адамды құрайтын этникалық иммиграция сценариін ұстап тұру үшін 152 жыл, немесе 1,5 ғасыр кетеді.

Бес жылдық кезең бөлінісінде Қазақстанға келген репатрианттар ағыны 2007-2011 жылдар аралығындағы кезеңдегі 32,2%-дан (308832 адам) 2012-2019 жылдары, яғни соңғы 8 жылда 8,3%-ға (80617 адам) дейін төмендеген.

Демек, егер бұған дейінгі 5 жылда Қазақстанға жылына 61 776 адам келіп тұрған болса, соңғы 8 жылда (2012-2019 ж.ж.) репатрианттар легі 10 077 адамға дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде, этникалық қазақтардың тарихи және этникалық Отанына қоныс аударудың экономикалық алғы-шарттары мен құқықтық жағдайының нашарлауын, оралу процестерін ынталандырудың  әлсіздігін және мемлекеттік органдардың этникалық қазақтармен әлем бойынша ұйымдастырушылық және ақпараттық-коммуникативтік қызметінің келеңсіздіктерін аңғартады.

Осы орайда, этникалық қазақтардың тарихи және этникалық Отанына қоныс аудару процестерін, - бірінші кезекте басымды орналастыру территориялары болып табылатын Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарына, - үделетуді орынды деп санаймыз. Себебі, осы шекаралас өңірлерде халықтың анағұрлым сыртқа кетуі еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіруі мүмкін.

Әлбетте, бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінен репатрианттарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың кешенді шараларын қамтыған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануын талап етеді. Бұл шаралар этникалық миграцияның уәждемелік бөлігін арттыруды және қаржылық-экономикалық ынталандырылуын күшейтуді көздеу керек.

Ол үшін ынталандыру шараларын жылжымайтын мүлік, яғни үй-жайлар мен жер телімдерін, иеленуге бағыттау маңызды. Сонымен бірге, сол мүлік түрлеріне билік ету, яғни сату, айырбастау және басқа да құқықтарын 7 жылдық уақыт көлемімен шектеп, иеленушілерге тек иелену және пайдалану құқықтарын ғана қалдырса болады. 

Біздің пайымымызға сәйкес, белгілі бір кезеңге «шартты» меншік құқығын табыстау репатрианттың несиелік қабілеттілігін арттырады, кіші және орта бизнесті дамытудың түрлі мемлекеттік бағдарламаларына белсенді қатысуына мүмкіндік береді және олардың нақты бір жерге ұзақмерзімді орнығуына ықпал етеді.

Басымды орналастыру территорияларында жылжымайтын мүлік нарығына тұрғын-үйлерге қалыптасқан бағаларды ескере отырып, репатрианттардың сол көшкен кездегі бірінші жылы ауыртпалықсыз және тез бейімделуі үшін, үй-жайларды алуға және көшуге арналған барлық шығындарды едәуір көтеруді орынды санаймыз.

Бұл шығындар, жобалап есептеулер бойынша, бір отбасына шаққанда жыл сайын 4 771 800 (төрт миллион жеті жүз жетпіс бір мың сегіз жүз) теңгені, 4 адамнан тұратын 10 мың отбасына немесе 40 мың адамға - 47 718 000 000 (қырық жеті миллиард жеті жүз он сегіз миллион) теңгенң құрайды.

Нәтижесінде, мұндай шаралар репатрианттарға иелікке алған тұрғын-үйлерін мемлекеттік несиелеу бағдарламаларына белсенді қатысуы үшін кепілдік мүлік ретінде пайдалануға, еңбек нарығына тиімді интеграциялануына, ел экономикасының әртүрлі салаларында кәсіпкерлікпен айналысуына (соның ішінде ауылшаруашылық өндірісінде) мүмкіндік береді және олардың қазақстандық қоғамға аурыртпалықсыз кірігуіне қолайлы жағдай туғызады.

47 718 000 000 теңге – көп бе әлде аз ба?

Үкіметтің 24 қантардағы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке бюджет қаражатына түгендеу жүргізуді және тиімсіз шығындарды қысқарту, сондай-ақ, практикалық нәтижесі жоқ форумдар мен конференциялардың көпшілігінен бас тарту жөнінде тапсырма бергені белгілі.

Артынша, 2020 жылғы 28 қантарда ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкіметтің өз шығындарынан үнемдеу үшін жасырын резервтерді қарастырған бойдан, түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 30 млрд теңге үнемделгені және бюджет шығындарының қысқартуға жататын басқа да көздері болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады.

Демек, 30 млрд теңгеден бөлек тағы да резервтер бар деген сөз. Ол қанша миллиард екені әзірге белгісіз.

Алайда, біздің жағдайымызда әнгіме тек ақша туралы емес, мәселе - ұлт болашағы, мыңдаған адамның тағдыры, еңбек ресурстары, елдің экономикалық дамуы, мемлекет қауіпсіздігі турасында болса керек.

    Н.Б.ЖӘЛИЕВ,

«Отандастар қоры» КЕАҚ

 басқарушы директоры

Н.К. КУЧУКОВА,

э.ғ.д., профессор