Қандастар Ассамблея

Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға қандай жеңілдіктер ұсынылады?

16.06.2021 350

Қазіргі кезеңде ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 қаулысына сәйкес қандастарды қоныстандыру үшін: Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген. Аталған облыстар, ҚР Көші-қон заңнамасына сәйкес, өңірге көшіп келген қандастарға квота қарастыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс жолдауы тиіс. Министрлік жергілікті атқарушы органдардың берген ұсынысына сәйкес, тиісінше қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын бөледі. Дегенмен, осы уақытқа дейін Атырау және Батыс Қазақстан облыстары қандастарға өңірлік квота бөлуге ұсыныс білдірмеген, жергілікті билік оны қандастардың өңірде аз қоныстануымен байланыстырады.

Еске сала кетейік, 2021 жылы өңірлік квота: Павлодар облысы бойынша – 500, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 195, Солтүстік қазақстан облысы бойынша – 123 адамға бөлінген болатын. Осыған сәйкес, аталған облыстарға келіп қоныстанған қандастар мемлекет тарапынан біршама материалдық қолдауға ие болады.

Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көшіп келген отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (102 095 тг) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды жабу үшін орналасқан жеріне (қала, ауыл), отбасы мүшелерінің санына қарай 12 ай ішінде ай сайын 15-30 АЕК мөлшерінде өтемақы төленеді. Мәселен, 4 адамнан тұратын орташа отбасы бір уақытта 140 АЕК алуға құқылы, бұл 408 380 теңгені құрайды. Ал отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса және ауылда қоныстанса 18 АЕК көлемінде, яғни 52 506 теңгені үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді жабуға арналған төлемді 12 ай бойы ала алады.

Сонымен қатар, қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін Еңбек бағдарламасы шеңберінде салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу (құнын төлеп алу) және/немесе салу арқылы қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалдамалы тұрғын үй беруді, қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беруді, қажет болған кезде техникалық, кәсіптік білім алу үшін оқытуға, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберуді, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.

Қонысбек Жандос

Қандастарды қолдау департаментінің консультанты