Қандастар Ассамблея

Қандастардың құжаттарын реттеудегі түйіткілді мәселелер

28.01.2021 279

Қазақстан Республикасының азаматтығына шетелдік тұлғаларды қабылдау үшін құжат тапсырудың бірнеше әдісі бар: Қазақстан Республикасының шетел мекемелерінде (консулдықтар) және республиканың өз аумағында. Тұтастай, екі жағдайда да құжаттар саны мен тізімінде айырмашылық жоқ.

Құжаттар тізімі Құжаттар тізімі[1]

1. Нысан бойынша анкета-өтініш;
2. Өмірбаян (өз қолымен жазылған);
3. 3,5 х 4,5 см өлшемді фотосурет;
4. Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі; 
5. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұратындығын растайтын құжат; 
6. Соттылық туралы апостилденген немесе ресмилендірілген анықтама; 
7. Өзге мемлекет азаматтығының жоқтығы немесе оны тоқтату туралы тиісті мемлекеттің құзіретті органы берген анықтама; 
8. Балалардың туу және неке қию туралы куәліктердің көшірмелері (бар болған жағдайда);
9. Шарттарды сақтау туралы өтініш-келісім, нысан бойынша;
10. Консулдық алымды төлеу туралы құжат. 


Құжаттар тізімі (Қазақстан Республикасының аумағында жеңілдетілген тәртіпте):

1. Алдыңғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариалды түрде куәландырылған өтініш. 
2. Анкета-өтініш.
3. 3,5 x 4,5 см өлшемді төрт фотосурет.
4. Шарттарды сақтау туралы міндеттеме; 
5. Жеке басты куәландыратын және өзге мемлекеттің азаматтығына қатыстығын растайтын құжат көшірмесі. 
6. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын қандастар – репатрианттың жеке куәлігі (қандастар).
7. Жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар – аталған оқу орнында оқу фактісін растайтын жоғарғы оқу орнынан алынған анықтама. 
8. Жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін ұлтты растайтын анықтама. 
9. Мемлекеттік баж төлеу немесе оны төлеуден босату туралы құжат. 
10. Саяси қуғын-сүргін құрбандары болып табылатын тұлғалар – ақтау туралы сот шешімі немесе саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары болып табылатындығын растайтын құжаттар. 

 

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңының 1017-XII 16-1-бабына сәйкес репатрианттар (қандастар) Қазақстан Республикасының азаматтығына құжаттарды жеңілдетілген тәртіпте тапсырады.

Қазақстан Республикасының азаматтығына құжаттарды тегін рәсімдеу бойынша жеңілдіктер беру бөлігінде репатрианттарды (қандастарды) қолдаудың қазақстандық тәжірибесінде кейбір мәселелер туындайды.

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне[2] сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) заңдық мәні бар іс-қимылдарды жасау жөнінде уәкілдік берілген мемлекеттік органдарға немесе Қазақстан Республикасының лауазымдық тұлғаларына өтініш жасайтын барлық тұлғалар мемлекеттік баж төлеушілер болып табылады[3]. Кодекстің 629-бабына сәйкес консулдық алым, консулдық іс-қимылдар жасалғанда төленеді және осы баптың 7-тармағына сәйкес «Консулдық алымдардың төленген сомасы қайтаруға жатпайды».

Осымен бірге, репатрианттар (қандастар) Қазақстан Республикасының азаматтығын алумен байланысты нотариалды іс-қимылдарды жасаған кезде консулдық алым (Кодекстің 628-бабы) мен мемлекеттік баж (Кодекстің 617-бабы) төлеуден босатылады.

Кодекстің[4] 619-бабына сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылады:

1) Жаппай қуғын-сүргіндер, күштеп ұжымдастыру кезеңінде, өзге де адамгершілікке қарсы саяси акциялар нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағын мәжбүрлі түрде тастап кеткен тұлғалар және олардың ұрпақтары – Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы құжаттарды рәсімдеу үшін;

2) Қандастар – Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы құжаттарды рәсімдеу үшін.

Бұл ретте, көрсетілген мемлекеттік баж төлеуден босату тек бір рет беріледі.

Дегенмен, Республиканың өз аумағында және шетел мекемелерінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ниет білдірген этникалық қазақтар құжат тапсыру сәтінде «қандас» ресми мәртебесіне ие болмайтындығын атап өту қажет. Қазақстан Республикасының шетел мекемелерінде Қазақстан Республикасының азаматтығына құжат тапсырайын деп жатқан, шетелде тұратын этникалық казақ репатриант (қандас) болып табылмайды, оған мұндай мәртебе әлі берілген жоқ, сол себепті Кодекстің жоғарыда аталған баптары тарихи отанына қайтуға ниет білдірген репатрианттарға таралмайды.

Бұл ретте «қандас» мәртебесін алу үшін тиісті құжаттар пакетімен[5] («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы» немесе Қазақстан Республикасының Консулдығы) өтініш жасау қажет, оның ішінде өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар көшірмелерінің нотариалды түрде бекітілген аудармалары, қазақ ұлтына жататындығын растайтын құжаттардың нотариалды түрде расталған көшірмелері, өмірбаян және т.б.

Нәтижесінде жоғарыда аталған жеңілдіктерді нақты алу Қазақстан Республикасының азаматтығына құжаттар тапсырудың алғашқы кезеңінде мүмкін болмайды.

Осыған байланысты тарихи отанына қайтуға ниет білдірген этникалық қазақтар қандай нақты мемлекеттік қолдау алады деген объективті сұрақ туындайды. Осымен қатар, репатрианттарды осындай мемлекеттік қолдаудың тиімділігі жайлы басқа да сұрақтар туындайды. Өйткені, қолданыстағы жеңілдіктерді пайдалану үшін репатрианттарға алдымен жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН) алу қажет. Бұл үшін репатрианттарға өтінішпен, жеке басты куәландыратын құжат көшірмесімен, репатриант (қандас) куәлігінің көшірмесімен және тұрақты тіркеумен уәкілетті органга жүгіну қажет.

Көріп отырғанымыздай, Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келуге ниет білдірген де-факто этникалық қазақтар бірдей құжаттардың көшірмелерінің нотариалды түрде бекітілген аудармаларын бірнеше рет тапсырады: бірінші рет ЖСН (Жеке сәйкестендіру нөмірі); екінші рет «қандас» мәртебесін алу үшін; үшінші рет Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін.

Өкінішке орай, республиканың қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерінде, репатрианттарды (қандастарды) қолдау туралы тиісті Заңның болмауынан тиісті жеңілдік берілетін (мемлекеттік баж төлеуден босату) «қандас» мәртебесін алудың анық жазылған тәртібі мен тетігі жоқ.

Репатрианттарды қолдаудың қазіргі тетіктерінің практика жүзінде тиімділігі аз екені айқын болып отыр.

Сол себепті Қазақстан Республикасының азаматтығын алу міндетін қойғандар репатрианттарға (қандастарға) қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының жетілдірілмегендігінен, құжаттардың көптеген нотариалды түрде бекітілген аудармаларына жұмсалатын қаражаттан бөлек «қандас» мәртебесін алуға және қолданыстағы жеңілдіктерді одан әрі пайдалануға едәуір көп уақыт пен күш талап етіледі.

«Халықтың көші-қоны» туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше кірген этникалық қазақтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс тұратын этникалық қазақтар «қандас» мәртебесін алуға немесе ұзартуға және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғам немесе жергілікті атқарушы органдар және тиісінше Қазақстан Республикасының шетел мекемелері арқылы бере алады.

Репатрианттардың құжат рәсімдеуіне жұмсалатын шығындар сомасы олар тұратын елге байланысты екендігі туралы факт назар аудартады. Этникалық қазақтар тығыз қоныстанған кейбір елдерде 4 адамнан тұратын (екі үлкен адам және екі кәмелетке толмаған бала) бір отбасыға жұмсалатын шығын орташа есеппен Қытайда 300 мың теңгеге болса, Ресейде 10 есе аз 30 мың теңгені құрайды.

Ресейлік практика

Мемлекеттік бағдарламаға қатысушы[6] және Ресей Федерациясына тұрақты тұруға бірге қоныс аударатын оның отбасы мүшелері таңдалған қоныстану аумағына байланысты мемлекеттік кепілдемелер мен әлеуметтік қолдау алуға, оның ішінде Ресей Федерациясының аумағында қоныстанушылардың құқықтық мәртебесін анықтайтын құжаттарды рәсімдеуге мемлекеттік баж төлеуге жұмсалатын шығындарды өтеуге құқығы бар.

Өз отандастарын қолдау ретінде Ресейде Мемлекеттік бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне мемлекеттік баж төлеуге жұмсалатын шығындар өтеледі[7]:

  • шетел азаматына немесе азаматтығы жоқ тұлғаға уақытша тұруға рұқсат беру;
  • шетел азаматына немесе азаматтығы жоқ тұлғаға тұруға ықтиярхат беру;
  • азаматтыққа қабылдау, азаматтық алу, азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініштерді, тиісті құжаттарды беруді қоса азаматтыққа қатыстылығын айқындау туралы өтініштерді қарау;
  • Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын беру.

Бұл ретте мемлекеттік бажға жұмсалатын шығындарды өтеу процедурасы барынша айқын. Сонымен, өтемақы Мемлекеттік бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат, тұруға ықтиярхат, Ресей Федерациясының азаматтығын және Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын алғаннан кейін төленеді.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысушы өтемақы алу үшін тұрғылықты жері немесе келген жері бойынша Ресейдің Ішкі істер департаментінің аумақтық органына белгіленген нысанда оған және (немесе) оның отбасы мүшелеріне өтемақы төлеу туралы өтініш (орыс тілінде) береді.

Өтінішке мына құжаттар қоса беріледі:

  • жеке басты куәландыратын төлқұжат немесе өзге де құжат көшірмесі;
  • Мемлекеттік бағдарламаға қатысушы куәлігінің көшірмесі;
  • Өтемақы алуға үміткер Мемлекеттік бағдарламаға қатысушы отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын төлқұжат немесе өзге де құжат көшірмесі;
  • уақытша тұруға рұқсаттың немесе тұруға ықтиярхаттың көшірмесі;
  • мемлекеттік баж төлеу туралы түбіртек көшірмесі;
  • пошталық аударымды салып жіберуге қажетті реквизит немесе өтініш берушінің несиелік ұйымда ашқан шот реквизиттері.

Өтемақы төлеу туралы шешімді Мемлекеттік бағдарламаға қатысушының тұрғылықты жері немесе келген жері бойынша Ресейдің Ішкі істер департаментінің аумақтық органы олар өтінім берген күннен бастап 15 күн ішінде және оған қоса берілген қажетті құжаттар бойынша қабылданады.

Қабылданған шешім туралы өтінім берушіге қажетті негіздемемен жазбаша нысанда хабарланады. Өтемақы төлеуге жұмсалатын қаражатты Ресейдің Ішкі істер департаментінің аумақтық органы поштамен немесе алушы несиелік ұйымда ашқан шотқа белгіленген тәртіпте аударады.   

Ең соңғы кезекте, төлемді жүзеге асырушы Ресейдің Ішкі істер департаментінің аумақтық органы Мемлекеттік бағдарламаға қатысушының куәлігіне тиісті жазба енгізеді.

Зерттеу және демографиялық көші-қон процестерін нығайту жағынан да Қазақстан Ресейден кейін қалып келе жатқандығы шүбәсіз. Шетелдегі өз отандастарын қолдау мәселесінде ресейлік заңнама қазақстандық реалиялармен салыстырғанда әлдеқайда көш ілгері келеді.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында азаматтықты алу процесі репатрианттардың құжаттарды рәсімдеуге жұмсайтын едәуір шығындарымен тоғысады. Бұл ретте жеңілдіктерді беру процедурасы жоғарыда қаралып өткендей бірізді емес және репатрианттардың (қандастарымыздың) пайдасына шешілмейді. Көп жағдайда мұндай іс барысы репатрианттарды (қандастарды) қолдау туралы тиісті заңның жоқтығына байланысты.

Шын мәнінде, «қандас» оралман мәртебесін, ЖСН, Қазақстан Республикасының азаматтығын (жеңілдетілген тәртіпте) алудың ағымдағы тәртібі этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуға ынталандыруға үндейтіндігін атап өту маңызды. Дегенмен, іс жүзінде отандастарымыздың келуіне теріс әсер ететін қосымша бюрократиялық кедергілер жасайды.

Осылайша, аталған шығындарды өтеудің ықтималдығы Қазақстанға этникалық қазақтардың қайта оралуын ынталандырудың басты факторларының бірі ғана болып қана қоймай, сондай-ақ бюрократиялық процедураларды қысқартуға мүмкіндік береді.

Сілтемелер:

[1] Қазақстан азаматтығын қалай алуға болады. Ресми сайт [Электрондық ресурс] URL: https://egov.kz/cms/ru/articles/for_foreigners/how_to_become_kz_citizen (жүгіну күні 01.10.2020 ж.)

[2] 2017 жылғы 25 желтоқсанда бекітілген, 2020 жылғы 2 шілдедегі өзгерістермен берілген [Электрондық ресурс] URL: https://egov.kz/cms/ru/law/list/K1700000120 (жүгіну күні 20.09.2020 ж.)

[3] 608-бап. Қазақстан Республикасының Салық Кодексінің мемлекеттік баж төлеушілері

[4] 619-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы құжаттарды рәсімдеу кезінде мемлекеттік бажды төлеуден босату Қазақстан Республикасының Салық Кодексі

[5] Оралман мәртебесін алу немесе ұзарту қағидасы. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-Ө-М бұйрығы [Электрондық ресурс] URL: http://adilet.zan.kz/rus/docs/V1300008624#z68 (жүгіну күні  27.10.2020 ж.)

[1] Шетелде тұратын отандастарды Ресей Федерациясына ерікті түрде қоныс аударуға көмек беру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама . Ресей Федерациясы Президентінің 2006 жылғы 22 маусымдағы № 637 Жарлығымен бекітілген. 2012 жылғы 31 желтоқсаннан бастап тұрақты негізде әрекет етеді.

[1] Өтемақының аталған түрін төлеу тәртібі Ресей Федерациясы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қыркүйектегі № 715 Қаулысымен анықталған.

Жұманова Риза Алсайқызы

«Отандастар қоры» КеАҚ Ақпараттықталдау департаментінің бас менеджері.

Ұқсас материалдар