Қандастар Ассамблея

Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы

16.06.2021 316

Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы – Өзбекстанда тұратын миллионнан астам қазақ ұлтының ана тілін, әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін сақтап қалу және Өзбекстанда ұлтаралық достықты нығайтуға бағытталған мемлекеттік емес, коммерциялық емес бірден-бір қоғамдық ұйым.


Өзбекстан Республикасы Конститутциясына сәйкес Өзбекстанда тұрақты тұратын және ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан қазақ халқының өз ана тілін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін сақтап қалу мен өркендету мақсатында 1989 жылы 23 наурызында Өзбекстан Ғылымдар академиясы жанынан ақпараттық қазақ мәдени орталығы құрылды.

         Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы 1992 жылдан бері Артықбай Үкібаев,Тұрсымат Қалбаев, Мейірманқұл Бәкіров, Үсен Асқаров, Марат Үкібаевтар басқарды.


2015 жылы 13 маусым күні Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының VIII – Құрылтайы өткізілді. Айтулы іс-шара нәтижесінде мемлекеттік қызметте басшылық лауазымда қызмет атқарған Серікбай Назарұлы Үсенов төраға болып сайланды.

         Қазақстан Республикасымен мәдени байланыстар нығайтылды. Жер-жерлерде тарихи тұлғалар және атаулы күндерге арналған халықаралық айтыстар мен мерекелік концерттер ұйымдастырылды.

         Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы Қазақстан Республикасындағы «Отандастар қоры» КЕАҚ және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен тығыз байланысып, әр түрлі мәдени шараларды өткізіп келеді.

         Бүгінде Науаи, Гүлістан, Нөкіс, Ташкент қалаларында педагогикалық университеттер мен инстиуттарда қазақ тілі мен әдебиеті факультеттері республикамыздағы 369-дан астам қазақ мектептеріне ұстаз-мамандарды дайындап келеді. Бүгінгі күнде Ергеш Абдувалитов Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасын басқарады.

         

Ата салт-дәстүрлерімізді сақтау, өркендету және үгіт-насихат жүргізуде республикалық «Нұрлы жол» газеті, Өзбекстан теледидарының «Дидар» бағдарламасының редакторлары Анар Нәлібаева, Замира Жиенбаева, қазақ радиосы елулі қызмет етуде.

         Қазіргі уақытта Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының республикада 8 бөлімі бар. Олар: Қарақалпақстан Республикасы, Хорезм, Бұхара, Науаи, Жыззақ, Сырдария, Ташкент облыстары мен Ташкент қаласындағы бөлімдері қызмет атқарады.

2017 жылы республикада қазақ ұлттық мәдени орталығы 25 жылдығына орай бір қатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Жазушы Боран Қыдыровтың мәдени орталық өмірін баяндаушы «Мәдени өмір» кітабы, ақын Мекембай Омаровтың «Ай астындағы айналайындар» өлеңдер жинағы, «Өзбекстандық қазақ ақындары өлеңдерінің анталогиясы» шығармалары басып шығарылды. Осы жылы танымал қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына орай да бір неше әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылды. Әдебиетші ғалым Қалдыбек Сейдановтың «Мұхтар Әуезов және өзбек әдебиеті» кітабы баспадан шықты.

      

2018 жылы 13 наурыз күні Өзбекстан Республикасы Президентінің «Ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаев шығармашылық мұрасын үйрену және кең насихаттау туралы» қаулысының қабылдануына сәйкес оның орындалуы бағытында кең көлемдегі маңызды іс-шаралар өткізілді. Абайдың «Таңдамалы шығармалары» кітабы, «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары» кітаптары ақын-жазушы Абдулла Рүстемовтың «Абай абадияти» (Мәңгілік Абай) монографиясы өзбек тілінде жарық көрді. «Абай сөзі» құжатты фильмі суретке алынып көрсетілді, сондай-ақ, Абай шығармашылығы жайлы арнайы көрме-выставка ұйымдастырылды. Республиканың бұқаралық ақпарат құралдарында Абай шығармашылығы жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Осы тақырыпта ұжымдарда, мекемелерде, оқу орындарында көптеген кездесу, конференциялар мен әдеби кештер өткізілді.

      

2019 жылы 9 ақпан Ташкенттегі «Түркістан» өнер сарайында ұлы өзбек ақыны Әлішер Науаидың (578 жылдығы), танымал қазақтың атақты ақыны Мұқағалидің (88 жылдығы) және танымал ақын Мекембай Омаровтың (70 жылдығы) шығармашылығына арналған салтанатты әдеби-мәдени шара өткізілді. Мұнда өзбекстандық өнерпаздармен қатар Қазақстаннан келген Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Илясова сияқты сахна саңылақтары қатысып өнер көрсетті.

      Жыл сайын Өзбекстан Республикасы «Тәуелсіздік күні» мен «Наурыз мерекесі» қарсаңында Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шет мемлекеттермен достық байланыстар комитетінің бастамасымен Ташкент қаласындағы «Достық» саябағында барлық ұлттық мәдени орталықтар көрмелер ұйымдастырып, мерекелік қойылымдарын көрерменге тарту етті.


Бұл шараларға қазақ ұлттық мәдени орталығы ерекше дайындық көріп, бірнеше киіз үй тігіп, өз салт-дәстүрлерімізді, ұлттық өнерімізді көрсетеміз. Дастарқан жайып, қонақтарға ет асылып, наурыз көже, бауырсақ, қымыз-қымыран сияқты ұлттық тағамдарымызды ұсынып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырып қызықты етіп өткізуге атсалысамыз.    

      2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы және 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылының өтуіне орай бұл шараларға мәдени орталық және оның аймақтардағы бөлімдері көптеген әдеби-мәдени шаралар, концерттік қойылымдар ұйымдастырып, көпшіліктің ықыласына бөленді.


      2020 жылы елімізде короновирус індетіне байланысты карантин шаралары енгізілуіне орай ашық түрде, көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралар біршама қысқартылып, олардың орнына онлайн-конференциялар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімет және пікір алмасулар өткізу қолға алынды. Әсіресе, орталық түрлі тақырыпта кітаптар шығару, қайырымдылық шараларды өткізуге көп көңіл аударып келеді. Былтырғы жылы айтулы өзбек ақыны Әлішер Науаидың дастандары мен ғазалдары (өлеңдері), бірегей өзбек ақындары Еркін Вахидов және Абдулла Ариповтың өлең жинақтары қазақ тіліне аударылып жеке-жеке кітап болып басылып ел іші-сыртындағы қазақ ағайындарға таратылды. Жақында мәдени орталықтың тікелей демеушілігімен халқымыздың денсаулығын табиғи жолдармен жақсарту мәселелеріне арналған, әрбір отбасы үшін «Табиғаттың өзі тәуіп» атты құнды кітап баспадан шығарылып оқырман қолына тиді. Сонымен қатар, алдағы уақытта бірнеше қазақ ақындарының өлең жинақтары, проза шығармалары, шежіре кітаптары қазақ тілінде басылып жарық көреді. Сонымен бірге, бір топ танымал қазақ ақындарының өлеңдері өзбек тіліне аударылып баспаға дайындалуда. Өзбекстан Республикасында қандастар үшін осындай игілікті істерді атқарудамыз. Қос елдің достығы мәңгілік болып, мәдени-рухани байланыстарымыз үзілмесін деп тілейміз!

Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Назарұлы Үсенов. Тел: +99890 984-33-46

Мекен-жайы: Ташкент қаласы, Мырза Ұлықбек ауданы, Ниязбек жолы, 6-көше, 20 үй.

Электронды почта: kazuz10@yandex.ru

Тел: +99871 237-24-43, +998971 237-44-79.

Ұқсас материалдар