Қандастар Ассамблея

«Қандас» мәртебесін дұрыс қолданбау қоғам тұтастығына кедергі келтіреді

01.06.2021 63

2019 жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тарихи отанына оралған қазақтарға қатысты оралман сөзінен бас тартып, қандас терминін қолдануды ұсынынғаны белгілі. Қоғамдық пікір бұл бастаманы қолдап, заңнамада оң өзгерістер жасалды.

Алайда, қазіргі қазақстандық қоғамда қандастарға деген екіұшты көзқарас қалыптасты. Көпшілігі қандас деген кім екенін дұрыс түсінбейді. Сонымен қатар, ел ішінде ҚР азаматтығын алған репатрианттарды қандастар немесе оралмандар деп қате атау әлі де жалғасуда. Өкінішке қарай, бұл түсінік шеттен келген бауырларымыздың сезіміне, ел азаматтарының қарым-қатынасына және елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға теріс әсер ететін фактор қатарына жатады.

Бұл «қандас» терминінің әртүрлі түсіндірілуіне байланысты.


Қандас сөзі кең мағынада, географиялық және мемлекеттік-территориалдық қатыстылығына қарамастан, ағайын, шығу тегі бір этникалық топ өкілдерін білдіреді. Басқаша айтқанда, Қазақстандағы болсын - шетелдегі болсын, барлық қазақтар өздерінің бірегей тарихи кешегісі мен этникалық шығу тегі негізінде қандастар болып табылады.

Қазіргі қоғамдық түсінік этникалық қазақтардың шетелде тұратынын да, Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келгенін де, Қазақстан азаматтығын қабылдағанды да қандас термині аясында ұғынады. Соңғы ұстаным, еліміздің басқа да тұрғындарына тән шешілуі өте қиын кең көлемді әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері бар, жасанды әлеуметтік топтың қалыптасуы түріндегі проблема тудырады. Осы қате түсінік бұрынғы субэтностық шығу тегіне негізделген жаңа, саяси ұйымдасқан топтың пайда болу қаупін туғызып, кейіннен қазақстандық қоғамның тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін.

Анықтама үшін:

СУБЭТНОС ‒ этнос ішінде өзінің мінез-құлық стереотипімен ерекшеленетін және оның құрамдас мүшелерінің өзара комплиментарлық негізде өзгелерге қарсы қоятын этникалық жүйе.

Жалпы, субэтностар өзінің мәдениеті мен тілінің (диалектінің) ерекшеліктерімен, жалпы этнос құралғаннан кейінгі географиялық шығу тегімен белгіленеді де, сол айырмашылықтарды сезінеді. Субэтникалық топтың өз атауын қолданады, ал оның мүшелері бір мезгілде қостекті, яғни этносқа да, субэтносқа да тиесілі, сезімде болады.

Заңдық тұрғыдан алғанда, қандас ‒ тұрақты тұруға көшуге шешім қабылдаған және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу процесінде жүрген шетелдік қазақтарға беретін мәртебе. Осылайша, «қандас» мәртебесі ‒ Қазақстан Республикасының азаматтығын түпкілікті алғанға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл ретте, біздің ойымызша, шетелде тұратын қазақтарға да қатысты қандас терминін қолдануға болатын сияқты.

Дегенмен, қоғамдық пікірде қандас – тарихи және этникалық Отанына оралған, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін әлі алмаған, бірақ оны алу процесінде тұрған этникалық қазақ екенін нақты анықтау қажет. Осыдан келіп, қандас ‒ қазіргі уақытта қандас куәлігі бар этникалық қазақ.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының (бұдан әрі ‒ Заң) 1-тарау 1 бабының 13 тармақшасына сәйкес:

«Қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері».

Аталған Заңның 3-тарау 17-1 бабына сәйкес «қандастар» мынадай санаттарға бөлінеді:

1)       қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастар;

2)       Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және тұрып жатқан қандастар.

3)       «Қандас» мәртебесін берудің негізгі талабы қазақ ұлтына жататындығы болып табылады.

«Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін қандас мәртебесін беру және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу туралы өтінішхат берген үміткерлердің ұлты – жеке басын куәландыратын құжаттардағы жазба негізінде, мұндай жазба болмаған кезде үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттар негізінде белгіленеді».

«Қандас» мәртебесі бір жыл бойы қолданылып, жергілікті атқарушы органның шешімімен бір рет алты айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

Демек, этникалық қазақ жалпы алғанда «қандас» мәртебесіне 1,5 жылдан артық ие бола алмайды.

ҚР төлқұжатын немесе жеке куәлігін алғаннан кейін ол ҚР азаматы болады және «қандас» термині оған қолданылмайды. Сондықтан репатрианттар ҚР азаматтығын алғаннан кейін оларға «қандас» анықтамасын пайдалану дұрыс емес.

Репатрианттар «қандас» мәртебесінде болудың заңмен қаралған негізгі артықшылықтарының ішінде – ол этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің:

-          Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылуы;

-          қандастарға бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының қызметінің тегін көрсетілуі;

-          медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі;

-        Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейінгі ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде техникалық және кәсіптік, орта және жоғары білімнен кейінгі оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлінген квотаға сәйкес білім алу мүмкіндігімен қамтамасыз етілуі;

-          Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етілуі;

-          жұмыспен қамтамасыз етілуі.

Сонымен қатар, заңнамада қандастар үшін өзіндік қосалқы және фермер қожалығын жүргізу, ауыл шаруашылығы өндірісі, бағбандық, саяжай құрылысы үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерін бөлу көзделген.

Сондай-ақ, қандастар көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден бір рет босатылады.

Ал, репатрианттарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастарға жұмыспен қамту бойынша қолдау көрсетіледі және тұтынушылық кредит пен тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алуға құқық беріледі.

Бүгінде қазақстандық қоғамда тарихи отанына оралған этникалық қазақтарға қатысты пікірлерді өзгертудің уақыты пісіп-жетілді. Отанына оралған барлық этникалық қазақтарды жылдар бойы қалыптасқан қандас деген қате түсініктен арылту қажет.

Қазіргі қоғамда әртүрлілік пен айырмашылықтарға қарамастан, қоғамдық дамудың жалпы әлемдік үрдістері интеграциялық процестердің арнасында екені мәлім. Өзін мультимәдениетті ел ретінде танытқан соң, Қазақстанда қазақтарды туғаннан Қазақстан азаматтары және жақында азаматтыққа ие болғандар деп, сондай-ақ, жалпы қазақстандықтарды нәсілдік, ұлттық, этникалық, мәдени және діни белгілері бойынша бөлуге жол берілмейді.

«Қандас» мәртебесі өтпелі кезең, яғни ҚР азаматтығына ие болғанға дейінгі уақытша аралық күй екенін түсіну керек. Кейіннен этникалық қазақ‒репатриант ҚР азаматтығын алып, елдің басқа азаматтарымен тең құқықтар мен міндеттерге ие болады, Қазақстан азаматы құқығын туу фактісімен алғандармен бірдей ел тағдыры үшін жауапты болады.

Қазіргі жағдайда қандастарға қатысты стереотипті ұстанымдардың сақталуы, ел ішінде қазақтардың қандастарға және қандас еместерге бөлінуі жөнсіз деп есептейміз. Оның ұлт тұтастығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұндай көзқарас қоғамның тұрақты дамуына, ішкі саяси тұрақтылыққа теріс әсер етеді.

Бұл ретте, ең алдымен, репатрианттар өздерін қандас немесе оралман ретінде танытып, психологиялық тұрғыдан қысым көрген ренішті әлеуметтік топ ретінде емес, керісінше Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы болып табылатынын үлкен мақтанышпен қабылдағаны маңызды.

 

Жалиев Н.Б.

«Отандастар қоры» КеАҚ Ақпараттық-талдау департаментінің басқарушы директоры

 

Жұманова Р.А.

«Отандастар қоры» КеАҚ Ақпараттық-талдау департаментінің бас менеджері