Қандастар Ассамблея

Сауалнама: Атамекенге оралу ойыңызда бар ма?

08.09.2020 299
Қандастарымыз бірнеше сұрақтарға жауап береді

Шет елдерде тұратын қазақ қандастарымыздың арасында атажұртқа қайтқысы келетіндердің қарасы көп. Елге деген сағынышын қазақ даласының бір түп жусанының иісімен байланыстырған қандастарға сұрақ жіберіп, сауалнамаға қатысуын сұраған болатынбыз. Төменде олардың жауаптарымен бірге елге деген аманат-ақжарма тілектері, ұсыныстары беріліп отыр. 

  • Сізді Қазақстанмен не байланыстырады?

  • Шетелдегі қандастар мен атажұрттағы ағайынның арасындағы рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайту үшін қандай істер атқарылуы қажет деп ойлайсыз?

  • «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын жетілдіру бойынша қандай ұсыныс айтар едіңіз?

  • Шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдары жайлы айта кетсеңіз. Олардың шетелдегі орны, пәрмені қандай және атажұрттағы БАҚ-пен байланыс қандай деңгейде?

  • Атамекенге оралу ойыңызда бар ма?


Әбдуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры:

Қазақтанда қазақ диаспорасын зерттеу орталығы болуы қажет 

  • Биыл Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанға 22 жыл, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың туғанына 80 жыл толып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде Қазақстан тәуелсіздігінің символы және ұлы табысы. Өйт­кені, қысқа уақытта қазақ халқы Арқаның төсінде заманауи және әлемге үлгі боларлық әдемі қала салды. Әлемде бұл некен-саяқ кездесетін құбылыс. Сонымен қатар, бұл Ұлы дала мәдениетінің бүгінгі өкілі болып саналатын қазақтардың қала мәдениетін де мықты меңгергенін әйгілеп отыр. Бұған дейін қазақтар және оның арғы аталары тек мал соңында жүрген көшпенді халық ретінде көрсетілді. Бұл қате пікір еді. Өйткені түркілер ежелгі тарихтан әрі көшпелі, әрі отырықшы халық еді. Оның бірсыпырасы көшіп-қонып жүріп мал бақса, екінші бір бөлігі қала салып, жер жыртып, егіншілікпен және саудамен айналысқан еді. Міне, бүгін қазақтар мұның екеуін де бірдей табыспен іске асырған дара түркі халқы болып отыр. Елбасының дүниежүзі қазақтары, оның ішінде Түркия қазақтары үшін айрықша орны бар деп бекерден-бекер айтпадық. Елбасы Н.Назарбаев 1991 жылы Стамбұлда Түркия қазақтарымен арнайы кездесіп олардың арман-мақсаттарын тыңдаған. Сол кезде ондаған жылдар Отанынан, елінен алыста жүрген түркиялық қазақтар өшкені жанып, өлгені тіріліп, Елбасымыз келді деп қуаныштан жарыла жаздаған еді. Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы бір жыл өтпей жатып, Алматыда дүниежүзі қазақтары құрылтайын өткізді. Сол кезде көптеген шетел қазақтарының табаны бірінші рет атамекенге тиді. Ол – Түркия қазақтарының есінен ешқашан кетпейтін тарихи сәт. Түркияда Елбасының беделі, даңқы қазіргі таңда өте жоғары. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Елбасы Қазақстанды Еуразияның жарқыраған жұлдызды шағына жетелеген көреген басшы, табысты жетекші ретінде танылуда. Екіншіден, Түркі дүниесі ынтымақтастығының көшбасшысы ретінде құрметтеледі. Сондықтан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұсынысымен Елбасын Түркі мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің (Түркі кеңесі) құрметті төрағасы ретінде сайлады. Үшіншіден, Ресей мен Түркия арасындағы ұшақ апатына байланысты салқындық кезінде дәнекерлік жасады және төртіншіден, Астана кездесулерін ұйымдастыру арқылы Сирия мәселесінде тараптардың басын қосып бір ымыраға келтіргені үшін жоғары бағалануда. Бұл да түптеп келгенде, Түркия қазақтарының да беделін көтеруде. Сонымен қатар, Түркия және Еуропа елдеріне барған сапарларында сондағы диаспора өкілдерімен кездесулер ұйымдастыратын. Сондықтан осы 80 жылдықта Елбасыға «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрметті төрағасы» атағы берілсе құба-құп болар еді. Міне, мені атажұртпен осындай ірі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар бай­аныстырып тұрады.

  • Әуелі Қазақстанда диаспора саясаты жоқ. Сондықтан Қазақстан ең бірінші диаспора саясатын белгілеуге күш жұмсауы керек. Оның концепциясы – диаспораны қазақ елінің мүддесіне бейімдеу. Ашығын айтқанда диаспораны қазақ елі мәңгі ел етуге үлес қосатын күшке айналдыруға бағытталуы керек. Бүгінге дейін Қазақстан диаспора саясаты дегенді, оларды елге көшіріп әкелу, яғни көші-қон саясаты деп қана қолданып келді. Бұл да керек, әрине және ол кең ауқымды диаспора саясатының өзі емес, бір бөлігі ғана болуы тиіс. Сосын елге көшіру саясаты емін-еркін өмір сүрген қазақи салт-дәстүрін, атамекенмен байланысын кедергісіз жалғастырып келе жатқан елдердегі қазақты емес, тілі, діні құрып бара жатқан қазақты, яғни ұлттық болмысын жоғалтып алуға таяған елдердегі қазақтарды көшіріп әкелуге бағытталғаны жөн деп есептеймін.

  • Түптеп келгенде, шетелдегі қазақ диаспорасы ұлттық рухты күшейтеді. Келешекте Қазақстанның елдік мүддесіне қызмет ететін болады. Өйткені ана тілін білмеген қазақтан Қазақстанға пайда келмейді. Сонымен қатар қазақ диаспорасы атамекенін де жақсы танып-білгені жөн. Өйткені елін білмеген диаспора Қазақстанға қызмет ете алмайды. Ең бастысы олар тұрған ел­дерінің ғылыми-техникалық жетістіктері мен тәжірибесін атажұртқа апарды. Ин­вестиция тартуға септігі тиеді. Олар шетелде жүріп те қазақ елінің ұлттық имиджін көтере алады. Бірақ атажұрттағы елдің жағдайын білмесе, оған не керек екенін түсінбесе, пайда жоқ. Сондықтан да шетелдегі қазақтар Қазақстанға көшпей тұрып та мықты қарым-қатынаста болғаны жөн.

  • Диаспора саясатында шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарының іс-ша­ра­ла­рын, кітап шығару, журнал-газет шығару, ақпарат құралдарын қолдау сынды нақты қолдау көрсетілуі қажет. Бүгінге дейін мұндай нақты қолдау болмай келе жатыр. Алай­да бұл өте маңызды жайт. Мәселен, қазір Стамбұлда Қазақ білім және зерттеу қоғамы деген ұйым бір пәтерді жалға алып отыр. Айына 500 доллар төлейді. Қоғамның ешқандай кірісі жоқ. Бір-екі адам қалтасынан беріп отыр. Бірақ қашанғы береді? Сондықтан қоғамдық ұйым соны ай сайын төлеуге қиналып отыр. Бәлкім, бір-екі жылдан кейін ол жабылып та қалатын шығар. Қазақ және түрік тілдерінде жарық көретін тоқсандық «Қазақ елі» журналын да қиыншылықпен шығарып келеді. Ол да кейін тоқтап қалса таңғалмаймын.

  • Осы орайда диаспора саясатын мықты белгілеуде ең маңыздысы Қазақстанда қазақ диаспорасын зерттеу орталығы болу керек. Қай елде қанша қазақ тұрады, олардың жас мөлшері, сауаттылық деңгейі, кәсібі, мамандықтары сияқты әр елдегі қазақтардың ерекшеліктерін зерттеп білетін мамандар болуы керек. Өйткені бір ел диаспорасын жіті танып-білмесе, қалай диаспора саясатын белгілейді? Қалай олардың күшін ел мүддесіне жарата алады? Міне, сондықтан да халқының үштен бір бөлігі шетелде өмір сүретін Қазақстанға диаспора зерттеу орталығы ауадай қажет. Сонда ғана шетел қазағы ұлттық болмысын сақтап, қазақ елінің мүддесіне кәдеге жарату жөнінде ұтымды саясат жүргізуге болады. Шетелдегі жалпы 5 миллионнан астам қазақты Қазақстан мүддесіне қызмет ететін жағдайға көтеру деген сөз – Қазақстанның болашағы үшін жүргізілген елдік нысана-мақсаттарын нақты іске асыра алады деген сөз. Сондықтан бұл Қазақстан үшін стратегиялық қадам.

Әкбар АЮБИ, қоғам белсендісі, экономист:


Қазақтар алдымен өзара туыстық қатынасты нығайтуы қажет 

  • Мені атажұртпен екі нәрсе байланыстырып тұрады. Бірінші, тарихи жағдай. Әр­бір адам баласы «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздейді. «Мен кіммін, біз кімбіз?» деп ойлана бастағанда өзіңнің ұлтың ту­ралы білесің. Біз қазақпыз. Сондықтан қазақ деген ел туралы үнемі ойланып жүрдім. Біздің атажұрттан жырақ кеткенімізге бір ғасырдан астам уақыт болды. Аталарымыз көшіп жүрді, мен шетелде туған ұрпақпын. Міне, осылай үзілмеген тарихи байланыс бізді жалғап тұрады. Адам баласының өзіне «Кіммін?» деу арқылы өз ұлтын іздеуі – нағыз байланыс. Екінші байланыстырып тұрғаны бір апайым қазақ елінде тұрады. Әрі өмірлік се­рігімді Қазақстаннан таптым. Яғни бұл – туыстық қарым-қатынас. Осы ағайын-туысқа барыс-келіс, сосын өзім белсенді интернет қолданушы ретінде де көп қандастармен хабарласып тұрамын және Қазақстанға деген қызығушылығым басым. Екі жыл Қазақстанда тұрдым, сол кезде тапқан таныстар бар, осының бәрі мені атажұртпен байланыстырып тұрады.
  • Мұның екі жолы бар деп ойлаймын. Бірінші азаматтық, екінші мемлекеттік деңгейде. Яғни, қазақтар алыс-жуық демей туыстықты сақтау үшін қыз алысып, қыз бері­сіп құдаласу арқылы байланысты үзбеу қажет. Ал мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар көп. Мәселен, «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы атқарған жұмыстарымен енді танысып-білісіп жатырмыз. Дейтұрғанмен де мемлекеттік деңгейде рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайту үшін атқарылып жатқан іс-шаралар көп болғанымен, нәтижесі анау айтқандай емес. Сондықтан әуелі қазақтар өзара адами туыстық қарым-қатынасты нығайтуы қажет деп ойлаймын. Бір тілде сөйлейтін адамдар арасында қарым-қатынас, мәдени байланыс болуы үшін туыс болғаны мейлінше тиімді. Мемлекеттік деңгейдегі көп жұмыс қағаз бетінде басталады да, сол қағаз бетінде қалып жататыны жасырын емес. Еуропадағы қазақтар мәдени орталық құрып, Қазақстанмен байланыс жасаймыз деген мақсат бар еді. Ол жүзеге асқан жоқ. Жоспарлар көп. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай іс өнген жоқ. Мысалы, шетелдегі қазақтарды мемлекеттік жұмысқа алмайды. Еуропадағы Қазақстан елшіліктеріне талай кірдім. Сол жердегі қазақтардан жұмысқа адамдар алыңдар деп. Бір-бірінен тіл үйренсін деген мақсатта. Олар да алмады. Шетелдегі қазақтардың жұмыс істеуі үшін «Қазақ картасы» туралы айтылған болатын. Сол жүзеге асса, қандастар үшін үлкен қолдау болар еді.
  • Мен 1994 жылы Қазақстанға барып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында 6 ай жұмыс істегенмін. Сонда IT саласы бойынша өзімнің біршама тәжірибеммен бөлістім. Сол кезде шетелдегі қазақтарға Қазақстанға келу үшін виза жағынан көмектесетін едік. Қазір қалай екенін білмеймін, бірақ бұрын бұл ұйым сондай ресми тұрғыда пәрменді болған жоқ. Көші-қон мәселесінде көңілге қаяу түсіретін бір жайт – қандастардың атажұрты өз елінде құжаттарын ала алмай қаңғып жүруі. Жақында ғана Ауғанстаннан барған бір таныстарым 4 жыл бойы азаматтық ала алмай қиналып жүргенін айтты. Ал «Отандастар қоры» – енді ашылған жаңа ұйым. Қаржылық мүмкіндіктері бар. Олармен бірге Еуропада іс-шаралар атқарамыз деп жатырмыз. Нәтижесін алда көреміз. Өзім Еуропа қазақтар қауымдастығында ба­шының орынбасары қызметіне дейін жұмыстар атқардым. Сонда Қазақстандағы жоғарыда аты аталған қоғамдық ұйымдар­мен жұмыс істеу өте қиын екенін көрдім. Көбі Еуропадағы қазақтардың жағдайы үшін емес, Еуропаны көріп қыдырып қайтқысы келеді. Қазаққа жаны ашып жұмыс істейін азаматтар аз екені қынжылтады. Сосын Қазақстандағы ұйымдар 15 күн қалғанда бір іс- шараларына шақырады. Мысалы, қазақ балаларын лагерьге шақырды. Ал Еуропада адамдар бір жылға жоспар жасап қояды. Қазақстандағы ұйымдар асығыс, аяқасты шешім шығарады да, бір шараны тез-тез өткізіп тастағысы келеді. Бұл бізбен сәйкеспейді. Көп игі іс-шаралардан қалып қоямыз.
  • Шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдары жайлы айтсақ, Еуропада бұл жағы кемшін. Ал атажұрттағы БАҚ-пен байланыс бар. Қазір интернет заманы. Бірақ сол ақпаратты тұтынатын жастар азайып бара жатқаны алаңдатады. Бұл – зерттеуді және «Отандастар қорының» қолдауын қажет ететін ең маңызды сала.
  • Өзім туралы қысқаша айта кетейін. Мен 1972 жылы Ауғанстанда дүниеге келдім. Мектепті енді бастап жатқан кезде соғыс басталып кетті де, 8 жасымда Иранға өттім. Ол жерде де жағдайымыз қиын болды. Бала болсақ та жұмысқа жегілдік. Содан кейін 15 жасымда босқын болып Данияға келдік. Ираннан Данияға квота арқылы бардық. Барлық шығынды Дания мемлекеті көтерді. Дат тілін үйреніп, мектепке дайындалдым. 18 жасымда даниялық балалар 9 жыл оқыған білімді мен бір жылда игердім. Емтихандарынан да өттім. Одан кейін Данияның бір жобасымен атажұртқа Аралға келдім. Сол жердегі балық шаруашылығына қызметке келген болатынмын. Сонда жүріп қазақстандық қызбен таныстым. Ол студент болатын. Сонымен, мен екі жыл Қазақстанда қалдым. Маған Қазақстан ұнады. Одан қайта Данияға келіп университетте экономика мамандығы бойынша оқыдым. Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Данияда ірі компанияларда қызмет атқардым. Қазір де жақсы қызметтемін. Ал елге көшуге келсек, бізде қорқыныш бар. Қазақстанда кәсіппен айналысуға әлі мүмкіндіктер аз сияқты. Мысалы, менің еуропалық тәжірибемді ол жақта қажет ете ме? Жұмысқа орналасу, өмір сүру деңгейі және онда барғанда отбасылық жағдай қалай болады, осының бәрі мені алаңтады. Бұл ретте адам біраз шынайы болуы керек.

Шәмелхан БҰҚАТХАНҰЛЫ, мал шаруашылық маманы, кәсіпкер: 

Шетелдердегі қазақ диаспорасына қатысты саясат әлі де жетілуі керек 

  •  Мені атамекенмен байланыстыратын бір нәрсе – ол бабаларымыздың жатқан жері. Шығыс Қазақстан облысы Шар өзенінің бойында сегізінші атам Шақабай батыр Есентайұлының сүйегі жатыр. Сонымен қатар мен қазақ боп туғандықтан қазақ елінде өмір сүріп, өсіп-өнуім және сол елдің өркендеуіне өз үлесімді қосуым керек деген сезім байланыстырып тұрды.
  • Атажұрттағы ағайындар мен шетелдегі қандастар мемлекеттік деңгейде және руханият пен мәдениет саласы бойынша тығыз қарым-қатынас орнату үшін ел саясаты қолдау білдірсе және тиісті заң шығарылса ғана нәтижелі іс жүреді деп ойлаймын. Екі жақ ортақ келісімге келіп, мәдени қарым-қатынас және өзара рухани ықпалдастық арқылы екі елдің заң шеңберінде ынтымақ пен достықты дәріптей отырып, білім саласы бойынша жастарды көбірек тарту қажет. Сонымен қатар шетелдегі ақпарат құралдарына қолдау жасау, кітап шығару секілді нақты қадамдар жасалса. Ал шетелдегі қазақтар Қазақстанды дәріптейтін кино және ақпарат құралдарына көбірек көңіл бөлуі керек сияқты. Еларалық барыс-келістің жолдары жеңілдеуі қажет. Мұның Қазақстан үшін де тиімді жақтары мол.
  • Мен келгелі бір жарым жылдан асып барады. «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қалай жұмыс істеп жатқанынан хабарсызбын. Соған қарағанда әлі де нақты әрі маңызды істер атқарылмай жатқан шығар. Ал көші-қон саласы бойынша азаматтық алудың жолдары жеңілдеді деп естідім. Қазір 3 айда азаматтық алуға болатын көрінеді. Бұл да ілгерілеудің басы деп ойлаймын. Президенттің Қытайда шыққан дипломатия жайлы кітабын оқып шықтым. Менің пайымдауымша, президентіміз дипломатиялық жолдармен шетелдегі қазақ диаспора саясатын әлі де жетілдіре түседі деп ойлаймын. Шетелден қандастар көшіп келген соң Дү­ниежүзі қазақтарының қауымдастығы немесе «Отандастар қорына» мамандығы бойынша тіркелсе, олар жұмыспен қамту орталығы арқылы мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына ықпалын тигізсе, бұрынғы мамандығына қарай қызмет берілсе, жұмыссыздық мәселесі шешілер еді. Басқа елдерден келген ағайынды білмеймін, Қытайдан келгендердің көбі егінші-малшы. Оларға жер берсе, қалған мәселе олар үшін қиындық тудырмайды. Мысалы, мен 20 жыл ауыл шаруашылығын басқару саласында істедім. Жолдасым – мұғалім. Бірақ келгелі бері әлі жұмыс таба алмадық. Дипломды Білім министрлігіне апарсақ, олар Сыртқы істер министрлігіне сілтейді. Олар бұл мәселені біз білмейміз дейді. Қазір шыны керек, тіршілік ету үшін алаңдай бастадық.
  • Қытайдағы «Жібек жолы» деген интернет порталда, қытай тілінде Қазақстан туралы ақпарат беріп тұратынын көрдім. Ал Қытайдағы қазақтармен ақпараттық байланыс қай деңгейде екенін білмедім. Мұны арнайы зерттейтін мамандар немесе жалпы шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдарын зерттейтін бір орталық қажет. Сол арқылы зерттеп, біліп отыруға болар еді.2018 жылы жолдасым екеуміз 20 жылдық қызметімізден заңды өтініш беріп, шықтық. Содан кейін Алтай қаласынан біржолата Астанаға көшіп келдім. Келген соң 6 айда азаматтық алдым. Қиналғамыз жоқ. Қазір қалада таксист болып жұмыс істеп, тіршілік етіп жатырмын. Жолдасым үйде, екеуміз де әлі қызметке орналаса алмадық. Атажұрттың топырағын басып жүргеніме тәуба деймін.

Қарлығаш ЖАҚСЫБАЕВА, мұғалім:

Оралманды "қандас" деудің өзі үлкен бұрылыс болды 

  • Тағдырдың тәлкегіне ұшырап жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен қандас қазақ бауырларымыз көп. Олар туған жері мен атамекенін теңдей сүйетін жандар. Олардың арасында мен де бармын. Мен жеке тұлға ретінде атажұртым Қазақстанды сүйемін. Мені Қазақстанмен байланыстырып тұратын ұлы сезім бұл – сағыныш. Туған жер сағынышы. Атамекенді аңсап, осы елдің тілеуін тілеп жүремін. Шетелдегі қандастарымыз бен атажұрттағы қандастар арасындағы рухани қарымқатынас күшейе түсті деп айта аламын. Қарақалпақ еліне Ақтөбе облысынан әнші­лердің келіп концерт беруі достық қатынастың нышаны болды. Ақтөбе қаласының көшпелі мұражайы Нөкіс қаласына келіп көрме ұйымдастырды. Екі ел арасында рухани-мәдени шаралар кең өріс алды. Қарақалпақ Ұлттық университетімен бірге әрқилы ғылыми жобаларға қатысып жатыр. Екі ел бір-бірімен өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен «Абай шығармаларын кең түрде насихаттау бойынша іс-шаралар» орындалды. Осы шаралар еліміздің қазақ халқына достық қатынасының бірі десем де болады.
  • Оралман атауын өзгертіп «қандас» деп атаудың өзі үлкен бір бұрылыс болды. Тәуелсіздік жылдарында көптеген қандас бауырлар елге, атажұртқа оралды. Қандастарымыздың елге оралуы Қазақстан Президентінің көші-қон бойынша жүргізген саясатының нәтижесі деп білемін. «Отандастар қоры» да бұл мәселеде өз септігін тигізді. Алыстағы қазақты қолдау, олардың басты мәселесі болып отыр. Казір «Отан­дастар қоры» көптеген шаралар, байқаулар ұйымдастырып жатыр. Мысалы, Абай ата­мыздың 175 жылдығына орай «Абай әлемі» атты халықаралық байқау ұйымдастырды. Мұнда шетелдегі бауырларымыз қатысты. Осылай жалғаса берсе, нұр үстіне нұр болары анық. Бұл қорға өз ризашылығымды білдіргім келеді.
  •  Біздің Өзбекстанда қазақ тілінде шығып тұрған «Нұрлы жол» газеті бар. Ал Өзбекстан телеарнасында «Дидар» деген бағдарлама, Қарақалпақстан телеарнасында «Алтын аймақ» бағдарламасы, Қарақалпақ радиосында «Атамекен» деген радиохабар бар. БАҚ өкілдері мемлекеттегі қазақ бауырларымыз туралы мағлұматтарды беріп тұрады.
  •  Әрбір адам өз атажұртына оралғысы келеді. Қазақстанда өмір сүрсем деп армандайды. Алла бұйырса, атажұртқа да жетерміз. Туыстарымыз сол жерде. Қоныс аудару ниетім бар. Ал қазіргі Өзбекстан елінде қазақ бауырларыма қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып жатырмын. Оларда атажұртқа деген сүйіспеншілік сезімін ұялата алсам, мақсатыма жеттім деп ойлаймын.

Ұқсас материалдар