Қандастар Ассамблея

Өзбекстандағы шаруа қожалықтары

18.06.2021 142

Биыл маусым айында Өзбекстан Республикасы Науаи облысы, Үшқұдық ауданында облыстағы мал шаруашылығына мамандандырылған шаруа қожалықтарының қызметі, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы реформалардың практикалық нәтижелері туралы баспасөз туры өтті. Шараға баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, журналист, блогерлер, сондай-ақ Республикалық телеарнаның «Дидар» бағдарламасы мен «Нұрлы жол» газетінің журналистері қатысты.

Бетон өндірілетін аймақ

Этникалық қазақтар көп шоғырланған Үшқұдық аумағының әр жерінде жасампаздық істер, шығармашылық жобалар, жаңадан салынған ғимараттар, тұрғын үй кешендері, сауда орталықтары күн санап көбейіп келеді. Кез келген ғимараттың құрылысы уақыттың әсеріне немесе қоршаған орта факторларына төтеп бере алатын ауыр құрылымдарды пайдалануды талап етеді. Темір-бетон бұйымдары осындай құрылыстағы өндірістің маңызды түрлерінің бірі болып табылады.


Баспасөз туры аясында журналистер темір-бетон және мәрмәр бұйымдар шығаратын «Учкудук Нур-Бахт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыс үдерістерімен танысты. 20 жыл бойы жұмыс істемеген зауыт нөлдік құны бойынша 3,5 млрд. сум көлеміндегі инвестициялау шартымен «Учкудук Нур-Бахт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген.

- Бүгінде кәсіпкер Ахан Бурханов жобаға 5 млрд. сумдық инвестиция жұмылдырып, құрылыс үшін темір-бетон бұйымдары өндірісін іске қосты. Аудан орталығында 22 көпқабатты үй салынуда, оның 11 биыл пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан кәсіпорын шығаратын темір-бетон бұйымдарына сұраныстың жоғары екенін байқауға болады. Бүгінгі күні зауыт 2 метрден 11 метрге дейінгі әртүрлі көлемдегі сапалы темір-бетон бұйымдарын шығарады. Сонымен қатар, мәрмәрдан әртүрлі бұйымдар жасайды. Зауытта 50 адам жұмыс істейді.

Шөл кемелері өсіріліп жатыр

Түйені күтудің ерекшеліктері, ферма жұмысшыларының күнделікті жұмысымен танысу үшін пресс-тур қатысушылары «Учкудук - Барака сервис» шаруа қожалығына барды. «Учкудук - Барака Сервис» фермер шаруашылығы 2018 жылы әр тараптандырылған көп тармақты фермаға айналдырылған болатын. Шаруашылық түйе, қой өсіру, бордақылау және сауда-саттықпен де айналысады. Қазіргі кезде фермада 40 түйе, 1000 қой және 30 бас ірі қара бар. Түйені күніне 3 мезгіл таңертең, түсте және кешкі уақытта сауатыны белгілі. Таңертең ерте сауу процесінің куәсі болу үшін «Айтым» жайлауына жол тарттық. Бізді фермерлік шаруашылық қызметкерлері жылы қарсы алып, түйе сауылатын орынға алып барды. Ферма қызметкерлері түйенің желінін таза сумен жуып, содан кейін саууа кірісті.


- Әбу Әли ибн Сина өзінің «Медицина заңдары» атты кітабында түйе сүтінің емдік қасиеттері туралы айтып, оның құрамында сиыр сүтіне қарағанда дәрумендер үш есе көп екенін атап өткен еді. Ибн Синаның айтқандары шындыққа айналды. Түйе сүті мың ауруды емдейді. Мұнда келген адамдардың әңгімелерінен көп нәрсе білдім, - дейді фермер Ф. Марданов. Ия, түйе сүті, түйенің жүні емдік қасиетке пайдаланылады. Сондықтан, нарықта түйе сүті мен жүнге үлкен сұраныс бар. Шаруа қожалығының басшысы болашақта түйе санын 150-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Мұндай фермалар Үшқұдықтағы экологиялық орындарға туристерді тарту орталығына айналуы мүмкін. Қазіргі уақытта «Учкудук-Барака Сервис» кәсіпорнында 10-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Ешкі сүті туралы пайдалы ақпарат

Баспасөз турының келесі бағыты «Темурбек Файз» шаруа қожалығына тиесілі қой-ешкі табынында болды. Мұнда 2000 бас мүйізді қой-ешкі, 200 бас ірі қара жайылымда бағылады.

- Ешкі сүтінің емдік қасиеттері өте көп, - дейді шаруа қожалығының басшысы Феруз Джураев. – Бұл жануардың негізгі биологиялық қасиеттерінің бірі - ол кез келген климатқа тез бейімделеді. Тамақты таңдамайды. Аз уақыт ішінде семіреді. Олардың төлі басқа жануарларға қарағанда әлдеқайда ерте аяқтанады. Бұл ауа-райының өзгеруіне бейімделу үшін өте пайдалы, мысалы, өте ыстық күндері немесе ерте салқын ауа райында ерекше күтімді және арнайы тамақтануды талап етпейді. «Темірбек Файз» шаруақожалығы қой өсіру, ешкі өсіру, балық аулау, құс өсірумен қатар ірі қара малды бордақылаумен де айналысады. Бордақылау кешенінде қазіргі кезде Ресей Федерациясынан әкелінген 77 ірі мүйізді ірі қара бар. Мұнда асыл тұқымды сиырлардың әрқайсысынан күніне 30 литрден астам сүт сауылады. Алынған өнім ішкі нарықта сатылады. Фермер Феруз Джураев Ресейден 2000 қой мен 45 асыл тұқымды сиыр әкелуді, сондай-ақ сүт пен сүт өнімдерін өңдеуді жоспарлап отыр.

«Қыз жасау» тігін цехында

Бүгінгі таңда біздің елімізде әйелдерді кәсіпкер етуге, оларға бос жұмыс орындарын құруға ерекше көңіл бөлінуі кездейсоқ емес. Баспасөз турының келесі бағыты Мыңбұлақ ауылы болды. Ауылдық жиын жанындағы «Qyz jasau» тігін цехында шығарылатын өнімдер журналистер арасында үлкен қызығушылық тудырды.


Қазақ қызы Рима Әбдікәрімова негізін қалаған цехта негізінен қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары тігіледі. Көрпе-төсек, шұлықтар мен түрлі киімдер түйе жүнінен тапсырыс бойынша тігіледі.

Келіншектерге арналған қалыңдықтың киім-кешек, қыз жасау, төркін сыбаға, гүл шоқтарының бөлігі ретінде тігілген және тоқылған бұйымдар біздің назарымызды аударды.

Рима апаның айтуынша, цех қыздарының жұмысы аудан тұрғындары жағынан жақсы қабылданады, тіпті тапсырыс көрші Қазақстаннан да түсіп жатыр.

- Біз шығаратын өнімдер біздің қазақ халқының құндылықтарының ажырамас бөлігі және бай мәдени мұрамызды жастар арасында оқыту мен насихаттауға үлкен мән береміз, - дейді «Қыз Жасау» тігін цехының бастығы Рима Абдикаримова.


«Сонымен қатар, менің тігіншілерім ұлттық бұйымдарымызды заманауи ою-өрнектермен байытуға тырысуда. Айта кету керек, бұл тігін шеберханасы ауыл әйелдерінің қабілеттері мен мүмкіндіктерін іске асыра отырып, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған, жұмыспен қамтылу сонымен қатар маңызды, өйткені бұл ақша табуға көмектеседі.

Пресс-тур қатысушыларына «Мыңбұлақ» және «Құлқұдық» ауылдарындағы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері үйлесетін бағдарлама көрсетілді. Театрландырылған бағдарлама осы ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін, қазақы қонақжайлылықты көрсетті.

Райхан ҚАДЫРОВА,

Гүлдана НАРЫНБЕТОВА,

Өзбекстан Республикасы Науаи облысы.