Қандастар Президент Жолдауын талқылады

22.09.2020 55

«Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» бірлесе отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.   

Іс-шараға «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов, Ұлттық кеңес мүшесі, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек, танымал этнодизайнер Қазипа Мұхаметқали, «Асар» республикалық ҚБ төрағасы Қайрат Бодаухан, кәсіпкерлер Білал Ысқақ, Айнұр Жакейқызы, сондай-ақ «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының» өкілдері мен елімізге әртүрлі уақытта көшіп келген қандастар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. – Жолдауда көптеген мәселе қозғалды. Оның ішінде әлеуметтік саланы ерекше атап өтуге болады. Мәселен мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы көтеріледі, сондай-ақ халық зейнетақысының бір бөлігін үй сатып алуға жұмсай алатын болды. Кәсіпкерлікті қолдауға көптеген шаралар қарастырылып, салық жеңілдіктері айтылды. Осындай мүмкіндіктер біздің қандастарға да оң әсерін тигізеді деген сенімдеміз, - деді «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов.  


«Асар» республикалық ҚБ төрағасы Қайрат Бодаухан Жолдауда ауыл мәселесі өте жақсы көтерілгенін тілге тиек етті.  – Мен Солтүстік Қазақстан облыстарын араладым. Президентіміз қозғаған басты мәселе – жер мен үй салу. Осы саланы зерттеп жүрген азаматтар мен «Отандастар қоры» бар, халқы көшіп кеткен ауылдарға арнап арнайы бағдарлама дайындау керек деп ойлаймын. Шеттен келген қандастардың шаруашылыққа икемі бар. Қандастарымыз Президент Жолдауындағы ауыл шарушылығын қолдау бастамасын қолдайды. Солтүстік Қазақстан облысында күзгі және көктемгі егін шаруашылығы кезеңінде маман тапшылығы байқалады. Осы тапшылықты атажұртқа оралған қандас бауырларымыз толықтырса деген ойдамын, - деді  Қайрат Бодаухан.  


Ал Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, кәсіпкер, этно-дизайнер Қазипа Мұхаметқали кәсіпкерлікті дамытып, оның ішінде қолөнер саласына көңіл бөлініп жатқанына тоқталды.   – Ел президенті Қазақстанда кәсіпкерлердің санын арттыру мақсатында көптеген шаралар қолға алынатынын айтты. Өз тарапымнан, қолдан келгенше, қолөнер саласындағы жобаларды іске асырып, бар білгенімді басқаларға да үйретуге атсалысып жатырмын. Қазіргі заман талабы бойынша барлық сабақтарды онлайн форматта өткізіп те жатырмыз. Ертең бір адам осы кәсіпті үйреніп, өз ісін дөңгелетіп кетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетіні көңілге үміт ұялатып отыр, - деді Қазипа Мұхаметқали. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау және жүзеге асырудағы «Отандастар қорының» міндеттері ортаға салынып, елдегі қандастар мен шетелдегі қазақ диаспораларының өзекті мәселелері талқыланды.