«El.kz» ақпараттық порталының онлайн таныстырылымы өтті

25.09.2020 237

2020 жылғы 25 қыркүйекте «Отандастар қоры» КеАҚ, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» және «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі бірлесе отырып «El.kz» ақпараттық порталының онлайн таныстырылымын өткізіп, шет елдердегі қазақ мәдени орталықтары жетекшілерімен онлайн-кездесу ұйымдастырды.  


Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің Басқарма төрағасы Асқар Омаров, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов және 5 елдегі «Abai Uii» мәдени-іскерлік үйлерінің басшылары қатысты.

Іс-шара барысында, шетелдегі қазақтар үшін қажетті ақпараттың қолжетімділігін арттырып, диалог алаңдарын құруға, олардың тарихи Отанмен байланысын одан ары нығайтуға арналған «El.kz» ақпараттық порталының онлайн таныстырылымы өтті.

«El.kz» ақпараттық-танымдық порталы платформасында іске асатын «Отандастар қоры» КеАҚ-ның бұл жобасы шетелдегі қандастар мен басқа да қызығушылық танытқандарға Қазақстанға виртуалды саяхат жасауға, тарихи Отан туралы мол мәлімет алуға мүмкіндік береді. Порталда Қазақстанның мәдениет, тарих, білім, еңбек нарығы туралы ақпараттар бар.

Онлайн-кездесу барысында қатысушылар сондай-ақ, шет елдердегі қандастарды қолдау шараларын талқылады. 5 мемлекеттегі «Abai Uii» мәдени-іскерлік үйлерінің басшылары (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Германия) қазақ тілін үйрену мен шет елдердегі қазақ  қауымдастығының мәдени және білім жобаларының перспективалары, шетелде тұратын отандастарымызды қолдауға арналған бірлескен жобаларды іске асыру бойынша пікірлерімен бөлісті.