Қандастар Ассамблея

«Қазақ радиосында» жаңа «Қандастар» хабары ашылды

09.02.2021 103


Қара шаңырақ «Қазақ радиосында» ​ жаңа «Қандастар» хабары ашылды. Хабар аясында елдегі және әлемдегі қандастарға арналған жобалар таныстырылып, көші-қон, құжаттарды рәсімдеу, квота беруге қатысты түйткілді мәселелерді шешу жолдары талқыланады. Сондай-ақ атамекенге көшіп келген соң, өз ісінің білікті маманы ретінде ел құрметіне бөленген қандастармен, шетелдегі әлемге әйгілі компанияларда қызмет атқарып жүрген отандастарымызбен сұхбаттар ұйымдастырылады.

2021 жылғы 9 ақпанда «Қандастар» радиохабарының алғашқы саны эфирге шықты. Оған еліміздегі және шетелдегі қандастарымызды қолдау бағытында жұмыс жүргізіп жатқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңесшісі Қарлығаш Қожамұрат пен «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қатысты.

Соңғы кездері індетке байланысты енгізілген карантинге орай Қытайдан келген қандастардың елге кіру мәселесінде бірқатар түйткілдер туындаған еді. Осыған орай екі мекеменің ұсынысымен ведомствоаралық үкіметтік комиссияға хат жолданып, түйткіл оң шешімін тапты. Өткен аптада жаңа ереже енгізіліп, визасы бар, шақыртуы бар қандастардың елге кіруіне шектеу қойылмайтын болды. ​

Сонымен қатар, бағдарлама аясында тағы бір сүйінші жаңалық айтылды. Атап айтқанда қазір қазақтар көп шоғырланған әлемдегі 12 елдегі 24 ірі қалада қазақ тілін үйрететін 31 сынып іске қосылды. Олар шетелдегі қандастарымыздың өтініштеріне орай балаларға, жастарға ана тілін онлайн платформада арнайы әдістеме бойынша үйретіп жатыр.

Осыған қоса жаңа оқу жылында Қазақстандағы жоғары оқу орындарына әлемдегі елдерден 909 жас қандасымыз оқуға түссе, 825 жас дайындық курсына, ал 520 жас қандас колледждерге қабылданған. Олардың барлығы жазда ҰБТ сынаған тұңғыш рет онлайн тапсырған еді.

2020 жылы Стамбул, Берлин, Тәшкент, Омбы, Киев қалаларында қандастарымызды қолдауға бағытталған «Абай» мәдени-іскерлік үйлері ашылды. Биыл Баян-Өлгей аймағында, Бішкек пен Астрахан қалаларында ашу жоспарланып отыр.

«Қандастар» хабары әр сейсенбі сайын «Қазақ радиосынан» сағат 11:15-те тікелей эфирге шығатын болады. Айта кетейік, кез-келген тыңдарман 8-717-2-75-72-75 телефоны арқылы сұрақ қоя алады. Хабардың жүргізушісі – журналист Еркін Байғабылұлы. «Қазақ радиосын» онлайн тыңдау: https://qazradio.fm/kz/.