Қандастар Ассамблея

АҚШ-та тұратын отандастардың қатысуымен «Қандастар форумы» өтті

17.11.2020 500

Бүгін АҚШ-та тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Қандастар форумы» атты онлайн-кездесу өтті. Шараны «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастырды. Кездесуде «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов сөз алып, шетелде тұратын қандастарды қолдауға бағытталған жобалармен таныстырды. 

Жиынға қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Қарлығаш Бекпатшақызы шетте жүрген қандастарымызды қазақтың ана тілін, мәдениетін ұмытпауға шақырды.

Онлайн-кездесу барысында, белгілі ақын Қалқаман Сарин бүгінгі қазақтың тілі мен мәдениетінің шетелде тұратын қазақтар арасында сақталуы мен дәріптелу мәселесін көтерді.

Қандастар форумына арнайы шақырылған BTS Education Бас директоры Саясат Нұрбек, АҚШ-та жұмыс істеп жүрген қазақ жастарына «Қазақстандағы жаңа мамандықтар мен дағдылар Атласы» ұлттық жобасын таныстырды. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет француздық «Ecole 42» инновациялық әдістеме жүйесі негізінде, жастарға инновация мен IT-технологияларды тегін оқытатын «Alem» мектебі құрылғанын және қазіргі уақытта, сұранысқа ие, әлемдік деңгейдегі IT мамандарды даярлап жатқандығын айтып өтті.

АҚШ-та жүрген қазақ жастарына «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша түбегейлі ақпаратты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Карбозова Айнұр Бағдатқызы жеткізді.

Қазір шетелде білім алып жаңа технологияларды меңгеріп, шетелдегі ірі компанияларда жұмыс істеп тәжірибе жинаған біршама отандастарымыз Қазақстанға келіп жарқын болашақ құру үшін аянбай еңбек етіп жүр. Осы орайда 90 жылдары елімізге қоныс аударған Назгүл Жарданбек сынды отандасымыздың есімін атағанымыз жөн болар. Ол Ұлыбритания, Испания, Түркия, АҚШ елдерінде білім алып, қазіргі уақытта ұлт үшін қызмет етіп жүрген жандардың бірі. Назгүл Жарданбек ханым өз сөзінде АҚШ-тағы отандастарымыз Қазақстан үшін маңызды адами капитал екенін  алға тартты.

Өз кезегінде, отандастарымыз АҚШ-тағы қазақтардың әлемдік пандемиядан кейінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайлары туралы баяндап, іс-шара барысында айтылған ақпараттарды талқылап, Қазақстанмен байланысты нығайту, бірлесе жобалар атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

Онлайн кездесу барысында бірқатар ұсыныстар да айтылды. Мәселен, АҚШ-тағы отандастарымыздың қазақ тілі курстары көптеп ашылса деген ниеті бар. Қазақ диаспоралары шоғырланған аймақтарда балабақшалар ашу ісі қолға алынса, қазақша кітаптардың жетіспеушілігі шешілсе деген мәселелерді де ортаға салды. Шетелдегі қандастардың өз атамекеніне еркін келіп кетуі, қалаған жерінде жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болатын, этникалық қазақтарға арналған арнайы құжат дайындау және оны қолданысқа енгізу жайында ұсыныстар айтылды. 

Ұқсас материалдар