Қандастар Ассамблея

Түркi халықтарына ортақ сенiмдер

23.12.2020 309
Түбі бір түркі халықтарындағы ұқсастық.

Ерте ғасырлардан берi өзбек, қарақалпақ, қазақ, түрікмен, қырғыз, ұйғыр т.б. халықтар бiр қауым болып жасаған яғни түбi бiр түркi халықтары екенiмiз баршаға аян. Түркi халықтары ортақ мұраға, айта кететiн болсақ дiнiне, мәдениетiне, салт-дәстүрiне, наным-сенiмiне ие. Тiлдерi де өз алдына жақын боп келедi.

Мәселен, сұрасқанда түбi бiр, кездескенде түрi бiр, сөйлескенде тiлi бiр қарақалпақ халқымен тегiмiз бiр болып келiп, сонымен қоса наным – сенiмдерiмiз, ырымдарымыз да өзара жымдасып, жанасып, ұштасып жатыр. Ертеден келе жатқан күнделiктi тұрмыста көп қолданылатын нанымдарға айға ақты көрсетпеу, кеште айнаға қарамау, жастыққа отырмау, нанды терiс қаратып қоймау, нан ұсағын тастамау т.б. Сол сияқты ортақ сенiмдер қолданушы - нанымдар барша түркi халықтарына ортақ боп келедi яғни барлығында бiрдей ен жайған.

Қазақы ырымдар немесе нанымдар адамзатты жауыздықтан, жамандықтан алшақтатып, адамгершiлiк ақылдылыққа тәрбиелейдi, адам бойындағы жақсы қасиеттерге үндейдi, дұрыс жолға бастайды.


Көбiнесе бұл наным – сенiмдерiмiз фольклорда кең өрiс алған немесе көп кездестiремiз. Көркем әдебиетiмiзде бұлар етене ен жайған десек те болады.

Мәселен эпостық жырларды алайық, қырғыздың «Манас» жыры, түркiлерге ортақ «Алпамыс» және де «Шора батыр», «Ер Сайын» секiлдi эпикалық жырлардан ортақ, ұқсас наным-сенiмдердi көруге болады. Мұнда мал-мүлiкке ие болатын, ұрпақты жалғастыратын перзенттi аңсайды, әулиелерден бала тiлейдi. Мұның өзi әулиелерге сенушiлiк, нанымдылықтың айқын дәлелi. Мiне, дәл осы сарын эпикалық жырларда аса маңызды мотив ретiнде кең жырланғанын көремiз. «Манаста» қарт Жақыптың, «Алпамыста» ғы Байбөрiнiң, «Шорада» Нәрiктiң, «Ер Сайындағы» Бозмұнайдың образдарын ерекше еске түсiремiз. Бұл жырларда және бiр ескере кеткен жәйт түс көру мен түстi жорудың өзi күрделi әңгiме болып көтерiледi.

Жалпы түске сену түркi – монғол фольклорындағы өте көне ұғым көрiнiсi. Жырларда бала тiлеп, әулиелердi аралаған ғарiп жандарға түсiнде ақ сақалды, ақ таяқты, ақ сәлделi пiрлер келiп аян бередi. Қырғыз жыры «Манаста» да осы көрiнiс дәлме-дәл қайталанғандай болады.

Ұйқыға көзi барыпты,

Ұйып ұйықтап қалыпты

Шығанағы талыпты.

Ақ сәлдесi басында,

Ақ сақалды бiр адам,

Келiп кiрдi қасына… т.б.

Және бiр айта кететiн мәселе әйел толғатып жатқанда ерiнiң сыртта жүруi көп елдiң эпикалық мұрасындағы жалпы типологиялық көрiнiстiң бiрi. Мәселен, қазақ эпосында «Қозы Көрпеш Баян сұлу» дағы Қарабай мен Сарыбай аңда жүргенде әйелдерi босануы кездейсоқ құбылыс емес. Сондай-ақ, «Мұңлық-Зарлықта» Шаншар хан әйелi толғата бастағанда алысқа кетiп жақсы хабар күтiп жүредi. «Манаста», Жақып та дәл солай жасайды.

Бұл да әрине түркi халықтарына ортақ ескi ырымдардың бiрi, оған сенушiлiк.

Мұның өзi қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек т.б. халық эпикалық дәстүрi мейлiнше тектес, түбiрлес екендiгiн сипаттайды.

Қорыта айтатын болсақ, түркi халықтары тек тегi бiр ғана емес, олардың дәстүрi, әдет-ғұрпы, мәдениетi, наным-сенiмдерi де өзара үндес, ортақ. Жалпы түркi халықтарының наным-сенiмдерiне көз жiберсек адамгершiлiк, iзгiлiк, әдептiлiкке үндейтiн ортақ қасиеттердi көремiз.

(Материалға Р. Бердібаевтың "Дәстүр тағлымы", С. Тойшыбаеваның "Қазақ қарақалпақ әдебиеттерінің байланысы", Ж. Молбадековтің "Қазақтану" атты еңбектеріндегі кейбір деректер пайдалынылды.) 

Қарлығаш Жақсыбаева, 

№28-мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,   

Өзбекстан Республикасы, 

Қарақалпақстан Республикасы, 

Нөкіс қаласы.

Ұқсас материалдар