Қандастар Ассамблея

Қандастар құжаттарын бірмезетте тапсыра алады

11.02.2021 119

Тарихи отанына көшіп келген қандастар арасында туындайтын түйткілді мәселелер, олардың көші-қон үрдісіндегі талаптарды толық білмеуі себептерінен болып жататыны рас. Көші-қон үрдісін реттейтін заңнамалар да уақыт талабына сай өзгеріп отырады.

Осы ретте, «Отандастар қоры» КеАҚ қандастарымызға байланысты қолданыстағы заңнамаларда және нормативтік құқықтық актілерде немесе уәкілетті органдардың қызмет көрсету стандартына өзгерістер енген жағдайда, қандастарды барынша ақпараттандыруға тырысатын болады.

Өздеріңізге белгілі, этникалық қазақтар ҚР аумағына келіп, тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін, шетелдік азаматтың тұру ыхтиярхатын рәсімдеп, кейіннен ҚР азаматтығына тапсыратын еді. Осы үрдістің бәріне, яғни ҚР азаматтығы туралы шешім шыққанға дейін, бес айдан астам уақыт кетеді.

Ал биылғы жылдан бастап, қандастарымыз тұрақты тұруға рұқсат алуға және ҚР азаматтығын алу үшін құжаттарын бірмезетте тапсыра алады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 27 тамыздағы № 599 бұйрығы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Құжатқа сәйкес Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ қандастар тұрақты тұруға рұқсатты алу және Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу үшін облыстық, қалалық немесе аудандық көші-қон қызметі бөлімшелеріне барып құжаттарын бірмезетте тапсыра алады. Тиісінше, тұрақты тұруға рұқсат алу мен азаматтық рәсімдеу бойынша шешім үш ай мерзімінде шығатын болады.

Егерде, қандастарымыз өңірлік квота аламын деген жағдайда, ҚР азаматтығына құжаттарын бірден тапсырмай, бұрынғы заңнамалық тәртіп бойынша алдымен шетел азаматының тұру ықтиярхатын рәсімдеуіне болады. Ыхтиярхатпен жүрген қандастарға ҚР азаматтары болып табылмағандықтан, қандастардың өңірлік квотаны иемдену құқығын шектемейді.

 

Қонысбек Жандос Түймебайұлы

Қандастарды қолдау департаментінің консультанты.

Ұқсас материалдар