Қандастар Ассамблея

Айтқан сөзің қандай болса, еститін жауабың да сондай

30.11.2020 277
Ақын, қоғам қайраткері, қазақ көшінің зерделеушісі, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-еңбек саласының үздігі Құрметбек Сансызбайұлымен сұхбат.

– Құрметбек Сансызбайұлы сіз ұзақ жылдары көші-қон саласы бойынша мемлекеттік қызметте болдыңыз. Моңғолия Үкіметінде жауапты қызмет атқардыңыз. Бүгінгі күні Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Отандастар қорының Алматы облысындағы филиалында қызмет істейсіз. 40 жылғы еңбек тәжірибеңіз бар. Айтыңызшы бүгінгі жаңа заман талабына сай қоғамдық ұйым, “халық пен мемлекет арасында алтын көпір болып” - елжұртпен етене жақын араласуы халық пен мемлекеттің мүддесі үшін қаншалықты әсерлі дер едіңіз?

– Күрделі сұрақ екен. Күрделі дейтінім жаңа заман, жаңарған қоғамға халық та, халықты ұйымдастыра басқаратын билік өкілдері де дайын емес еді... Жаңа тарихи кезеңде әуелі санамыз оянып өзіміз жаңғыра алмасақ, алға ұмтылу мүмкіндігі бола бермейді. Кеш қаламыз. Қалыпта жатқан тұстарымыз да жетерлік. Осы үрдіске жетелеп жеңіске жетуге сүбелі салмақ арқалайтын бірден-бір мекеме ол «үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар». Жасыратын ештемесі жоқ, бүгінгі таңда билік пен қара халық арасында сенімсіздік, келеңсіздік, үрей-қорқыныш дегендер етек алуы жергілікті атқарушы биліктің кейбір басшы және қосшы қызметкерлерінің сана сезімі, ойлау қабілеттері, жасап отырған істерінен озып жаңғыра алмауында. Бұл үрдіс жоғарғы шенеуніктер арасында да бар екені өмір шындығы. Атап айтсақ кейбір адамдар мен, халықпын деп негізді-негіссіз талаптар қойып жатса кейбір билік өкілдері мен басшымын мені сыйламасаң да лауазымды сыйласаң нетті дегендей мінез көрсетіп қай-қайсысы да жаңа заман талаптарына өздерін бейімдей алмауларында десек болады. Осындай үрдістерді жою қоғамдық ұйымдардың қолғабыс қажеттілігін туындатып отыр дер едім. Әкімдерде, жоғарғы билік те қоғамдық ұйымға барынша қолдау көрсету арқылы болып жатқан, алда болуы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алуға ұмтылса, қоғамдық ұйымдардың сын-пікір ескертпелеріне ерекше мән берсе дүниетанымдағы көптеген ескілік жүйеден мүлдем арылу жолы сәтімен жүзеге асатыны санамыздың жаңғыра жаңарғанын айқындайды. Ал шетелден келгендер арасынан заңнамалық кеңес береміз, қандастарды қолдап көмек жасаймыз деушілерге мүлдеп рұқсат бермеу керек. Бұлар делдалдық қызмет жасап нәпақа табуды көздегендер екені отыз жылдық тәжірибеде айқындалғаны да шындық.

– Оралман атауы Қандастар болып өзгерді. Енді қандастарға нақты қандай көмек болатыны жайында айта кетсеңіз.

– Президентіміз Қ.Тоқаевтың ұсынысы бойынша Қандастар деп аталатын болды. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында қандас-тарға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге яғни 70 АЕК-ке көбейтуді тапсырды. Бұл ішкі көші-қон бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы жергілікті халыққа да қатысты. Қазақ-бәріміз бір қандаспыз. Сондықтан 2021 жылдан бастап «Оралман мәртебесін» беруді тоқтатуы дұрыс болар еді.

– Толықтырып айтыңызшы оралман мәртебесі не үшін тоқтатылуы керек?

– Оралман куәлігі оларға жәрдем ақылар алуларына және бір жылдық мерзімде Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін жергілікті халық пен тең дәрежеде болуы үшін берілетін мәртебе. 2021 жылдан бастап қандастарға Қазақстан Республикасының азаматтығын 3-ай мерзім ішінде ықтирхатсыз беру мүмкіндігі қаралуда. 2004 жылдарға дейін Көші-қон полициясы оралман куәліксізде келген ағайындарға ҚР-ның азаматтығын беруге құжат қабылдап азаматтық беретін. Сол жақсы үрдістен ұтқанымыз көп болды. Ағайындар үшін қамқорлық қолдау еді. Көші-қон заңына жаңадан енгізіліп жатқан өзгерістерге байланысты 3-айда азаматтық бермек. Сондықтан Оралман куәлігінің еш қажеттігі болмасын өмір өзі дәлелдеп тұрған жоқ па. Ал қандастар неше қайта құжат жинап шығындалмай, уақыттары зая кетпейтін болады. Азаматтық алғанға дейінгі үш ай мерзімде Көші-қон полициясы азаматтық алу үшін құжат тапсырғанын растап берген анықтамасы еркін жүріп тұруларына кепілдік бола алады.

– Оралмандарды бейімдеу орталықтары келешекте қандай мақсат- міндеттер атқарады?

– Барлық облыста дерлік Оралмандарды бейімдеу және уақытша бейімдеу орталықтары бар. Шынтуайтында 2010 жылы Көші-қон департаменттері тарап кейінгі жылдарда орталықтар өз мақсат мүддесінде қызмет атқарған жоқ. Қазіргі кезде «Қандастар үйі» деп өзгеріп заңнама ақпараттық кеңес беретін орын болып қайта құрылуға дайындық үстінде деп естідім. Осы Қандастар үйі Отандастар қорының құзырына беріліп, облыс қаржыландыра бергені өте оңтайлы шешім болар еді деп айтар едім. Оған негізгі себеп: Бүгінгі таңда нотариустер оралмандардың барлық құжат көшірмелерін үш рет куәландырып қыруар ақша қаражат алады. Шындығында нотариус тек қана аудармашы адамның ең соңғы бетте қойған қолын ғана растайды. Құжат заңдылығына кепілдік бермейді. Ендеше осы міндетті Қандастар үйіне жүктеу қандастар мен мемлекеттің мүддесі үшін айырықша міндет атқаратын болады. Қандастар үйінің маман қызметкерлері қандастардың құжаттарына тегін аударма жасап және өз мекемелерінің мөрімен растап берсе. Оны қажетті тиісті орындар заңды деп қабылдайтын болса. Қандастарға бұдан артық қандай көмек, қолдау-қамқолық керек дерсіз. Қандастар үйінің екінші міндет-мақсаты шетелден келіп азаматтық алған қандас бауырларымыз арасынан Үкімет арнайы бекіткен квота қаражаты берілетін өңірлерге баруларына сара жол көрсетіп қоныстанған жерлерінде құжаттарында еш қиындық болмайтындай етіп заңдастырып берсе одан үлкен көмек барма.

– Бұрындары келген қандастар арасынан зейнеткерлік жасқа толып «Зейнеткерлікке» шығуға құжат тапсыратын бүгіндері Қазақстан Республикасының азаматтарының кезінде шет елде оқып білім алған жылдары еңбек өтіліне енгізілмей наразы болғандар өтініштері жиі айтыла беретінінің себебіне тоқтала кетсеңіз.

– Бұл да заман талабына қарай жаңғыра алмай ескі көзқараста жұмыс жасайтын жандардың қызметтік жауапкершілігіне тікелей қатысты дер едім. Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасында Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына 26.12.2018 жылы өзгерту енгізіп жаңа 18-бап бойынша «тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады»- деп көрсетілген. «Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Алматы облыстық департаменті»-і 25.09.2020 жылы С.С. деген азаматқа Моңғолия Елінде жоғарғы оқу орнында оқыған кезеңнің еңбек өтілі есебіне алынбау мәселесі жөнінде, ҚР-сы Үкіметінің 2014 жылғы 8 сәуірдегі қаулысына сәйкес, ҚР-сы мен Моңғолия елінің арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 2014 жылғы 9 қазанында күші жойылғандығын хабарлаймыз деп жауап берген. Енді саралап көрейік, Президент 2018 жылы 26 желтоқсанда қол қойып Заңға өзгеріс енгізіледі. Облыстық департаменттер Президент бекіткен заңды емес 2014 жылғы Үкіметтің қаулысын басшылыққа алады. Отанына тұрақты тұру мақсатында келіп жиырма жыл бұрын ҚР-ның азаматы болып кеткен жандар үшін Үкіметтің қаулысына жүгіну қаншалықты заңды іс? Моңғолия елінен келген қазақтарды екі елдің әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы шешім бойынша ешкімде көшіріп алған жоқ. Егер солай көшіріп алған болса келген соң жұмыс таба алмай жүргендеріне, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға дер кезінде қаулыға сәйкес неге жағдай жасалмады? Президенттің жарлығынан бұрынғы қаулының тарихи отанына келіп азаматтық алған қандастарға қандай қатысы бар? Ал ҚР-ң азаматы шетелде оқыса, әскери міндет борышын өтесе ол жылдары есептеледі. Шетелден келіп азаматтық алған қазақтар үшін есептелмейді. Тағы бір келеңсізі Моңғолия қазақтары кезінде Ресейде оқыған болса есепке алынады. Ресейде шет ел емес пе? Қызметіне жауапкершіліксіз қарағаны үшін жүгінушілердің шығынын сол қызметкер өзінің қалтасынан төлейді деген заң болса 2014 тен 2018 аралығында болған және қазіргі кезде болып жатқан келеңсіздіктердің бірде-бірі болмасы айдан анық. Еңбек минстрлігі, облыс департамент қызметкерлерімен теле арнада ашық алаңға шығып талқыласақ та бұл мәселенің соңғы шешіміне жетуге қандастар отандастар үшін ықпал етеміз.

– Қандастарға қандай ақыл кеңес айтар едіңіз?

– «Айтқан сөзің қандай болса, еститін жауабың да сондай» - деген асыл сөз бар. Сондықтан келген ағайындар бірінші кезекте «Қандастар үйіне» барып құжаттарына аударма жасатып, растатып, қажетті орындарға өтініш жаздырып алса көптеген жұмыстары жеңілдейді. Арықарай не істеу керектігі, қандай елді мекенге тұрақты қоныстануға, кәсіптік іспен шұғылдануға жұмыспен қамтылуларына болатыны сияқты сұрақтарына осы орын, Отандастар қорынан кеңес алғандары дұрыс. Өйткені бұл орталықтар қызметкерлері оларға өздері мен мемлекеттің мүддесі тұрғысынан шынайы ақпарат мәліметтер беріп жол көрсетеді. Ал жеке кәсіпкерлік негізінде құрылған заңнамалық кеңес беріп қызмет көрсетуге ынталы тұлғалар арасында ақша жүреді. Және олар заңдар мен стандарт нормативтік актілерден көші қон үрдісіне қатысты тұстарын, мемлекеттің көші-қон үрдісіне қатысты тұжырымдама бағыт бағдарын, заңға енгізілген өзгерістерді толыққанды жеттік біле бермейді. Олар, қандастар мен мемлекеттік мекеме маман қызметкерлері арасында делдал болуды ғана көздейді. Ақысыз ешқандай қызмет көрсетпейді. Алаяқтары ақыры соңы жоқ болып алданған қандастар шағымданумен қаншама әуре сарсанға түсіп жүретіні де рас. Мұндай жағдайлар Ауғаныстан, Қытай, Иран т.б. елдерден келген крилица әліпбиінде оқып түсіне бермейтін көптеген қандастар арасында жиі кездесетіні де өмір шындығы. Қазіргі заман ақпарат мәлімет шынайлылығын талап етеді. Ал шынайы ақпарат ала алмаған адам барған жерінде алдында отырған мемлекеттік қызметкер маман-басшылардың сөзіне күмән-күдікпен қарайды. Өзіне сенбей теріс қағыс сөйлеп отырған жанға маман кадр да оң қабақ танытпайтыны тағы бар. Осылай сенімсіздікдің бастамасы орын алады. Екі жақта қатаң тәртіпке бағынып ел мүддесі қағида-стандарттарды жеттік білетін болса әр істің бастамасы оңынан болады. Қай-қайсысы да сөйлер сөзіне, берер ақыл кеңесіне өзі жауапты болса арықарай келеңсіздіктер туындамайды. Айтпағым келген ағайын өз тағдырына жаңа орта елді мекендерге қалай орналасу жайында ойланып қоныстану мәселесінде дұрыс шешім қабылдаулары қажет. Сонда ғана келген ортасына оңтайлы да тез бейімделетін болады. Өзін-өзі басқарып сана сезімі жаңа заман талабына қарай жаңғырып нарықтық қоғамға бейімделу деген осындайдан басталатынын мойындау керек. Қандастармен қатарымыз артып Қазақ елінің ертеңі еңселі болсын ағайын!!!

–Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Аян Қайырбаев.

 

Ұқсас материалдар