Қандастар Ассамблея

Шығыстың сөнбес жұлдыздары

08.02.2021 169


Шығыстың әлемге әйгілі ғұламалары мен ойшылдары Хафиз, Фирдауси, Рудаки, Низами, Омар Хайям, Сағди, Жалаладдин Руми, Насир Хусрау, Жәмилердің арасында Әлішер Науаи мен Захириддин Мұхаммед Бабырдың алар орны ерекше. Биыл Түркі әлеміне ортақ тұлға, өзбек әдебиетінің негізін қалаған Әлішер Науаидың туғанына 580 жыл, ал Захириддин Мұхаммед Бабырдың туғанына 538 жыл толып отыр. Олардың жазған шығармалары мен өнегелі әрі ғибратқа толы өмірі мен еңбек жолы ғасырлар бойы адамзатқа рухани азық болуда. Ұлы ақындардың шығармалары және өмір жолымен барлығымыз таныспыз, олардың туындыларын оқымаған жан жоқ шығар. Сол үшін біз олар туралы деректерді жазуды емес, бүгінгі таңда ақындардың туындыларын жастар арасында насихаттау, осы дүниелер арқылы олардың бойына адамилық құндылықтар мен қасиеттерді сіңіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталуды жөн санадық.


Шынында да, жастардың бойына жақсы қасиеттерді дарытуда олардың шығармалары мен рубайлары таптырмайтын тәрбие құралы. Сондықтан Өзбекстанда жастарды мұндай рухани-ағарту жиындарына көп жұмылдыруға ерекше назар аударады. Осы мақсатта ұйымдастырылған шаралардың бірі Ташкент облысы Шыршық мемлекеттік педагогикалық институтында «Шығыстың сөнбес жұлдыздары — Науаи мен Бабырдың түркі тілдес халықтар әдебиетіндегі орны» тақырыбында өтті. Руханиятқа арналған шараға аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, Өзбекстан ғылым қайраткері, профессор Ғофуржон Мухамедов, Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серік Үсенов пен орталықтың белсенділері, жазушы, профессор Қалдыбек Сейданов және оқытушылар мен студенттер қатысты. Жоғары деңгейде өткен іс-шараны оқу ордасының білікті оқытушылары Өсербай Байқабылов, Еркін Айдаров және Жандос Байзақовтар ұйымдастырды.

Шарада сөз сөйлеген Ғафуржон Мухамедов пен Серік Үсенов ұлы ақындардың шығармашылығымен қатар ұлтаралық достық, яғни қазақ пен өзбек халықтарының арасындағы әдеби байланыстарды да тілге тиек етті. Ал көпке белгілі жазушы Қалдыбек Сейданов Шығыстың қос жұлдызы Әлішер Науаи мен Бабыр туралы баяндама жасады. Оның баяндамада келтірген құнды фактілері мен тарихи маңызы бар оқиғалары студенттердің де, басқа  қатысушылардың да көңіліне қонымды болды. Шараға қатысушылардың барлығы ағарту саласының майталманы Қ.Сейдановқа алғыстарын айтып жатты.

Әлішер Науаи мен Бабырдың туған күні қарсаңында өткен шарада жоғары оқу орнының студенттері олардың кез келген уақытта және қоғамда маңызын жоймаған, кемелдену жолында қолданылатын рубайлары мен өлеңдерін жатқа оқып, жиналған жұртшылықты риза етті. Сонымен қатар бірінші курстың бір топ жігіттері «Сұлтан және оның қырық уәзірі» атты астарлы әңгіме негізінде сахналаған көріністері арқылы Науаидың асыл қасиеттерін, философиялық көзқарасын, кішіпейілділігін және үлгі аларлықтай ұстанымдарын шеберлікпен көрерменге жеткізсе, музыка бағытында білім алатын екінші курс студенті Жанғали Адилов «Көзімнің қарасы» әнін айтып, Науаи мен Абайдың шығармашылығын үйлестірді.

Шыршық қаласындағы №17 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары «Туған жер» әнін айтып, би биледі. Ал Бостандық ауданы «Айдаралы» ауылындағы №31 мектептің «Балауса» әуесқой домбырашы балалар ансамблі «Саржайлау» әнін тамылжыта шырқап, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.

Шығыстың ұлы ғұламалары Науаи және Бабырдың өлеңдері өзіндік ерекшеліктерге ие. Бірінің өлеңін оқып рухани тұрғыдан кемелденсең, тағы бірінің лирикалық өлеңдері туған жер мен табиғатты сүюге баулиды. Шарада Науаидың өлеңдеріне Абай тәнті болғаны, оның шығармашылығын қазақ жазушылары Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Рахманқұл Бердібаевтардың зерттегені туралы, сондай-ақ белгілі ақын Несіпбек Айтовтың рубайларды қазақ тіліне тәржімәлағанын да тілге тиек етіп, олардың бұл еңбектерін қатысушылар әдеби достыққа балады.
Ақпарат үшін, 2020-2021 оқу жылында үш бағытта 150-ге жуық студент оқуға түсіп, ана тілімізде білім алуда. Бұл елімізде өзге ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі.

Айгүл ЕРКІНҚЫЗЫ, Республикалық «Нұрлы жол» газетінің тілшісі. Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы   

Ұқсас материалдар